Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов мәлімдеді.
"Өткен жылы неанотолог, травматолог, онколог мамандары сияқты аса қат кадрлар мәселесі шешілді. 81 жас маман облыстың денсаулық сақтау саласына тартылып, оның 60%-ы яғни 32 маман бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарына жіберілді.
"Бұл медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттырудың 2016-2018 жылдарға арналған 3 жылдық жоспардың нәтижесі. Кадрларды оқыту, қайта даярлау және біліктілігін жетілдіру үшін облыс бюджетінен 60 млн.теңге бөлінді. Соңғы екі жыл қатарынан облыс үшін қажетті мамандарды резидентураға дайындау мақсатында облыс әкімінің 20 гранты бөлінді. 2016 және 2017 жылдары 22 үміткер грантқа түсті", - деді облыс әкімінің орынбасары.
2017 жылдың 10 айында аса қажет 34 мамандық бойынша 828 дәрігер, 556 мейірбике біліктілігін арттырды.
Соңғы 2 жылда аймақтағы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Мәселен, ауысымына 250 келушіге арналған Жалағаш, Қармақшы, Сырдария, Шиелі аудандық орталық ауруханалар ғимараттары, 200 төсек орындық облыстық балалар ауруханасы және 30-ға жуық дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік акушерлік бекеттері салынды. Алдағы уақытта Жаңақорған аудандық емханасы, Қазалы аудандық орталық ауруханасы салынып, қолданысқа беріледі. Арал аудандық ауруханасының құрылысы да басталды.
Жалпы, соңғы 4 жылда аймақта әртүрлі 150 әлеуметтік нысан салынды.