Қазақ мәдениетінің тарихында Сыр бойының орны ерекше. Әсіресе, Қызылорданың астана болған жылдарындағы негізі қаланған құндылықтар қазір ұлт қазынасына айналды. Сондықтан өнер, мәдениет туралы айтылғанда, Сыр елінің мәртебесі өзгелерден биік тұрады. «Алаштың анасы» деген анықтама ұлт тағдырына, болашағына қатысты бастамаларға бастаушы болуға, ғасырдан ғасырға өлмей жеткен өнердің туын биік ұстауға ынталандырады.
Ендеше, соңғы 5 жылдың бедеріндегі сала жетістіктерін сараласақ...
Қобыз үні толқыған көркем кешен
“Қорқыт ата” кешені – Қызылорданың басты белгілерінде көрініс тапқан, ажырамас белгісі болған ғажайып өнер туындысы. Елбасы тапсырмасына сәйкес, мемориалды толық реконструкциялау және жаңғырту жұмыстары біз шолу жасап отырған уақыт ішінде жүргізілді. Ұлы жолдың бойындағы мемориалдық кешен жаңа келбетке енгелі мұнда тоқтайтын, арнайы келетін туристер қатары көбейген. Жаз бойы ЕХРО Халықаралық көрмесін тамашалаған 13 мыңнан астам турист Қорқыт баба кешені мен “Байқоңыр” айлағына да арнайы келген. Соңғы үлгідегі құрылыс материалдарымен қайта жаңғыртылған кешенге қазіргі заманғы қонақ үй, мейрамхана, намаз оқу бөлмесі және бассейн кіреді. Қайта қалпына келтірілген ескерткіштің тарихи, тағылымдық, танымдық мәні бұрынғыдан да арта түсті.
“Қорқыт ата” кешенінің басында ортасында дөңгелек алаңы бар амфитеатр салынған. Сатылай көтерілетін тұйық шеңбер көрермендерге арналған. Дүниенің төрт тарабына қараған қобыз бейнелі ескерткіштің ортасындағы кернеулерден Сырдың желі ескенде Қорқыттың күйі төгіледі. Бұл жерде 2014 және 2017 жылдары «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» Халықаралық музыкалық өнер фестивалі өтті. Оған әлемнің 10 елінен өнерпаздар қатысты. Өнер фестивалі кезінде ұзан күйін әлемнің әр түкпіріндегі түркітілдес елдерден келген ұрпақтары жалғады. Қорқыт ата іздеген өнердің өнегесі арқылы мәңгі жасау деген осы болар, сірә.
Кешен басында 3 экспозициялық залдан тұратын музей бар. Онда ескі дәуірдің тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін құндылықтар мен жәдігерлер қойылған. Қордағы 700-ге жуық экспонат келушілердің қызығушылығын тудыратын мәнге ие.
Бес жылда аймақта 19 типтік жобадағы клуб, 4 музей және архив құрылысы салынды. «Жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша республикалық және жергілікті бюджеттерден 61 мәдениет нысаны күрелі жөндеуден өткізілді. Облыстық тарихи-өлкетану музейі реконструкцияланып, заманауи үлгіде толығымен қайта жабдықталды. Бұрынғы әскери комиссариаттың ғимараты реставрацияланды.
Мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында облыстық бюджеттен 2013 жылы 177 млн теңге бөлінсе, былтыр 550 млн теңге қаралды. 2014 жылы 7 ауданға барлық қажетті заманауи құралдармен толық жабдықталған «Зерде» мәдени-ақпараттық автокөлігі алынды.
Бастамашылдықтың нәтижесі
Осыдан 4 жыл бұрын, яғни 2014 жылы мемлекеттік мәдениет ұйымдарының үлгілік штаттарын бекіту туралы Үкімет қаулысын республикада алғашқы болып Қызылорда облысы жүзеге асырды. Нәтижесінде ауылдық мәдениет ошақтарына облыс бюджетінен 410 штаттық бірлік берілді. Бұл қадам ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың басын қосатын мәдени, сауықтық шаралардың жиі ұйымдастырылуына негіз қалады.
Соңғы жылдары облыстық филармония жанынан тұңғыш камералық оркестр, облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры жанынан жастар труппасы, А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйі жанынан Жастар театры құрылып, көркемсурет галереясы ашылды. Қазір жаңадан ашылған мәдениет ұжымдары ізденіс ауқымын кеңейтіп, өнер биігіне өрлеп келеді.
