КӨЛІК ЛОГИСТИКАСЫ – ЭКОНОМИКАНЫҢ КҮРЕТАМЫРЫ

«Халық айтса, қалт айтпайды» деген қанатты сөз бар. Соңғы жылдары Қызылорда қаласының жаңа қарқынмен дамып, екі ғасырлық тарихында ерекше кейіпке енген қазіргі келбетін өзіміз ғана емес, өзгелер де таңырқай сөз етіп жүр. Әсіресе, соңғы төрт-бес жылдағы өзгеріс табанды еңбектің тамаша нәтижелерін айшықтап тұр.
Әрине, мұндай жаңаруға, жасаруға бетбұрыс қаланың ғана қарымында емес, облыстың әрбір ауданы, тіпті, әрбір ауылында байқалады. Ал осы тіршіліктің бәріне жан бітіріп, сән келтіретін маңызды жүйе – көлік-логистика саласы.
Бұл – экономиканың барлық буынын байланыстыратын, ел мен елді жалғастырып, алысты жақын ететін, берекені бірлікке ұластыратын аса маңызды сала. Көлік логистикасы экономиканың күретамыры саналатын болғандықтан, бұл саланы дамытуға әркез баса көңіл бөлінуде. Қайтарымы бар салаға қаржы да үздіксіз құйылып келеді. Нәтижесі көз алдымызда.
Бізбен әңгімесінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Әбдіқалықов мынадай мәліметтер келтірді.
Жергілікті автомобиль жолдарын дамытуға 2013-2017 жылдар аралығында 47,7 млрд теңге бөлінген. Осы қаржыға 1322 шақырым автомобиль жолдары мен елді мекен көшелеріне құрылыс, қайта жаңарту, күрделі және орташа жөндеу жүргізілді.
Сондай-ақ, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың қанағаттанарлық жағдайы 2013 жылғы 54 проценттен 2017 жылы 63 процентке жетті.
Сонымен қатар, осы мерзім аралығында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 10 көпір жөнделді. Сырдария өзені арқылы 2 көпір (Қызылорда қаласында және Сырдария ауданында) салынып, пайдалануға берілсе, өткен жылы Қазалы ауданының “Әлсейіт” учаскесінде көпір құрылысы басталды. Бұл көпірлердің маңыздылығын айтып түсіндіру бөлек бір мақалаға жүк болар. Аудандардағы елді мекен тұрғындары үшін жол қатынасы, көпір мәселесі – еӊ үлкен өмірлік қажеттіліктердіӊ бірі.
Аудан тұрғындарыныӊ 90 проценттен астамы Сырдария өзенін жағалай қоныс тепкендіктен, көпірдіӊ маӊыздылығы өте зор. Оныӊ үстіне осы өзен үстімен өтетін қалқымалы көпірдіӊ күйі арғы-бергі беттегі ағайынды бірдей алаӊдатып, көктемгі, күзгі сеӊ жүру кезеӊдерінде әбден әбіржітіп келді. Енді күрмеудің кілті табылғандай болды.
Ал Қызылорда қаласындағы көпір Сырдария өзенінің сол жақ жағалауын игеруге, жаңа қала құрылысын бастауға мүмкіндік берді. Жалпы, көпір құрылысы көп қаржыны талап етеді. Бұл ретте, респубикалық бюджетке арқа сүйеуге тура келеді. Бүкіләлемдік экономикалық қаржы дағдарысының салқыны әлі де сақталып тұрған кезде орталықтан қаржы бөлдірту қиынның қиыны болса, облыс басшылығы бұл мәселеде табандылық танытып, істі ілгері бастырудың жолын тауып келеді.
