Елбасы Премьер-министрдің орынбасарын қабылдады

Асқар Жұмағалиев Қазақстан Президентіне "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасының орындалуынан күтілетін нәтижелер жөнінде мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуде Мемлекет басшысына "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы және бұған дейін берілген тапсырмаларды орындау үшін атқарылған шаралар жөнінде баяндалды.

"Цифрландырудың арқасында Қазақстан экономикасы 30 пайызға өсуі керек, ол ақшаға шаққанда 2 триллион теңгеден асады", - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда жинақталған тәжірибе мен құзыреттілікті сақтау үшін цифрландыру саласындағы мемлекеттік тапсырыстарды жүзеге асыру мәселелерін саралауға отандық бизнестің қатысуы қажет екенін атап өтті.

"Цифрландыру бағдарламасы бекітілді. Мемлекет оған аз ақша бөліп отырған жоқ, сондықтан олардың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету керек", – деді Мемлекет басшысы.

Асқар Жұмағалиев Қазақстан Президентіне "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасының орындалуынан күтілетін нәтижелер жөнінде мәлімдеді. 

"Цифрландыруды енгізудің арқасында өндіруші өнеркәсіпте өнімнің өзіндік құны төмендеп,  өндіріс көлемі ұлғаяды. Сондай-ақ, электронды коммерция саласында 200 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп отырмыз. Біздің есебіміз бойынша, тек кеден және салық қызметтерін цифрландыру нәтижесінде мемлекет қазынасына 100 миллиард теңгеден астам қаржы түседі", – деді Премьер-министрдің орынбасары.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев "Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі" атты халықаралық форумды өткізуге дайындық жөніндегі есепті тыңдап, бірқатар нақты тапсырма берді.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 қаңтар 2018 г. 498 0