Құм астынан табылған қазына
Облыс әкімдігі жанындағы тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңестің құрылып, жұмысын бастағанына да 5 жыл толды. Осы уақыт аралығында өткен 7 отырыста Сыр бойындағы көне ескерткіштерді қорғау, сақтау мәселелері кеңінен талқыланды.
Ортағасырлық Сығанақ, Жанкент, Шірік-Рабат, Жент, Сортөбе қалашықтарымен қатар, Кердері кесенесіне археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Бес жылда 14 тарих және мәдениет ескерткіші қайта жаңғыртудан өтсе, 35 монументті өнер құрылысы салынды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның киелі жерлерінің картасына еліміз бойынша таңдалып алынған 100 қасиетті орын тізіміне облыс бойынша 12 ескерткіш – Сығанақ, Жанкент, Шірік-Рабат, Жент қалашықтары, «Қорқыт ата» ескерткіш кешені, Оқшы ата, Төлегетай-Қылышты ата, Қорасан ата, Жанқожа баба, Бұқарбай батыр кесенелері, Бегім ана мұнарасы және Қызылорда қаласындағы Христос спаситель шіркеуі енгізілді.
Облыс аумағындағы 9 ескерткіш – Сығанақ, Жанкент, Кескен-күйік, Шірік-Рабат, Бәбіш-мола, Жент, Баланды қалашықтары, Жетіасар мәдениеті ескерткіштері және Сауысқандық петроглифтері ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұраларының алдын ала тізіміне алынды.
Бармасаң-келмесең, жат боларсың
Кейінгі 5 жыл көлемінде мәдениет және өнер саласындағы халықаралық ынтымақтастық айрықша қарқынмен дамыды. Облыс орталығындағы театр мен өнер ұжымдарының шетелдерге гастрольдік сапарлары ұйымдастырылып, облыстық филармония ұжымы Түркия, Өзбекстан, Ресей, Татарстан елдері мен АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон қалаларында өнер көрсетсе, ал театр ұжымы Қазан, Лондон қалаларында, Түркияда өткен театр фестивальдарына қатысты.
Облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры Лондон қаласында Д.Исабековтың «Ескі үйдегі екі кездесу» драмасын ұсынды. Британ корольдік музыкалық театрындағы қойылымды ағылшын азаматтары, «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатқан студенттер және сол елдегі қазақтар тамашалады.
Былтыр сәуір айында Әзербайжан Республикасында Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері ұйымдастырылды. Сырбойылық жыраулар мен өнер майталмандары үш күн бойы Баку және Шеки қаласы тұрғындарын қазақтың халық әндерімен сусындатып, сахналық қойылымдарын көрермен назарына ұсынды. Мәдениет күндері Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы дипломатиялық байланыстың 25 жылдығына орайластырылды.
Кітаптар мен құжаттардың цифрлық нұсқасы
Цифрлық технологияларды пайдалану есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту – жаңа заманның, өзгермелі уақыттың талабы. Сондықтан мәдениет саласындағы кітапхана, архив жұмыстарын сандық жүйеге көшіру басталып кетті.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша «Кітапхана қорларын цифрлау» жобасы аясында қор сақталымын қамтамасыз ету, оны жетілдіру, мақсатында 4590 кітап (1064437 бет) цифрлық нұсқаға көшірілді. Дәстүрлі қағаз нұсқаны таңдаушылармен қатар, кітапты сандық нұсқадан оқуға тілек білдірушілердің көбеюі бұл жұмысты одан әрі жандандыруға ынталандырып отыр.
Ал «Электронды архив» ақпараттық жүйесі бойынша 16749 сақтау бірлігінің (істердің) 1633921 парағы сандық жүйеге енгізілді. Ел тарихының деректері сақталған архив бұл үрдіске белсенді түрде жұмылдырылып отыр. Цифрлы технологиялар қағаз құжаттың түпнұсқасын сақтай отырып, оның цифрлы көшірмесін жасайды. Ақпараттық технологиялардың арқасында құжат ашық әрі қолжетімді болады.
Бұл аймақтағы мәртебесі биік мәдениет саласы жетістіктерінің бір парасы ғана. Өнер әлемінің тағылым тереңіне бойлап, тамыр бүлкілін танитын азаматтар қолдауы Сыр бойындағы атадан балаға мирас болып келе жатқан рухани құндылықтардың бағасын арттыра берері даусыз.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы».