Елбасы жолдауы жаңаруға жарқын жол сілтейді

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты - Жолдауынан туындайтын міндеттерді саралаған актив жиыны өтті. Жиындағы аймақ басшысының сөзі толық нұсқада назарға ұсынылады.

Құрметті актив жиынына қатысушылар!

Әлем қазір ғарыштық жылдамдықпен дамуда. Кез келген сәтте адам ойламаған нәрселер дүниеге келіп жатады. Бұның барлығы бізден аса қырағылықты, шапшаң қимылдауды, жедел бейімделуді талап етеді.
Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінің талабы да – осы.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы осы талаптарға сай болуымызды көздейді.
Елбасы «өзгеріс дауылы тұрғанда оған қарсы қорған емес, желкен тұрғызу керек» деді. Желкеніміз мықты болғанда ғана ағыны қатты ағысқа қарсы тұра алатынымыз белгілі. Сондықтан, біз жаңа ХХІ ғасырдың мұнайы – білім, ақпарат, санды технологиялар екенін жақсы түсінуге міндеттіміз! Осы ретте, «Қазақстан – 2050» Стратегиясын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын бір-бірінен ажыратып қарауға болмайды. Сол себепті, бұл Жолдаудың елде жүргізіліп жатқан жаңғыру үдерістерінің логикалық жалғасы екенін айту керек.
Қазақстан тәуелсіздік жылдарында әлемге өзінің тұрақтылығы мен бірлігін таныта білгені белгілі. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне қаңтар айында төрағалық етуіміз осының дәлелі дер едім. Елбасы Жолдауда бұны ерекше атап өтті.
Күні кеше Мемлекет басшысы АҚШ-қа ресми сапармен барып, АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездесті, әлемдік саяси-экономикалық мәселелерге қатысты пікір алмасу маңызды әрі тарихи оқиға ретінде бағалануда.
Әсіресе АҚШ пен Қазақстан басшылары жаһандық қауіпсіздік, аймақтық тұрақтылық, экономикалық қатынас, энергетика мәселелеріне ерекше көңіл бөлді.
Ақ үйдегі екіжақты кездесудің осы тақырыптарға арналуы Қазақстанның Орталық Азия ғана емес, жалпы жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілік мәселелеріндегі рөлін байқатты.
Дональд Трамп баспасөз конференциясында Нұрсұлтан Назарбаевты қабылдау АҚШ үшін үлкен құрмет екенін ерекше атап өтті.
Мемлекет басшысының беделі, тәуелсіз еліміздің саясаты мен позициясы әлемдік державалардың сеніміне ие болуға және шетелдік инвестицияларды тартуға өз септігін тигізді.
Таулы Қарабах, Иранның ядролық бағдарламасы, Ресей мен Түркия арасындағы кикілжің, Украина дағдарысын шешу, Сирия мәселесін реттеуде Тәуелсіз Қазақстанның бітімгершілік позициясы әлемде үлкен оң бағаға ие болды. Бұл – Елбасының ғаламдық деңгейдегі мәмілегерлігінің, Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының жемісі.
Екі-үш күндегі баспасөз беттеріне көз жүгіртсек, АҚШ-тағы «Америка дауысының» қытай тіліндегі қызметі «АҚШ-қа ресми сапармен келген Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев АҚШ Президенті Д.Трамппен кездесу кезінде Корей түбегіндегі қалыптасып отырған күрделі жағдайды шешудің оңтайлы жолын ұсынды....» деп хабарлауы бекер болмаса керек.
АҚШ – қазір әлемде саяси, экономикалық және әскери күші жағынан ең қуатты мемлекет. Вашингтонмен сенімді қарым-қатынас орнатуға әлемдегі барлық ел мүдделі екендігі анық. Сондықтан, АҚШ мемлекетінің Қазақстан туралы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы үлкен сеніммен айтуын да Қазақстанның саяси ұстанымының ықпалы айқын екенін айту керек.
Мұндай абырой Тәуелсіз мемлекетіміз үшін оңай келе салған жоқ.
Тарихқа көз жүгіртсек, Тәуелсіздіктің алғашқы жылындағы Ядролық қарудан бас тарту туралы шешім Елбасы мақсатының өзгешелігін көрсетті.
Жақында ғана Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: шаралар мен сенім» тақырыбымен мәжілісі өткені белгілі.
Онда Елбасы арнайы мәлімдеме жасап, ядролық қаруды таратпау саласында сенімді нығайта түсу үшін бірқатар жүйелі шараларды атқаруды ұсынды.

Құрметті әріптестер!

Биылғы Жолдаудағы міндеттердің ең маңыздысы – тұрақтылық. Оны қамтамасыз ету үшін даму деңгейі мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету керек. Бұл мақсаттарға жету үшін елдің жаңа заманның жаңа шақыруларына лайықты жауап беретіндей қауқары мен интеллектуалдық әлеуеті жоғары болуы тиіс. Сондықтан, Жолдауда қоғамның барлық салаларын цифрландыру, заманауи технологияларды ендіру жайында кеңінен айтылды.
Қазіргі таңда 2 миллиардқа жетпес халқы бар Қытай инновациялық технологияларды өндіру және оны іске қосу, пайдалану, сату жағынан әлемде алдыңғы орында тұр. Осы реформаға олар осыдан отыз жыл бұрын кіріскен. Енді міне, технология саласында әлемдегі озық мемлекетке айналды. Осындай нәтижелі мысалдарды ескерсек, өмірдің барлық саласына заманауи технологияларды енгізудің орынды екеніне көзіміз жетеді. Біз төртінші өнеркәсіптік революция кезеңінде тұрмыз. Осы ретте, Жолдаудың 10 міндеті – ел дамуының жаңа тынысы болмақ.

