АУДАННЫҢ ӘЛЕУЕТІ АРТЫП, КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛДЕНЕ ТҮСТІ

Сырдария ауданы әкімі Ғ.Қазантаев есепті кездесуінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндама жасап, алдағы міндеттерді саралады. 
Есеп беру кездесуіне облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы А.Мұхимов, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Ә.Әбдіқайымова, облыстық қаржы басқармасының басшысы Т.Жақыпбаев, облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қ.Нұрманов, ауданның атқарушы билік өкілдері, мекеме, кәсіпорын басшылары, еңбек ардагерлері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және тұрғындар қатысты. Жиынды аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов ашып, жүргізіп отырды.
Былтырғы жыл еліміз үшін жаңалықтарға толы жыл болды. «ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесі айтарлықтай табыс әкелді. Көрмеге ауданнан 2000-нан астам адам барғаны мәлім. Мұнда аудан халқы көрме қызықтарын тамашалап,ерекше әсер алды. Елдің дамуына айрықша мән берген Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты тақырыбындағы Қазақстан халқына Жолдауы алдағы мақсат-міндеттерді айқындап берді. Аудан әкімі Ғ.Қонысбекұлы өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарымен халықты таныстырды. Өткен жыл барысында 191 жаңа жұмыс орындары ашылып,550 адам жұмысқа орналасқан. Оның ішінде қайта даярлау курстарын оқып,өз нәпақасын тауып отырғандары қаншама. Білім беру, денсаулық, спорт, мәдениет салаларында жетістіктер арта түскен. 231 адам «Даму» бағдарламасымен шағын және орта кәсіпкерлікке оқытылып,кәсіппен айналысу да біршама ілгерілеген.Соның ішінде мал бордақылау,агроөнеркәсіпті дамыту, т.б кәсіп түрлерін дөңгелетіп отырған жайлары бар.Көркейту-көгалдандыру,абаттандыру жұмыстары да тиісінше нәтижесін берді.
Үстіміздегі жылы 3 қабатты бірнеше тұрғын үй салынып,84 пәтер пайдалануға беріледі. Бұл-дегеніміз ауданымыздың үлкеюіне, көркеюіне өз үлесін қоспақ.Онымен қоса үкіметтен 1 млрд. теңге көгілдір отынмен қамтамасыз етуге бөлінеді деп күтілуде.Барлық салада ілгерілеушілік бар. Алдағы жылы да осындай жұмыстар өз жалғасын таппақ. Мұнан соң кезек жарыс сөздерге берілді.
Жарылқасын Камалов, Жетікөл ауылдық: - Осыдан 3-4 жыл бұрынғы Жетікөлді қазіргі кезбен салыстырсаңыз, біздің елді мекенде көп өзгеріс бар. Кезінде шаруасы тұралап қалған ауылдың тамырына қан жүгірді. Аудан әкімі ауылға инвестор әкеліп, ауыл халқының егінмен айналысуына жағдай жасады. Канал қазылып, тұрғындар бақшасын егіп, мол өнім алды. Ауылда кәсіпкерлікке бетбұрыс жасалды. Өзіміздің шағын шаштаразымыз, аяқ-киім жөндеу шеберханасы т.б бар. Жалпы осындай оң өзгерістер ел-халықтың еңсесін көтерді. Ауыл тұрғындарының атынан алғыс айтамын.
Аудан әкімі: - Ауданға басшылыққа келген күннен бастап менің назарым үш ауылды Жетікөл, Аманкелді, Айдарлының жағдайын жақсартуға бағытталды. Шын мәнінде ешқандай тіршілігі қалмаған ауылда қазір бәрі бар. Халықты жұмыспен қамту үшін кәсіпкерлікті қолдау жалғасатын болады. Айдарлы ауылына былтыр 300 гектар жерге жүгері егіп, 3 жаңа комбайн алынды. Осындай жаңалықтары бар ауылда жағдай мұнан әрі де жұмыстар жалғаса береді.
