Бірлігі жарасқан ел озады

Аймақта “Славяне” қоғамдық-мәдени бірлестігінің 20 жылдық мерекесі аталып өтті. Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Наталья Жұмаділдаева, Абзал Ерәлиев, Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің кеңесші уәкілі Александр Мусиенко, ресейлік отандастардың Қазақстан Республикасындағы үйлестіру кеңесінің төрағасы Всеволод Лукашов және бірлестік ардагерлері мен жастары, сондай-ақ, өзге де этномәдени бірлестік өкілдері қатысты.
Салтанатты кеште облыс әкімі Қ.Көшербаев бірлік пен татулықтың ұйытқысы бола білген бірлестік өкілдерін мерекемен құттықтады.
– Еліміз тәуелсіздіктің 27-ші жылына аяқ басты. Қазақстан өзінің жаңа тарихы арқылы шын мәнінде табысты мемлекет бола алатынын дәлелдеді. Қол жеткен жетістіктер аз емес. Бағындырар асулар онан да көп. Тоқсаныншы жылдардың басында үрей туғызылып, біздің осал тұсымыз деп танылған көп этнос-тылығымыз бен конфессиялығымызды Елбасының байыпты саясаты арқасында өз артықшылығымызға айналдырып алдық. Бүгінде әрбір қазақстандықтың өз ұлтына, діни наным-сеніміне қарамай, өз Отанын сүйетіндей тәлім-тәрбиені қалыптастыру ісі оң нәтижесін беруде. Қазіргі кезде Қазақстан бүкіл әлемде бейбітшілік пен келісімнің өзіндік ерекше моделін жасаған мемлекет ретінде танылды. Осы орайда, өңіріміздегі татулық пен тұрақтылықты сақтауда қажырлы еңбек етіп жатқан “Славяне” этнос өкілдерін ерекше атап өткім келеді. Сіздер 20 жылдан бері аймақтың даму жолында түрлі салада еңбек етіп, еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестеріңізді қосып келесіздер. Сіздердің еңбектеріңізді біз жоғары бағалаймыз. Татулығымыз арта берсін, мереке құтты болсын, – деді аймақ басшысы.
Мұнан әрі шарада бірлестіктің белсенді мүшелері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Жұмаділдаева, Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің кеңесші уәкілі Александр Мусиенко, ресейлік отандастардың Қазақстан Республикасындағы үйлестіру кеңесінің төрағасы Всеволод Лукашов құттықтау сөз сөйлеп, бірлестік өкілдеріне Құрмет грамотасын табыстады.
Мерекелік кеш аясында славян халқының ұлттық билері мен әндері орындалып, Сыр өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салса, Ақтөбе, Шымкент қалаларынан келген қонақтар да жиналған көпшілікке әсем әннен тарту жасады.
Айта кетейік, “Славяне” қоғамдық-мәдени орталығы 1997 жылы 16 шілдеде құрылды. Сонан бергі уақытта бірлестік еліміздің дамуына өз үлестерін қосып келеді. Бүгінде Сыр елінде славян этносының 15571 өкілі тұрады. Олардың белсенділері үнемі бас қосып, мәдени салт-дәстүрді жаңғыртуға атсалысып, бабадан қалған бай мұраларын сақтап қалуға барын салып келеді. Ең бастысы, олар бірлік пен бейбіт күннің қадірін терең ұғынған. Сондықтан да ынтымақтың ұйытқысы болған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясына алғысы шексіз.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
“Сыр бойы”.
Нұрболат Нұржаубай (сурет).
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 қаңтар 2018 г. 711 0