БІРІНШІ. Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс.

Неге бірінші бағыт адами капиталға арналмаған деген заңды сұрақ болары сөзсіз.
Адамның өмір сүруіне бағытталған негізгі қажеттіліктер заман талабына сай дамымаса, құрдымға кетуі мүмкін. Сондықтан, оған әрдайым мән беріп отыру қажет.
Индустрияландыру бағдарламасы аясында өңірде жаңа технология енгізген кәсіпорындар ашылып, жаңа өнім түрлері көбеюде. Бір ғана мысал, испан технологиясын қолданатын екі бірдей тұз өндіретін цехты іске қосу арқылы «Аралтұз» АҚ экспортқа шығарған өнім көлемін 2017 жылы 65%-ға жеткізсе, Ресей нарығындағы ас тұзы бойынша үлесін 13%-ға жеткізді.
Осы бағдарлама аясында іске қосылған жобалар өңдеу өнеркәсібі саласының, инвестиция көрсеткіштерінің өсіміне оң ықпал жасауда.
Жалпы алғанда, 2017 жылы өңдеу өнеркәсібі саласында 109,9 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,6%-ға артты.
Шикізаттық емес экспорт көлемі 2017 жылдың 11 айында 92,8 млн. АҚШ долларын құрап, 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш қаржылай 59,9%-ға өсті.
Алдын ала есепке сәйкес, 2017 жылы өңірге 241,5 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 6,5%-ға өсті, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне 22,6 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 39,1%-ға ұлғайды.
Біз қол жеткен жетістіктерімізге тоқмейілсімей, бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастыруымыз қажет.
Индустрияландыру бағдарламасы аясындағы барлық жобаларымыздың жай-күйін күнделікті бақылап отыруымыз қажет.
Облыс әкімінің орынбасары Е.Кимге, облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасына (Р.Сұлтангереев) қала және аудан әкімдерімен бірлесіп: - Жаңа технологиялар енгізуді және өнімін экспортқа шығаруды көздейтін жаңа инвестициялық жобаларды өңірлік кәсіпкерлікті қолдау мен Индустрияландыру карталарына қосу бойынша жұмыс жүргізуді;
Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне, облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасымен бірлесіп:
- Жұмыс жасап тұрған индустриялық аймақтарға биылғы жылы жаңа жобаларды орналастыруды және биылға кемінде 5 жобаның іске қосылуын қамтамасыз етуді тапсырамын.
Уран өндіретін кәсіпорындар қазірдің өзін­де цифрлық технологияны енгізуді бастады. «ҚазАтомӨнеркәсіп» АҚ-ға қарасты «РУ-6» серік­тестігінде өндіруді басқаратын ақпараттық жүйе қолданыста болса, «Қызылқұм», «Байкен-U» серіктестіктеріне қарасты кеніш­терде геотехнологиялық полигонды автоматтандыру жүйесі енгізілген.
«Шалқия» қорғасын-мырыш кенішін игеру жобасында, шыны зауытында да осындай техно­логиялар қолданылатын болады.
Облыс әкімінің орынбасары Е.Кимге, облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасына (Р.Сұлтангереев) қала және аудан әкімдерімен бірлесіп:
- ҚР Премьер-Министрінің қатысуымен 2018 жылы 2 ақпанда «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» және «Өнеркәсіптік санды теңестіру» тақырыбында Алматы қаласында өтетін форумға облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарының қатысуын ұйымдастыруды;
- өнеркәсіп пен жер қойнауын пайдалану­шылардың өндірістік процестерінде цифрлық технологияны енгізу бойынша тиісті жұмыстар атқаруды және қолдану бойынша мониторинг жүргізуді тапсырамын.

ЕКІНШІ. Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту.

