Қызылорда қалалық төтенше жағдайлар басқармасы облыс орталығында арнайы оқу-жаттығу өткізді. Жаттығу сценарий бойынша «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің хлор сақтау қоймасында апатты жағдай болды, деп хабарлайды 24.kz телеарнасы.
Салдарынан химиялық ерітінділер нысан сыртына төгіліп, аумақтағы тұрғындар мен іргелес мектептің оқушыларына радиациялық қауіп төнді. Төтенше жағдай қызметі дереу білім беру мекемесіндегілерді қауіпсіз жерге көшіруге кірісті. Құтқарушылар мен мектеп ұжымы бірлесе қимылдап, 15 минутта оқушыларды химиялық сілті жайылған атмосфералық ортадан оқшаулап үлгерді. Жоғарғы қабатта қалып қойғандар автосаты арқылы сыртқа шығарылды. Құтқару барысында қала мектептерінде жеке қорғаныс құралдарының жетіспейтіні мәлім болды. – Мектептің техникалық жабдықтары төтенше жағдай кезінде автоматты өрт сөндіру қондырғыларының жарамды күйдегі жағдайы, алғашқы өрт сөндіру құралдарының жарамдылық мерзімі тексерілді. Қала әкімінің бекітілген жоспарына сәйкес мұндай шара белгіленген мерзімде әр орта мектеп, білім беру мекемелерінде ұйымдастырылып жатыр,– дейді қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Бейбітхан Спанов.