Облыстық мәслихаттың «Кәсіпкерлікті дамыту, жастар ісі және құқықтық мәселелер жөніндегі» тұрақты комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Оған облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттар депутаттары қатысты.
Облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов бүгінгі таңда кәсіпкерлікті дамыту аймақтағы алдыңғы қатарлы мәселелердің бірі екенін атап өтті. Өйткені, кәсіпкерліктің дамуымен жұмыссыздықты азайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық базасын нығайтуға және қоғамдық саяси тұрақтылықты сақтауға қол жеткізіледі. Сол себепті кәсіпкерлікті дамытуға қатысты қандай кедергілер туындауда, нендей мәселелер шешімін тапқаны дұрыс, сол туралы ұсыныстарды ортаға салу қажеттігін жеткізді.
Бұдан соң отырыс төрағасы, депутат Асқар Махамбетов облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Азамат Досжановқа сөз берді. Ол кәсіпкерлікті дамыту бағытында өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінде қысқаша есеп беріп, алдағы кезеңдегі кәсіпкерлікті қолдау жоспарлары жайынан хабардар етті.
2018 жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде 779,6 млн теңге бөлініп отыр. Оның ішінде несие бойынша проценттік мөлшерлемені субсидиялауға 650,6 млн теңге (85 жобаға қолдау көрсету жоспарлануда), несие бойынша ішінара кепілдендіруге 119 млн теңге (40 жоба), мемлекеттік грантпен қаржыландыруға 10 млн теңге (4 жоба) қаралған. Сондай-ақ қазіргі таңда мемлекеттік грант ұсыну құралы бойынша облыстық бюджеттен қосымша қаражат бөлу жұмыстары жүргізілуде.
Басқарма өкілі басқарма тарапынан ұйымдастырылатын шараларға тоқталып өтті. 2018 жылы «Қазақстанның үздік тауары» көрме сайысы, «Бизнесті дамыту үшін ІТ мүмкіндіктері» семинар-тренингі, «Байқоңыр Start-UP 2018» сайысы, «Үздік кәсіпкер әйелдер» форумы, «Қызылорда Бренді» сайысы және мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер үшін «Өзіңе сене баста» көрме-сайысы іс-шараларын өткізу жоспарлануда.
Комиссия отырысында облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Омархан Пашкенов және облыстық кәсіпкерлік палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов қосымша баяндамалар жасап, өз салалары бойынша кәсіпкерлікті алға бастыру бағытындағы жасалып жатқан жұмыстар туралы айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Одан кейін отырысқа қатысушылар өздерін толғандырып жүрген мәселелер бойынша ойларын ортаға салды. Мәселен, облыстық мәслихат депутаты Мейрамбек Жұмашев елді мекендерде кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ауыл тұрғындарын, ақсақалдарды, жергілікті кәсіпкерлердің басын қосып, қандай кәсіп түрлерін ашуға болатынын кеңесіп алған артық болмайтынына назар аударды. Ол ауылдарда тұрғындардан сүт қабылдау орындарын ашудың тиімділігі мол болатынын жеткізді. Сонымен бірге, өте көп қаржы жұмсап, асылтұқымды бұқаларды сатып алғанша, қазіргі технологияларды пайдалана отырып, олардың ұрығын сатып алып малды асылдандырудың пайдалы екенін айтты. Ал депутат Жанкелді Ысқақов Жаңақорған ауданындағы Бесарық елді мекеніндегі кәсіпкерлер үшін электр желісін тартып беру туралы өтінішін жеткізді. Жалағаш аудандық мәслихатының депутаты Әліби Бекжанов егінге төленетін субсидияның берілу механизмін, мерзімін өзгертуге қатысты ұсынысын білдірді. Оның айтуынша, жаз айларында қаржысыз қалу егіншіге көп ауырлық әкеледі.
Отырыста, сондай-ақ, өткен жыл соңында балабақшаларға берілмей қалған қаржыны беру, кеңестік кезеңнен қалған скважиналарға жөндеу жүргізу, аудандарда индустриялық аймақтарға қатысты туындап жатқан проблемаларды шешу туралы және басқа да бірқатар ұсыныстар айтылды. Айтылған мәселелерге қатысты басқарма басшылары мен мамандары жауаптарын берді.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».