Жалағаш: АУДАН АЛҒАН АСУЫНАН ТӨМЕНДЕМЕЙДІ

Елбасының Жарлығына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдердің ел алдындағы есеп беру жиындары өтіп жатқаны белгілі. Осы мақсатта Жалағаш ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаев тұрғындармен кездесіп, өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер төңірегінде баяндады.
Есеп беру жиынына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және облыстық басқарма, департамент басшылары, облыстық мәслихат депутаттары қатысты.
Аудан әкімі Қайратбек Әубәкірұлы өткен жылы Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының аясында ауданда тарихи тұлғалар есімдерін қайта жаңғыртып, болашақ ұрпақ санасына сіңіруге бағытталған бірқатар маңызды шаралар атқарылғанын атап өтті. Алдағы уақытта да адал еңбегімен абыройға бөленген тарихи тұлғаларды ұр-пақ алдында ұлықтау шаралары жалғаса беретінін айтты.
Баяндамадан бағамдасақ, ауданда есепті кезеңге өнеркәсіп өнімдерін өндіру 8,7 процентке артып, 4,1 млрд теңгені құраған. Бұл бағытта «АгроХолдингБайқоңыр» ЖШС 2017 жылы облыстың 47 шаруашылық құрылымдарымен 1745,3 млн теңгеге келісімшартқа отырып, нәтижелі жұмыс атқарған.
Ауданның негізгі тіршілік тынысы – ауыл шаруашылығы. Осы тұрғыда өткен жылы 13896 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген. Барлығы 35458 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған бол-са, негізгі күріш дақылы 22475 гектарға егіліп, одан 124286 тонна өнім алынған.
Атап айту керек, «Магро» фермер қожалығы 100 гектар қауын, 5 гектар көкөніс дақылдарын егіп, алынған өнімдерінің басым бөлігін Ресей Федерациясына экспорттап, сол секілді Астана, Ақтөбе қалалары және облыс аумағының тұрғындарына сатуды үйлестірді.
Мал шаруашылығын дамыту маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта аудандағы шаруа қожалықтары мемлекет ұсынған бағдарламаларды тиімді пайдалануда. Айталық, аудан бойынша 77 шаруашылық тікелей мал шаруашылығымен айналысуда. Оның 64-і «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларына қатысып, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді пайдаланып отыр. Өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасымен аудан бойынша 6 шаруашылық 29,5 млн теңге, «Құлан» бағдарламасы бойынша 3 шаруашылық 27,5 млн теңге несие алып, мал шаруашылығын дамытуда. «Бақдаулет-57» ШҚ ет бағытындағы «қазақтың ақбас» асылтұқымды шаруашылық статусын алды. Аталған шаруашылықтар 65 млн теңге көлемінде субсидия алып, кәсіптерінің нәсібін көріп отыр.
Бүгінгі уақыттың басты талабы – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту.
Сала жұмысын сараласақ, өткен жылы кәсіпкерлік саласында 1131 млн теңгенің өнімдері өндіріліп, бюджетке 103 млн теңге салық түсті. Бұл жалпы салық түсімінің 8,7 процентін құрады. Бүгінгі таңда 2373 шағын кәсіпкерлік субъекті тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 208 субъектіге артқан.
Бұл салада 8482 адам жұмыс жасайды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жұмыс істейтін адамдар саны 500-ге өскен.
Айта кетейік, 2015 жылы ауданда кіші кәсіпкерліктің баяу дамуын ескере отырып, облыс әкімінің қолдауымен «Жалағаш ауданының экономика салаларын дамытудың 2015-2017 жылдарға арналған Жол картасы» бекітілген. Аталған жол картасы бойынша 3 млрд 710 млн теңгенің 32 жобасын іске асырып, 603 жұмыс орнын ашу жоспарланған болатын.
Бүгінгі таңда осы 32 жобаның 30-ы іске қосылып, 3 млрд 223 млн теңгенің жұмыстары атқарылған болса, осы жобалар арқылы 569 жұмыс орны ашылған.
Жалпы ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе дамыту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар аясында 2017 жылы жалпы құны 1 млрд 408,4 млн теңгені құрайтын 174 жоба қаржыландырылған.
Алдағы жылы ауданда атқарылатын жұмыстар жайлы айтар болсақ, үш ауылдық округтің ауызсу мәселесі шешімін тауып, он көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. М.Шәменов ауылындағы №34 орта мектептің құрылысы басталып, жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Сол секілді Жалағаш кентінде және Мәдениет ауылында спорт кешенін салу бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Аудан тұрғындарының көптен күткен мәселесі – ауданды көгілдір отынмен қамтамасыз етудің жайы болатын. Аудан әкімінің айтуынша, биылғы жылы облыстық бюджеттен бөлінген 132 млн теңгеге магистральдық желілер мен Жалағаш кентішілік желілер құрылысын жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттар әзірленетін болады.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аудан әкімінің тұрғындар алдындағы есеп беру жиынында талқыға түскен мәселелерді таразылай келе, елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылық, әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуы – түптеп келгенде, еңбекке қабілетті азаматтардың тұрақты жұмыспен қамтылуына тікелей байланысты екенін атап өтті. Ал дәл қазіргі нарықтық қоғамда ең жоғары сұранысқа ие болып отырған жұмыс көзі – кәсіпкерлік. Сондықтан аймақ басшысы алдағы жылды «Облыста жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» деп жариялап, бұл бағытта 32 млрд теңге қаржы бөлу қарастырылып отырғанын айтты. Жалағаш ауданының халқы да осы бастамаға белсенді атсалысуы қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ, аудан тұрғындарын көптен толғандырып жүрген мәселенің бірі – орталық аурухана жайы болатын. Аймақ басшысы аудандық аурухана ғимаратының жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін 32 млн теңге қаржы бөлінгенін, демек, алдағы жылдары республикалық бюджет есебінен жаңа аурухана ғимараты салынатынын айтты.
Соңғы 40-50 жыл көлемінде жөндеу көрмеген электр желісінің мәселесі де тұрғындардың титығына жеткен еді. Облыс әкімі бұл мәселені шешуге де облыс бюджетінен тиісті қаржы бөлініп, кезең-кезеңімен шешімін табатынын айтты. Ал аудан тұрғындары алдағы жылы іске асырылады деп күтіп жүрген газдандыру жобасы биылғы жылы қолға алынатыны белгілі болды.
Міне, осылайша жыл бойы атқарылған жұмыстар жүйеленіп, алдағы міндеттер айқындалды.

Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы».
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 қаңтар 2018 г. 992 0