Сарапшылар әлемдік экономиканың бүгінгі даму беталысын байыптай отыра, 2050 жылға қарай әлемдік экономика құлдырауы мүмкін деп есептейді. Бұл дәстүрлі индустриалдық даму әлеуетінің жоғалуымен қатар жүреді.
Шынына келгенде, қазіргі кезде табиғи ресурстарды тиімсіз пайдаланудың жағымсыз нәтижелері жаһандық сипат алуда.
Экономиканың өсуі және жалғасып жатқан урбанизация процестері республикада қатты тұрмыстық қалдықтар көлемінің жыл сайын өсуіне себепкер болып отыр. Осы ретте, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін қалыптастырып және өртеу-өңдеу зауыттарының құрылысын салу үшін инвестиция тарту жоспарлануда.
Біз өткен жылы Астанада «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің зор абыроймен өткенін мақтанышпен атаймыз.
Әлбетте, көрме Қазақстан экономикасының әртарап­тандырылу деңгейін де жарқын көрсетті. Бұл IT-технология, жасыл энергетика және қар­жы сияқты бағыттарда мамандар пулының қалып­тасуына алып келуде. Жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, қазақстандық индустрияның инвестициялық әлеуетін көрсетіп беруде. Аймақта жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бойынша да жұмыстар жалғасуда.
Алдағы уақытта бұл бағытта тағы да 2 жобаны жүзеге асыру басталды.
Инвестор «Байқоңыр Солар» серіктестігі Сұлу­төбе мен Бірқазан елді мекендерінің аралығында қуаттылығы 50 МВт күн электр станциясының құрылысын салуды жоспарлауда. Қазіргі уақытта техника-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Сонымен қатар, Жалағаш ауданында қуат­тылығы 30 МВт күн электр станциясының құ­рылысын салу жоспарлануда. Станцияның құрылыс жұмыстарына инвестор «Номад Солар» серіктестігі ниет білдіріп отыр. Аталған іс-шараларды іске асыру өңірдің әлеу­­меттік-экономикалық дамуына, сондай-ақ, «жа­сыл экономикаға» көшу тұжырымдамасында қарас­тырылған мақсаттарға жетуге оң ықпалын тигізеді.
Осыған сәйкес облыс әкімінің орынбасары С.Сүлейменов, облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы (М.Усаин) аталған жобалардың жүзеге асырылуы бойынша Энергетика министрлігімен жұмыс жасасын.
Енді, облыстағы елді мекендерді одан әрі газдандыру мәселесіне қысқаша тоқталайын. Біз бірінші кезекте 3 аудан орталығын газдандыруға басымдық берудеміз. Жобалар жасалып, Энергетика министрлігіне ұсынылды. Жосалы кентіне дейінгі газ құбырын тарту жұмыстары 2017 жылы басталды. Биыл сәуір айында аяқталады деп күтілуде.
Былтыр 17 қарашада Байқоңыр қаласының тұрғын үй секторы мен қазақстандық стандартқа көшкен әлеуметтік нысандарды табиғи газға қостық. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының бойынан Тереңөзек, Жалағаш кенттерін газдандыруға арналған автоматты газ тарату станциясының құрылысын (АГРС) бастауға 1 млрд. теңге бөлуді жоспарлап отырмыз.
Қызылорда қаласының жанындағы елді мекен­дерді көгілдір отынға қосуды жалғастырамыз. Былтыр 15 желтоқсанда Белкөл кенті табиғи газға қосылды (371 млн теңге).
Сол жағалауды газдандыру жұмыстарын да бастадық. Махамбет, Наурыз елді мекендерін газ­дан­дыру жобасы іске асырылуда. Бұл жұмыстар жалғасатын болады.
Өткен жылдың 5 желтоқсанында Астана қаласында өткен «Kazakhstan Global Investment Roundtable» инвестициялық форумында аймақта газпоршендік электрстансасын салу бойынша бірлескен кәсіпорын құру және керамикалық зауыттың құрылысын іске асыру бойынша Түркия компаниясымен келісімге қол қойылды.
Елбасының тапсырмасына сәйкес, ЭКСПО-2017 көрмесінде ұсынылған технологияларды ауыл шаруа­шылығы, энергетика, экология, индус­трия­ландыру, мұнай-газ, атом өнеркәсібі салаларына 10 технологияны енгізу бойынша Жол картасы бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Облыс әкімінің орынбасары Е.Кимге, облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасына (Р. Сұлтангереев):
- энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруа­шылық (М.Усаин), ауыл шаруашылығы (Б.Жаханов), табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу (Н.Жолдасбаев) басқар­ма­ларымен бірлесіп, ЭКСПО-2017 көрмесіне ұсы­нылған технологияларды өнеркәсіп және өндіріс салаларына енгізу бойынша мүдделі тараптармен меморандумдарға және келісім-шарттарға қол қоюды ұйымдастыруды;
- Жолдаудан туындайтын міндеттерді іске асыру мақ­сатында ІІІ Халықаралық интернет-форум өткізуді;
- «Қазақстандық индустрияны дамыту инс­титуты» АҚ-мен ұсынылған мемлекеттік қолдау­ларды жергілікті кәсіпкерлерге қолжетімді ету мақ­са­тында «Индустриялық-инновациялық қызмет субъек­тілеріне мемлекеттік қолдау шаралары» та­қырыбында семинар ұйымдастыруды тапсырамын.
Елбасы Жолдауда әкімдерге тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу үшін шаралар қабылдауға шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тартуды тапсырды және «Экологиялық кодекске» өзгерістер енгізілетіндігін атап өтті.
Қазіргі таңда Үкімет тұрмыстық қатты қал­дықтарды заманауи кәдеге жарату және қайта өңдеу жүйесін құру бойынша Жол картасын әзірлеуде.
Облыс әкімінің орынбасары С.Қожаниязовқа, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына (Н.Жолдасбаев) Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, әзірленіп жатқан Жол картасына облыс бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеуге қатысты жобаларды енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеуге 2018 жылғы 5 ақпанға дейін Энергетика министрлігімен бірлесіп жұмыс жасауды тапсырамын.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы (Н.Жолдасбаев) кәсіпкерлік және туризм басқармасы (Н.Өмірсерікұлы), Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасымен (Ғ.Жақсылықов) бірлесіп, шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тарта отырып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай жою және қайта өңдеу бойынша зауыттар мен полигондар салу және қолданыстағы полигондарды экологиялық талаптарға сәйкестендіру бойынша тиісті шаралар қабылдасын және 1 ай ішінде ұсыныс енгізсін.

