ЖҮРЕК ЖЫРЛАРЫ

«Сарыарқа» газетінің 1917 жылғы 12-санында Мұхтар Әуезовтің «Адамдық негізі – әйел» атты мақаласы жарияланыпты. Ұлы жазушының тырнақалды туындыларының бірінен саналатын бұл мақалада «...әйелдің басындағы тұман айықпай халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе» деген кемел ой толғайды. М.Әуезовтің «әйелдің халін түзе» деген толғамы бүгінде басты құндылыққа айналды.
Иә, елі, қасиетті діні, киелі ата-жұрты, махаббаты, ары мен намысы үшін жанын пида етуге даяр әйелдердің жанқиярлық еңбектерінің арқасында дүние жаңарып, ұрпақ жалғасып келеді. Дегенмен, өмірлік серігіне ғұмыр бойғы адалдық, оны құрметтей білу, күту, сағыну мен аңсау кез келгеннің болмысында кездесе бермейтін қасиет болса керек. Күлбарам апай да өмірімнің мәні адал жарым деп қабылдаған асыл аналарымыздың қатарында.
Өнегелі отбасынан тәлім-тәрбие алған Күлбарам Сәдуақасқызы 1965 жылы Әли Мүсілімұлымен отбасын құрады. Ә.Мүсілімұлының кейін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атанғаны, педагогика ғылымдарының докторы, саналы ғұмырының 40 жылдай мерзімін ағарту саласына, оның 20 жылын аймақтың білім саласын басқаруға арнағаны мәлім.
Халық даналығында «Адамның емес, Алланың айтқаны болады» деген бар. Өлімнің өзі де «біреуге ерте, біреуге кеш» дегендей, зиялы ортадан шығып, көптеген жылдар білім саласында басшылық қызметтер атқарған Әлекең 2004 жылдың 15 мамырында өмірден озды.
«Мен Әлекең сынды асыл азаматпен 39 жыл отасыппын. Бұл жылдар есте қалар жарқын шақтары мол, қуаныш пен ізгілікке, ізденіске және сыйластыққа толы жылдар еді. Әлекең тек өзінің ғана емес, балаларының, менің де ізденуіме, өз мамандығымнан абырой алуыма жағдай жасап отыратын. Мектепте мұғалім болып жүргеннің өзінде «өзіңнің іс-тәжірибеңді республикалық педагогикалық газет-журналдарға жазып жібер» деп тапсырма беріп, артынан өзі қадағалайтын. Жастау кезімде өлең жаздым, бірақ бірыңғай өлеңнің соңына түсе қоймадым. Себебі, әдістемелік құралдар мен мақала жазудан артылмадым. Сонымды байқаған Әлекең «өлеңдеріңді жинақтап кітап етіп шығар» деп кеңес берді. Осылайша «Жүрек жырлары» атты өлең кітабым жарық көрді. Әлекеңнің басшылығымен жұмыс істеп қалыптасып қалған мен университетке қызметке ауысқан соң диссертация қорғап, оқу-әдістемелік құралдар жаза бастадым. Қазір жарық көрген оқу-құралдарымның саны жиырмаға, ал мақалаларымның жалпы саны 120-ға жетті. Мұның бәрі Әлекеңнің қамқорлығы», – дейді апай ағынан жарылып.
Өмірінің жалғасы саналатын балаларының қолдауымен Күлбарам апай жан жарының есімін ұлықтауға бойындағы бар күш-жігерін сарқа жұмсап келеді. Он төрт жыл бойы Әлекеңе арнап іс-шаралар өткізді, баспасөз беттерінде танымдық мақалалар мен бірнеше кітаптың жарық көруіне ұйытқы болды. Фильм түсіртті. Осындай тынымсыз ізденістердің нәтижесінде Әли Мүсілімұлының есімі қаладағы №101 мектеп-лицейге берілді. Осы жерге бюст орнатылып, ұстаз есімі мәңгілікке ұлықталды.
Ардақты ұстаз, педагог-ғалым К.Сәдуақасқызының ғылыми еңбектері бүгінде республикамыздың жалпы білім беретін мектептері мен жоғары оқу орындарында оқыту үдерісінде кеңінен қолданылып келеді.
Халықаралық педагогикалық білім беру академиясының корреспондент-мүшесі, профессор К.Сәдуақасқызы ғылым саласында өзіндік мектеп қалыптастыра алған санаулы ғалым-ұстаздарымыздың бірінен саналады. Оның отандық ғылым мен білім беруге сіңірген еңбегі мемлекет тарапынан еленіп, көптеген марапаттарға ие болды. ҚР Білім және ғылым министрлігі жариялаған конкурстарда «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын және мемлекеттік грантын екі мәрте жеңіп алды. Облыс бойынша «Жылдың үздік ұстазы» номинациясын иеленді. Сондай-ақ, ол «Білім саласының құрметті қызметкері» төсбелгісінің, «Ы.Алтынсарин», «Менделеев» медальдарының, облыс әкімінің, Білім және ғылым министрлігінің бірнеше Грамоталарының иегері. Ал апайымыз үшін ең басты марапат – шәкірттерінің сенімі мен ықыласы.
«Шәкіртсіз ұстаз – тұл» дегендей, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚМУ ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов сынды белгілі тұлғалар Күлбарам апайдың мақтан тұтар шәкірттері. Жарты ғасырдан астам ғылыми-педагогикалық қызметпен үздіксіз айналысып келген ұлағат иесінің тәлімін көрген мыңдаған шәкірттері бүгінде ұстаз есімін биік деңгейге көтерді. Олар бойындағы туабітті қабілет-қарымы, дарыны мен еңбекқорлығы арқасында К.Сәдуақасқызы алған бұл асуды ғалым-ұстаздың өмірдегі өз мұратына жеткендігін танытатын мерейлі меже деп біледі.
Ертең, 26 қаңтар күні Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетте ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Ол профессор К.Сәдуақасқызының 75 жылдық мерейтойына арналып отыр. Бұл ғалым-ұстаздың саналы ұрпақ өсіруге қосқан өлшеусіз еңбегіне деген жұртшылықтың құрметі, шәкірттері мен ұрпақтарының ыстық ықыласының шынайы көрінісі болмақ.

Нұрлыбек МЫҢЖАС,
тарих ғылымдарының кандидаты.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 қаңтар 2018 г. 617 0