Кейінгі жылдары облыс орталығында Жібек жолы, Астана, Әл-Фараби даңғылдары, Торайғыров, М.Шоқай, Саламатов секілді көптеген көшелер мен «Қорқыт ата» әуежайына баратын трасса кеңейтіліп, көлік қозғалысына көп жеңілдік әкелді. Бұл жөндеу жұмыстары қалаға жаңа сәулет беріп, ажарын аша түсті. Әсіресе, бұл өзгерістерге жүргізушілер риза. Көшелерге жөндеу басталардың алдында облыс басшысының көше астынан өтетін инфрақұрылымдық желілерді де жаңартып алу жөнінде тапсырма бергеніне талай рет куә болдық. Көшеге жөндеу жүргізілгеннен кейін оның астындағы құбырлардан кемі 10-15 жылға дейін проблема шықпауы тиіс. Ал жоғарыда аталған көшелерге арнайы қосымшалары бар бірнеше қабат асфальт төселіп, сапалы жөнделді. Олар ауыр салмақты көтереді және суыққа да төзімді. Осы жұмыстарды атқарған жергілікті компания мамандарының шеберліктері арта түсуде.
Сөз жоқ, қалада жол жөндеу жұмыстары ең маңызды жобалардың біріне айналған. Соңғы 4 жылда Қызылорда қаласында жол құрылысын дамытуға 23 млрд теңгеден астам қаржы тартылып, 500 шақырымнан астам жолдар орташа, күрделі жөндеуден және қайта жаңғыртудан өтті. Оның ішінде, қаланың шет аймақтарынан 37 көше жөнделді. 1 млрд 550 млн теңгеге ұзындығы 150 шақырымды құрайтын 39 көшеге жаяу жүргіншілер жолдары салынып, 1 млрд 357 млн теңгеге ұзындығы 144 шақырымдық 94 көшеге жарық бағаналары орнатылған.
Ал қызылордалықтарды қуантқан тағы бір жаңалық, қала көшелерінде үлкен сыйымдылықтағы заманауи жаңа автобустардың жүре бастауы. 2014-2016 жылдар аралығында үлкен сыйымдылықтағы 112 автобус алынып, қаланың орталық маршруттарында жолаушыларға қызмет көрсетуде. Қала тұрғындарының қоғамдық көлікке деген сұранысын қанағаттандыру және қаладағы көлік қатынасын дамыту мақсатында жалпы аумағы 5 гектар жерді құрайтын сыйымдылығы 200 заманауи автобустарға арналған жаңа үлгідегі автобус паркі пайдалануға берілді.
2016 жылы «УАД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен қаламызға оңтүстік және батыстан кіретін күрежолдардың кіреберісіне зәулім де әсем қақпалар салынды. Өткен жылдың аяғында әуежайдың қалаға кіреберіс бағытында тағы бір осындай қақпа бой көтерді. Ұлттық нақышта салынған бұл қақпалар әртүрлі ою-өрнектермен бедерленіп, түнгі жарық шамдармен безендірілген.
Басқарма басшысы келтірген көрсеткіштерге тағы да көз жүгіртейік. 2013 жылы облыста 251,3 млн жолаушы тасымалданса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 329,7 млн жолаушыға өсті. Бес жылдағы өсуі 143,1 пайызды құрайды. Ал бес жыл бұрынғы жүк тасымалы 4594,6 млн тонна км болса, бұл көрсеткіш 2017 жылға дейінгі өсімі 286 процентті құрап, 13155,4 млн тонна км-ге жетті. Айтары жоқ, бұл – үлкен жетістік. Кәріқұрлық пен Қытай елін жалғастырған халықаралық көлік дәлізінің 812 шақырымы біздің өңірден өтеді. Осы жолдың бойында сервистік нысандардың көбеюіне баса назар аударылуда.
Теміржол қатынасында 2016 жылы облысаралық «Қызылорда-Жезқазған» пойызы ұйымдастырылып, Арал өңірінің теміржол бойында орналасқан елі мекендері аудан және облыс орталығымен байланыстырылды. 2017 жылы «Қала маңы тасымалы» АҚ-ның екі вагоннан құралған «Қызылорда-Бесарық-Түркістан» жаңа жолаушылар пойызы жолға шықты.