ҮШІНШІ. «Ақылды технологиялар» – агро­өнер­кәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі.

Біз аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау бағытында өткен жылдың өзінде біршама жұмыстар атқардық.
Былтыр соңғы төрт жылда дәстүрге айналған рекордтық көрсеткішті сақтай отырып, 91 мың гектар күріштен тұңғыш рет облыс тарихында жарты миллион тоннадан астам Сыр салысы қамбаға құйылды.
Өткен жылы облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарығына кешендік маркетингтік зерттеулер жүргізіліп, нәтижесінде облыстың агроөнеркәсіп кешенінің 2020 жылға дейін дамуының Агрокартасы әзірленді.
2017 жылы 84,6 мың тонна күріш сырт елдерге экспортталды. Күріш экспорты 2016 жыл­мен салыстырғанда 61,1 пайызға, жалпы ауыл шаруа­шылығы өнімдерін экспорттау 60 пайызға артты.
Экспортқа ет шығаруға сәйкес өткен жылы тамыз айында Иран Ислам Республикасы және Біріккен Араб Әмірлігіне барлығы 2000 бас қозы тірілей экспортқа шығарылды. Сонымен қатар, қозы етін экспорттау мақсатында Сырдария ауданында 10 мың бас аналық қой өсіріліп, жылына 250 тонна қозы еті экспортқа шығарылатын болады.
Агрокарта аясында жылдам дамытуды қажет ететін салалар және ауыл шаруашылығы өнімдерін (күріш, балық, ет, бақша, т.б.) экспорттау көлемін 2020 жылға қарай 5 есеге дейін ұлғайту жолдары айқындалған.
Бұл Мемлекет басшысының бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерінің нарығында талап етілген өндірісті ынталандыру жөніндегі тапсырмасына толық сәйкес келеді.
Жолдауда өндіруші, өңдеуші салаға жаңа технологиялар мен бизнес модельдерді енгізу, агро­өнеркәсіп кешенінің ғылымға негізделуін арттыру, шаруашылықтарды кооперацияға біріктіру қажеттігі көрсетілген.
Облысымыздағы «Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы» ғылыми-зерттеу инс­ти­туты серіктестігі – еліміздің күріш өндірісінің сапа­сын ғылыми қамтамасыз ететін бірден-бір орталық. Осы орайда, институттың материалдық-техни­калық базасын нығайту мақсатында облыстық бюджеттен 75,0 млн. теңге қаражат бөлініп, ауыл шаруашылығы техникалары алынды.
Институттың жаңа инновациялық жобаларын қолдау мақсатында соңғы жылдары 11 жоба мақұл­­данып, барлығы 104,1 млн. теңгеге қаржы­ландырылды.
Облыс әкімінің орынбасары С.Қожаниязовқа алдағы уақытта күріш ғылыми-зерттеу институ­тының әлеуетін арттыру мақсатында жұмыстар атқарып, 1 ай көлемінде нақты ұсыныс беруді тапсырамын.
Өткен жылы Қызылорда облысы бойынша 2304 жеке қосалқы шаруашылықтардың бірігуімен 84 кооператив құрылып, барлығы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Нәтижесінде, 1048 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, тұрақты жұмыспен қамтылды.
(Бүгінгі күні 801 отбасылық мал бордақылау алаңы құрылып, 16133 бас мүйізді ірі қара малын бордақылауға кірісті. Сонымен қатар, 3928 бас сиыр сатып алынып, 385 шағын отбасылық сүт фермасы құрылды. Кооперативтер 342,45 тонна ет, 133,3 тонна сүт өнімдерін, 382 тонна бақша өнімдерін өндіріп, 73 тоннасын экспортқа және 3 тонна құс етін өндіріп, ішкі нарыққа өткізді).
Агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамыту мақсатында, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына (Б.Жаханов):
- бұған дейін құрылған кооперативтердің жұмыстарын жандандырып, олардың өндірген өнім көлемін екі есе арттырып, өнімін ішкі нарыққа делдалсыз өткізуді ұйымдастыруды;
- облыс көлемінде ауыл шаруашылығы өнім­дерін өңдеу кәсіпорындарының толық қуатта жұмыс жасауын, өнім көлемін жылына 10 пайызға өсіруді қамтамасыз етуді;
- шаруашылық құрылымдарында еңбек өнім­ділігін әр жыл сайын 20 пайызға арттыруды қамтамасыз етуді тапсырамын.

ТӨРТІНШІ. Көлік-логистика инфрақұры­лымының тиімділігін арттыру.