Хайролла Әбенұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: Елбасы биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыру үшін жыл сайын осындай есепті жиын өткізуге тапсырма берді. Өткен жылы ауданда қыруар жұмыс атқарылды. Биылғы жыл да ерекше жыл болмақ. Астанаға 20 жыл, Қызылорда қаласына 200 жыл, ауданға 90 жыл. Елбасы өзінің рухани жаңғыру мақаласында туған жер тарихын білмеу ұлт болашағының бұлыңғырлығына әкеледі деген болатын. Біз ауданның 90 жылдығын былтырдан бастап қолға алдық. Әкімдіктің ұйымдастыруымен «Еңбек даңқы» музейі ашылды. Ендігі ұсынысым осындай жұмыс әрбір ауылда жүргізілсе, музей болмағанымен арнайы зал мәдениет ошақтарының бір бүйірінен ашылса келер ұрпақ тарихты біліп өсетін болады. Екінші ұсынысым, ауданда үкіметтік емес ұйым жұмыстары жақсы жолға қойылған. Ауылдық округтерде бұл жұмыс қалай жүргізіледі оны біз білмейміз. Сондықтан ауыл әкімдері өз қадағалауларына алып, бірлесіп жұмыс жүргізсе.
Ауданның барлық ардагерлері ескерусіз қалмауы тиіс қағидасы бойынша ауыл әкімдерінің есепті баяндамасымен баспасөз бетінен таныстым. Сонда байқағаным Айдарлы, С.Сейфуллин, А.Тоқмағанбетов ауылының әкімдері қанша зейнеткер, Батыр ана, мүгедек жан бар екенін айтқан, қалған әкімдер бұл жайлы мәлімет бермеген. Негізінен бұл мәселе айтылуы тиіс деп ойлаймын.
Аудан әкімі: - Аудан орталығында ашқан музейді 3 жыл жоспарладық. Бұл келер ұрпақ үшін қажет дүние болғандықтан, қаржысы шешіліп, іске асты. Осындай музейді Шағаннан ашу жоспарда бар. Шаруашылық төрағасы Б.Қадіров қолдады, ол үшін рақмет айтамыз. Алдағы уақытта ауыл әкімдерінің басын біріктіріп, «Достық» үйімен таныстыруды тапсырамын. Ондағы жұмысты көріп, өз ауылдарында ұйымдастыру керек әрбір әкім.
Сламбек Қаюпов, №44 орта мектеп директоры, аудандық мәслихат депутаты:
- Көптің көңілінен шыққан жұмыстың есебін тыңдадық. Аудан басшылығы әсіресе, білім саласына оң көзқараспен қарап, әрдайым қолдау көрсетуде. Былтырғы жылдың өзінде «Жалын» тынығу лагерінде ҰБТ-ға дайындық шаралары ұйымдастырылудың нәтижесінде мемлекетттік грант алуда облыста бірінші орынға шықтық.
Қанатбек Әбілқасымов, Шіркейлі ауылының еңбек ардагері ел қамын ойлап, күн-түн мемлекеттің баянды келешегіне алаңдап, әрбір қазақтың мұң-мұқтажын ескеріп жүрген Елбасына шынайы ризашылығы ретінде өзінің арнау өлеңін оқыды.
Халық жиынының қорытынды сөзін алған облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов мәртебелі жиынға, аудан әкімінің жылдық есебіне, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жаңа жұмыс орындарын ашу, салықтық базаны ұлғайту, саяси ахуалды тұрақтандыру мәселесінде аудан алдыңғы орында тұрғанын тілге тиек етті. Ал, аудан орталығынан ашылған жаңа «Еңбек даңқы» музейінің ұйымдастырылуымен, республика қолдап, үлгі болған қоғамдық кеңес жұмысы өзгелерге үлгі боларлық орынды дүниелер. Ауызбірлігі жарасқан Сырдария халқына баянды болашақ, нәтижелі де өнегелі өмір тілеген Н.Байқадамов аудан халқына:
- Көңіл толып,көз тоятын жетістіктер бар. Үлгілі ауданның табысы, абыройы арта берсін, - деді.
Жиын соңында аудан әкімі Ғ.Қазантаев аудан тұрғындарын жаңа жылмен құттықтап, әрбір отбасына аманшылық тіледі.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 қаңтар 2018 г. 598 0