Бір ескере кетерлігі, Қызылорда облысы үстінен алыс та жақын шетелдерге көптеген әуе жолдары өтеді. Халықаралық мәртебесі жоқ, бірақ географиялық жағынан қолайлы жерге орналасқан әуежай өзінің бар мүмкіндігін пайдалана алмай келді. Сөйтіп, әуе кеңістігі бағытындағы жұмысын кеңейте алмады. Соның әсерінен аймақтың тұрғындары мен қонақтары шетелдерге Астана және Алматы әуежайлары арқылы ұшып жүрді. Осы мәселе ә дегеннен күн тәртібіне қойылып, «Қорқыт ата» әуежайына халықаралық мәртебе алып беру бағытындағы жұмыс та басталған болатын. Нәтижесінде 2014 жылдың қазан айында Үкімет қаулысымен «Қорқыт ата» Әуежайы» АҚ Халықаралық мәртебесін иеленді.
Содан бергі кезеңде Қызылорда әуежайы арқылы маусымдық, халықаралық, чартерлік рейстер орындалып келеді. 2013 жылы жергілікті әуежай арқылы аптасына 23 тұрақты рейс орындалып келсе, 2017 жылы бұл көрсеткіш 30 рейске жетті. 2013 жылы 75,9 мың жолаушы жөнелтілсе, 2017 жылы 103,4 мың жолаушы жөнелтілген. Соңғы бес жылдағы өсім 136,2 процентті құрайды.
Бүгінде 150 жолаушыға қызмет көрсететін әуежайдың аэровокзалы заман талабына сай келе қоймайды. Мұнда арнайы автокөлік техникаларына арналған құрылысы аяқталмаған жабық ангар қайта жөнделіп, аэровокзал ретінде пайдаланылып келді. Ал бұл дегеніңіз, халықаралық әуе тасымалын жасауға еш мүмкіндік бермейді. Мұның барлығы айналып келгенде, халықаралық үлгідегі қазіргі заманғы жолаушылар терминалын салу қажеттігін көрсетті. Сондықтан да мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде Қызылорда әуежайының жаңа жолаушылар терминалы құрылысы жобасын жүзеге асыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Сонымен бірге, халықаралық және республикаішілік әуе рейстерін ашу жұмыстары үздіксіз атқарыла бермек.
Биылғы жылғы Елбасының халыққа арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы он басым бағыттың әрқайсысының маңызы өте зор. Осы бағыттардың алтауында экономиканың барлық салаларына, оның ішінде көлік пен логистика саласына ерекше назар аударылғанын байқауға болады.
Басқарма басшысы Ержан Әбдіқалықов Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді, атап айтқанда, көлік ағынын тиімді басқару бағытында облыс әкімі тапсырмасына сай, басқарма Қызылорда қаласы әкімдігімен бірлесіп, қалаішілік бағыттарда электрондық билеттік жүйені енгізу мақсатында зерделеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Сол секілді, облысішілік, ауданаралық маршруттардағы автобус паркін қазіргі заман талаптарына сай жаңа автобустармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғаса бермек.
Өз кезегінде, облыста жергілікті жолдар мен көлік инфрақұрылымын дамытуға жыл сайын қаржыландыру артып келеді. 2018 жылы автомобиль жолдары саласын дамытуға жалпы 7,8 млрд теңге бөлінетін болып отыр, соның 1,4 млрд теңгесі республикалық, 6,3 млрд теңгесі облыстық бюджеттен беріледі. Бұл қаржыға жалпы ұзындығы 140 шақырым автомобиль жолдары мен көшелерді жөндеу (қайта жаңарту, күрделі, орташа) жоспарлануда. Мұның бәрі аймақта жолаушы және жүк тасымалы қызметінің сапасын арттыратын болады.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 қаңтар 2018 г. 814 0