Елбасы Жолдауда Үкімет алдына көліктік-логистикалық инфрақұрылымның тиімділігін көтеруді негізгі міндеттердің бірі ретінде қойды.
2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдар­ламасының базасында көліктік инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі іс-шаралар жүргізілуде.
Ол 2020 жылға жүктерді тасымалдау тиімділігін 1,6 есеге және транзиттік жүктерді тасымалдау көлемін 2 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында көлік саласында 15 инфра­құрылымдық, оның ішінде автожол саласында 11 жобаны, теміржол көлігі саласында 3 жобаны және азаматтық авиация саласында 1 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Елбасы Жолдауда 2018-2020 жылдарға арналған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде елді цифрлық трансформациялау және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, цифрлық технологияларды дамыту және экономиканың, оның ішінде көлік және логистика саласының бәсекелестік қабілетін арттыру мақсатында ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін инфрақұрылымды, әсіресе, жергілікті маңызы бар жолдарды барынша дамытуды қамтамасыз етуді міндеттеді.
Өз кезегінде, облыста жергілікті жолдар желі мен көлік инфрақұрылымын дамытуға жыл сайын қаржыландыру артып келеді.
2017 жылы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендер көшелерін жөндеуге 9,5 млрд. теңге бөлініп, 215,3 км жол жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ, Қазалы ауданының халқы көптен күткен «Әлсейіт» учаскесінде Сырдария өзеніне көпір құрылысы басталды. 40 жылдан астам уақыт жөндеу көрмеген аудандық маңызы бар жолдардың бойында орналасқан 5 көпірге қайта жаңарту және күрделі жөндеу жүргізіліп, пайдалануға берілді. Арал ауданының Қызылжар ауылы тұсынан Сырдария өзеніне қалқымалы көпір өткелі салынды. Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағат­танарлық индикаторлық көрсеткіші 63%-ға жетті, бұл көрсеткіш 2013 жылы 54%-ды құраған.
Былтыр Сырдария өзенінің сол жағалауын игеруде екі магистральды көше құрылысы басталып, «Шіркейлі» арнасына көпір салу құрылысының жобасы әзірленді. Осы жобалар аясында, Мұратбаев көшесі арқылы салынған көпірден бастау алатын ұзындығы 4,9 км 4 жолақты жалпықалалық маңызы бар магистральды көше арқылы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне шығуға мүмкіндік болады.
Аймақта инфрақұрылым жобаларын дамыту жұмыстары жалғасуда. Әуе көлігі саласын дамытуға үлкен көңіл бөлініп отыр. Бұл әуе бағыттарының географиялық аумағын кеңейтіп, аймаққа әлеуетті инвесторларды тартуға мүмкіндік береді және туристік класстерлерді дамытады.
Қазіргі таңда отандық әуе компаниялары Қызылорда қаласының сағатына 150 жолаушы өткізу қабілеті бар қолданыстағы әуежай терминалынан Астана, Алматы, Қарағанды, Атырау және Ақтау қалаларына аптасына 28 әуе рейсін орындауда.
2017 жылы әуежайдан 103,6 мың жолаушы жөнелтілді, 2016 жылмен салыстырғанда 6,6 пайызға артты.
2018 жылдың жаз айларында Қызылордадан Мәскеу қаласына жиілігі аптасына 4 рет жаңа тұрақты халықаралық рейсін ашу туралы келісімге келдік. Жаңа терминалдың құрылысына байланысты конкурс өтті, жақын арада құрылысына кірісеміз.
2017 жылдың 15 тамызында қала көлемінде қызмет көрсететін үлкен сыйымдылықтағы авто­бустарға арналған тұрақтар, жанармай бекеті, көлік жуу алаңы және автобустардың үздіксіз жұмыс жасауына жағдай жасайтын түрлі мүмкіндіктері қарастырылған жаңа коммуналдық автобус паркі іске қосылды.
Облыс әкімінің орынбасары С.Сүлейменовке, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына (Е.Әбдіқалықов):
- мемлекеттік-жеке әріптестік механизмі негізінде Қорқыт ата әуежайының жаңа жолау­шылар терминалы құрылысы жобасын іске асыру бағытында жұмыстар жүргізуді;
- Қорқыт ата әуежайы арқылы жаңа халықаралық және республикаішілік әуе рейстерін ашуға;
- Қызылорда қаласы әкімімен (Н.Нәлібаев) бірлесіп, қалаішілік бағыттарда электронды билеттік жүйені енгізу мақсатында зерделеу жұмыстарын жүргізіп, тиісті ұсынысты 1 ай көлемінде енгізуді;
- Қызылорда облысының жергілікті автомобиль жолдарын дамыту мақсатында республикалық бюд­­жеттен жөндеу және құрылыс жұмыстарын жүр­­гізу мақсатында нысандарға бөлінетін ар­найы трансферттер көлемін ұлғайту бойынша ша­ра қабылдап, министрлікпен жұмыс жасауды тапсырамын.

БЕСІНШІ. Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу.

