Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы кеңестің бірлескен отырысы өтті. Онда аймақтағы жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған бірқатар мәселелер қаралды.
Кеңес отырысына «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Э.Жұмағазиев, «Қазақтелеком» АҚ қаржы директоры Л.Ганими, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихат пен қоғамдық кеңес өкілдері, «Нұр Отан» партия-сының белсенділері, облыстық мекемелер мен бизнес құрылымдардың басшылары және кәсіпкерлер қатысты.
Жиынның алғысөзінде аймақ басшысы Елбасы Жолдауында көрсетілген негізгі міндеттерді атап өтті.
– Ұлт Көшбасшысы ел экономикасын нығайтып, оны ары қарай дамыта түсу үшін цифрландыруға ерекше мән беріп отыр. Қазір әлем көз алдымызда өзгеруде. Цифрландыру еліміздегі кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, халықтың өмір сапасын жақсарту үшін қажет, – деді облыс басшысы. Сондай-ақ, «Ақылды үй», «Ақыл-ды қала», «Ақылды ел» бойынша цифрлық қызметтер жүйеленген Сингапурды мысалға келтірді.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Е.Ким хабарлама жасап, биылғы жылға әзірленген кәсіпкерлікті дамытудың жол картасымен таныстырды. «Осы жылдың 1 қаңтарындағы статистикалық мәліметтерге сәйкес, аймақта 49991 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім 5,7 процентті құрады. Облыста жұмыс жасап тұрған ШОБ субъектісі өткен жылмен салыстырғанда 5,2 процентке өскен немесе 37450 бірлікке артқан. 2017 жылдың 9 айында ШОБ-та 85801 адам жұмыспен қамтылған» – деді ол.
Жалпы, жыл басында өңірдегі жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша берілген тапсырмаларды орындау мақсатында жол картасы әзірленді. Оны дайындау барысында аймақтағы депутаттармен және кәсіпкерлермен 5 рет кездесу өткізілген. Нәтижесінде, кәсіпкерлікті дамытуға негізделген барлық ұсыныстар мен бизнес өкілдерінің пікірлері ескерілді. Оған жалпы бюджеті 32 млрд 86 млн теңгені құрайтын қаржы және кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға арналған шешуші бағдарламалар қосылған. Бұл – «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы», «Бизнестің жол картасы-2020», «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы», сондай-ақ, «Байқоңыр» ӘКК базасындағы ШОБ-ты қолдауға арналған шаралар. Жалпы, бұл жол картасы 12 бөлімнен, 65 пункттен тұрады. Оның негізгі міндетіне кәсіпкерді дайындау, оқыту, оған қаржылық көмек көрсету, өндірілген өнімді өткізуді ұйымдастыру, экономика саласы бойынша жобаларды әзірлеу, аймақтық ынтымақтастықты нығайту, сауданы дамыту сынды басқа да мәселелер жатады.
Мемлекет басшысы елімізді қазіргіден де әлеуетті, халықтың жағдайын бұдан да жақсы ету үшін мақсатымыз бен бағытымызды айқындап берді. Ендігі меже – жұдырықтай жұмылып, ынтымақ пен бірлікте еңбек етіп, дамыған отыздықтың қатарына ену.
Осы негізде баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Е.Кимнің алдағы уақытта жүзеге асыруға бағытталған жоспар мен нысанаға алған мысалы қатысушылар көңілінен шықты. Ол үйректі балапан күйінде алып, одан қалай пайда табуға болатынын айтты. Егер 800 мың теңге жұмсап, 1000 үйрек балапанын 60 күн бақса, одан 3 тонна үйрек етін алуға мүмкіндік бар. Нарықтық бағада оның 1 келісі 800 теңге тұрады. Яғни, 2 айда 2 млн 400 мың теңге пайдаға кенелесің. Бір айта кетерлігі, бұл жобаны «Орда» шаруа қожалығымен бірге жүзеге асыруға болады.
Келесі жаңалық аймақтағы шағын және орта бизнестің үлесін арттыру болды. Оның бірнеше бағыты қарастырылған. Ең маңыздысы, барлығы бірдей кәсіпкерлікті дамытудың жол картасына енгізілген. Атап айтар болсақ, ШОБ субъектісінің санын 40 мыңға дейін және осы сала бойынша жұмыс орындарын 90 мыңға дейін жеткізу. Көңілге қонымды дүниелердің қатарына шағын кәсіпкерлікке арналған 100 сауда нүктесін де қосуға болады. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистралінің бойында сервистік қызмет көрсететін нысандарда сауда нүктелерін ашу көзделген. Биыл Израиль, Иран, Польша, Венгрия, Германия, Канада, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдерге ресми сапарлар ұйымдастыру да назарда тұр. Өңірде кәсіпкерлерді оқыту мен дайындауға да ерекше мән берілген. Биыл «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы 1600, «Бизнес-Кеңесші» жобасы бойынша 800 адамды оқыту жоспарланған. Ынтымақтастық бойынша Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Ақтөбе облыстарымен байланысты нығайту көзделген. Сондай-ақ, басқа да аймақтармен жұмыс жасау негізгі мақсаттың бірі ретінде қарастырылған.
Мұнан кейін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Э.Жұмағазиевке сөз берілді. Ол ауылды жерде кәсіпкерлікті дамыту мәселесін көтеріп, кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жайына тоқталды.
Осы тұста аймақ басшысы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірдегі бизнес ахуалды оңтайландыруда сенімді серіктес екенін атап өтті. Ал, «Қазақтелеком» АҚ қаржы директоры Л.Ганими «Бизнеске арналған ашық цифрлық алаң» тақырыбында баяндама жасады. Ол кәсіпкердің алдынан қандай қиындық кездесуі мүмкін, оны жою үшін не істеу қажет деген мәселе көтеріп, «Қазақтелекомның» тиімді ұсыныстарын алға тартты. Оның сөзіне байланысты облыс басшысы «Ашық цифрлық алаң» жобасын жіті меңгеру қажеттігін қаперге салды.
Сонымен бірге, облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов, облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы А.Маханбетов, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Б.Досманбетов, Жаңақорған ауданының әкімі Ғ.Әміреев сөз алып, аймақтағы кәсіпкерлік саласында атқарылып жатқан жұмыстарды саралап өтті.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Қ.Көшербаев өңірде кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасалғанын айтып, көпшілікті бұл бағытта жұмыла жұмыс жасауға шақырды.
Әзиз БАТЫРБЕКОВ,
«Сыр бойы».
Бағдат ЕСЖАНОВ (сурет).