Елбасы «Тұрғын үй - жәй төрт қабырға мен басыңдағы баспанаң ғана емес. Ол одан да үлкен нәрсе. Бұл – адамның өмір сүретін аумағы, өз балаларын өсіретін құтты шаңырағы» деп атап өткен болатын.
2017 жылдың өзінде өңірімізде тек бюджет қаржысы есебінен 612 мың шаршы метрден артық баспана берілді, 2013 жылмен салыстырғанда 2 есеге артық. Бұл жұмыстар – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жер» бағдарламасының игілігі. Айта кету керек, соңғы 3 жылдан да аз уақыт ішінде жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген 20600-ге жуық жер учаскесі инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Ал, бұл өз кезегінде тұрғындарды өз баспанасын өзі салуға ынталандырды. Нәтижесінде, 2017 жылы тұрғындардың өз күшімен салған үй-жайларының көлемі 18%-дан аса өсті.
Облыс бойынша мемлекеттік тұрғын үй қоры­нан пәтер алу кезегінде тұрған азаматтардың (26 мың) сұранысын жеделдетіп шешу мақсатында «Қызылорда облысының халқын қолжетімді баспа­намен қамтамасыз ету бойынша 2018-2020 жылдарға арналған «Орда» Жол картасы бағдарламасын әзірледік.
Бағдарлама 3 жылға есептелген. Құжаттың негізгі мақсаты – облыс тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Әсіресе, әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындарға арналып отыр.
Қазір әлеуметтік салаларды айтпағанның өзінде, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларында онлайн сервистердің болуын уақыт талап етіп отыр. Жаңа технологияның коммуналдық қызметтерге шығынды азайтуға, электр қуатын үнемдеуге тигізетін оң әсері зор. Бұл саланы сандық технологияға көшіру, әсіресе, электр қуатын, су ұрлау оқиғаларына, коммуналдық қарыздардың жылдан жылға қордалануына тұсау болады.
Облыс әкімінің орынбасары С.Сүлейменов, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы (М.Әлсеріков), энергетика және тұғын үй-комму­налдық шаруашылығы (М.Усаин) басқармалары:
- жүргізілетін құрылыс нысандарында заманауи, экологиялық таза, энергиялық тиімді материалдарды қолдану мақсатында құрылыс жобаларына жаңа тәсілдерді енгізу жөнінде 1 ай көлемінде ұсыныс берсін.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы (М.Әлсеріков) қала және аудан әкімдерімен бірлесіп, «Орда» тұрғын үй құрылысы Жол картасының тиімді жүзеге асырылуына белсенді атсалыссын.
Бүгінгі күні облыс бойынша 260 ауылдық елді мекеннің 195-і немесе 75 пайызы орталық­тандырылған ауыз су жүйесіне қосылды (2012 жылы бұл көрсеткіш 178 елді мекен немесе 69 пайызды құраған болатын). Бұл елді мекендерде халықтың 95 пайызы қоныстанған. Бұл – республика бойынша алдыңғы көрсеткіштердің бірі.
Қолданыстағы су жүйелерін жаңғырту мақса­тында 2016-2017 жылдары «Нұрлы жол», «2020 жылға дейін Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен 55 жобаға барлығы 13 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Нәтижесінде, 363 шақырым ауызсу жүйелері жаңғыртылды.
Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табатын болады.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-комму­налдық шаруашылық басқармасы (М.Усаин):
- коммуналдық секторда мемлекеттік-жеке әріптестік құралдарын пайдалану арқылы қол­даныстағы инфрақұрылымды жаңарту бойынша 1 ай мерзім ішінде ұсыныс енгізсін;
- алшақ ауылдық елді мекендер саны көп Арал ауданындағы Абай, Ақбасты, Тоқабай шалғай елді мекендеріне «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырын жеткізудің жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу жұмыстарын ағымдағы жылғы 1 шілдеге дейін аяқтап, Су ресурстары комитетіне тапсырсын;
- Су ресурстары комитетімен бірлесіп, құры­лысы салынып жатқан «Талап-Сырдария», «Жи­делі» топтық су құбырларына қосымша қаржы бөлу;
- ауыз суды Байқоңыр қаласынан сатып алып отырған Төретам, Ақай елді мекендеріне «Байқожа» топтық су құбырын жеткізу жоба-сме­талық құжаттарын әзірлеп, құрылысын бастау мәселелерін пысықтасын.

АЛТЫНШЫ. Қаржы секторын «қайта жаңғырту».

Мемлекет басшысы алтыншы міндет аясында қаржы секторын «қалпына келтіру» туралы жариялады.
Осы міндеттің аясында Елбасы Банктік портфельдерді «нашар» несиеден арылту ісін аяқтау қажеттігін, ол үшін банк иелері экономикалық жауапкершілік алуға тиістігін, мемлекет қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғауға одан әрі кепілдік беретіндігін баса айтты.

ЖЕТІНШІ. Адами капитал – жаңғыру негізі.

Қазақстанның ең басты байлығы – жаңарған өмірге сай жаңа сападағы білімді меңгерген еңбекқор халқы.
Кез келген мемлекеттің үш алып тірегі бар. Олар – жерасты байлығы, өндіріс орындары мен әрине, адам капиталы.
Билл Гейтстің: «Біз баюды мақсат етіп, бар күшті байлыққа жұмсадық. Нәтижесінде, адами құндылықтардан айырылып қалдық», - деп өкінуі бекер емес.
Төртінші өнеркәсіптік революция – осы кезге дейінгі адал еңбектің жемісін көретін кезең десек те болады. Адам миымен қатар жұмыс жасай алатын жасанды интеллектіге негіз – жаңа супер-компьютерлер дүниеге келетін кезеңде адам болудың өзі не деген күрделі сауал туары анық. Алайда, жаңа технология алып келетін жаңа дәуірде оның барлығы адамзаттың қолынан шығатынын ұмытпағанымыз абзал.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, адами капиталды пайдалану мен дамытудың ең жоғары нәтижесі елдің азаматтарына білім берудің барлық мүмкіндіктерін («өмір бойы оқыту») және барлық азаматтар үшін қолжетімді даму және кәсіби даму мүмкіндіктерін беру арқылы қамтамасыз етіледі.
«Ақылды экономиканы» дамытуды мақсат қою адамның жаңа сапасын, оның білімін, біліктілігін, дағдыларын талап етеді. Барлық машина атаулыны бір тілде ғана сөйлету көзделген жаңа дәуірде мектеп жасынан үш тілде білім беріп, пәннің өзін ағылшын тілінде оқыту – болашақ ұрпаққа жасалған үлкен мүмкіндік. Бұл – алдағы жақсы өмірге салынған үлкен инвестиция.

Төртінші революциямен «Математика – ғылым­дар атасы» деген сөздің де дәуірі қайта оралады.

Жаппай жаһандану кезеңінде математикалық білімі бар мамандар сұранысқа ие болып ғана қоймай, еліміздің жаңа бағдарын жасайтын болады.
Біздің алдымызда заман талабына сай озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр.
Жақында ғана Қазан қаласында болып, Қызылорда облысының әкімдігі мен Татарстан Республикасы арасында ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы, өндіріс, денсаулық сақтау және білім саласында тәжірибе алмасу мақсатында келіссөздер жүргіздік.
Татарстан Республикасы бүгінде ақпараттық және сандық технологиялар дәуірінде осы бағыт бойынша тек ресейлік ғана емес, посткеңестік елдер ішіндегі көшбасшы болып табылады.
Мұнда ноу-хау жаңалықтардың көптігіне ІТ-мамандар дайындайтын Иннополис айрықша экономикалық аймағында болғанда көз жеткіздік. Болашақта біздің жастарымыз осында оқып, білім алуы үшін арнайы гранттар тағайындау қажет. Жуық арада өзара ынтымақтастық жөнінде бірлескен Жол картасы қабылданатын болады.
Өздеріңізге белгілі, Ресейдің жетекші техни­калық жоғары оқу орындарында 500-ге тарта қы­зылордалық түлегіміз жаңа технология бойын­ша білім алуда. Олар облыс экономикасына сан­дық технологияны енгізуде алғы шепте болары сөзсіз.
2017 жылғы 10 қарашада Мәскеу қаласына жұмыс сапары барысында М.В.Ломоносов атын­дағы Мәскеу мемлекеттік университетімен және басқа да алдыңғы қатарлы техникалық жо­ғары оқу орындарымен (Мәскеу ұлттық техно­ло­гиялық зерттеу университеті, И.М.Губкин атын­дағы Ресей Мемлекеттік мұнай және газ уни­верситеті, К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу аграр­лық академиясы, Ресей мемлекеттік аграр­лық университеті және Санкт-Петербургтегі өнер­кәсіптік технологиялар мен дизайн мемлекеттік университеті) меморан­думға қол қойып, келісім-шарт жасастық. Сондай-ақ, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті биылдан бастап физика-мате­матика және механика-математикалық маман­дықтар бойынша Сыр бойының түлектеріне арнайы оқуға 20 грант бөлді.
2017 жылғы сәуір айында республикада бірінші болып «Microsoft» компаниясымен ынтымақтастық жөніндегі меморандум жасастық.
Онлайн-оқыту арқылы заманауи инженерлік-компью­терлік технологиямен жұмыс істейтін жо­ғары кәсіби мамандарды бірлесе дайындауды баста­дық. Сонымен қатар, бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-эксперименттік жұмыстар жүргізу мақсатында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің базасында «Microsoft академиясын» құру туралы келісімге қол жеткізілді.
2017 жылдан бастап жастардың жұмысшы мамандығын тегін алуына мүмкіндік беретін «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасы жүзеге асырылуда (жұмысшы мамандығы бойынша республикалық бюджеттен 1515 орын, жергілікті бюджеттен 3088 орын мемлекеттік тапсырыс бөлінді).
Кәсіптік білім беру саласында дуальды оқыту технологиясына негізделген білім беру жүйесі бойынша 23 колледжде 78 мамандық бойынша 1926 студент білім алуда.
2017-2018 оқу жылынан бастап техникалық және кәсіптік білім беретін 25 оқу орнында 48 мамандық бойынша модульдік білім беру бағдарламалары эксперимент ретінде енгізілді.
2017 жылы 3 оқу орны халықаралық институциональды аккредитациядан сәтті өтті (М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі, «Абылай хан» колледжі, «Болашақ медицина» колледжі).
Техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының арнаулы пәндерін ағылшын тілінде жүргізуге қол жеткізілді.
Облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемовке, облыстық білім басқармасына (А.Қасымова м.а):
- мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізуге ұсыныс беруді;
- орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу бағытында педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау бойынша Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс әзірлеуді;
- білім беру ұйымдарында математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту бойынша педагог кадрлардың дайындық сапасын көтеру бойынша шаралар қабылдауды;
- 2019 жылдан 10-11-сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру бойынша шаралар қабылдап, ұсыныс беруді;
- техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту бойынша Білім және ғылым министрлігіне ұсыныстар әзірлеуді;
- білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 пайызға және біліктілігінің расталуына байланысты тұтастай алғанда 30 пайыздан 50 пайызға дейін көбейту бойынша тиісті шаралар қабылдауды;
- «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында мектептерді интернетке толық қосу және видеоқұрылғылармен жабдықтау жұмыстарын бұған дейін бөлінген қаржы есебінен қарастырып, 1 ай ішінде нақты ұсыныс беруді;
- облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасымен бірлесіп (С.Құлымбетова) «Smart City» концепциясы бойынша білім беру функциялары мен технологияларының іске асырылу барысында қажетті қаржы қарауды;
- балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру бойынша шаралар қабылдауды тапсырамын.
Облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемовке, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың ректоры Қ.А.Бисеновке (келісім бойынша:)
- шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен, трансұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыру бағытында ұсыныс енгізуді;
- жас ғалымдарға ғылыми гранттар аясында квота бөлуді жүйелі қолдану жөнінде ұсыныс дайындауды;
- облыс әкімінің гранттарын бөлудегі саясатты Жолдауға сәйкес қайта қарап, ұсыныс беруді тапсырамын.
Біз аймаққа қажет, болашағы бар жаңа мамандықтарды енгізуге міндеттіміз. Жас мамандар аймақ экономикасын ақпараттандыруға, санды технологияларды ендіруге үлесін қосуы қажет.
Өздеріңізге белгілі, облыста «Рухани жаңғыру» орталығы ашылды. «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының бірінші кезеңі жүзеге асырылып, қасиетті орындар (ескерткіштер) анықталды. Облыс бойынша 12 ескерткіш жалпыұлттық, 35 ескерткіш өңірлік маңызы бар қасиетті орындар тізіміне енгізілді. Жұмыстар нәтижесінде «Қасиетті Қазақстан» орталығы тарапынан 3 тілде «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» және 2 тілде «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» атты кітаптары шықты.
Облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасы (М. Абуова):
- бірінші кезекте жалпыхалықтық және өңірлік маңызы бар қасиетті орындар тізіміне енгізілген облыс көлеміндегі қасиетті орындарды қорғау, сақтау, насихаттау бағытындағы шараларды қолға алып, олардың инфрақұрылымын дамыту бойынша нақты жұмыстар жүргізсін;
- тарих және мәдениет ескерткіштерін цифрландыру бағытындағы 3D форматтағы виртуалды картасын әзірлеп, QR-код орнатуды қамтамасыз етсін.
Облыстық ішкі саясат басқармасы (А.Қайруллаев) облыстық білім басқармасымен бірлесіп қазақ тілін оқытуды жетілдіру және оны латын әліпбиіне көшіру, үш тілділікті дамыту бойынша 1 ай көлемінде кешенді жоспар әзірлеп, бекітуге ұсынсын.
Елбасы Жолдауда атап өткендей, сапалы жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандырудың әділетті жүйесін қалыптастыру – маңызды фактор. Осы ретте, бейресми жұмыспен қамтылған халықты заңдастыру және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін қалыптастыру жөніндегі 2018-2019 жылдарға арналған Жол картасын қабылдадық. Облыс бойынша 97,5 мың өз бетінше жұмыспен қамтылған азаматты заңдастыруды және 40 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамту көзделіп отыр.
Облыс әкімінің орынбасары Қ.Ысқақов, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері, мемлекеттік кірістер департаменті, еңбек саласындағы
бақылау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, ішкі саясат басқармалары бірлесіп:
- өз бетінше жұмыспен қамтылып, салық органдарына тіркелмегендерді заңдастыру шараларын жүргізсін.

Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері, барлық бюджеттік бағдарлама әкімшілері:
- Мемлекеттік, Үкіметтік және аумақтық даму бағдарламалары аясында 2018 жылы ашылатын жаңа жұмыс орындарына 10 мыңнан аса адамды жұмысқа орналастыруды;
- бейресми жұмыспен қамтылған халықты заңдастыру және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін қалыптастыру жөніндегі 2018-2019 жылдарға арналған Жол картасының іс-шараларын мерзімінде орындауды қамтамасыз етсін.

Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері:
- 2018 жылдың 1 шілдесіне жұмыспен қамту орталықтарын трансформациялау мақсатында тиісті штаттық бірлікпен және материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етсін.
2018 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізілді. Жаңа форматтағы «Атаулы әлеуметтік көмек» түрін көрсетуге бюджеттен 2,8 млрд теңге бөлінді.
Облыс әкімінің орынбасары Қ.Ысқақов, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы (Т.Дүйсебаев):
- әлеуметтік келісімшарт негізінде жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек алатын еңбекке қабілетті отбасы мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын;
- аз қамтылған азаматтарға жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің уақытылы тағайындалып, төленуін қамтамасыз етсін.
- 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілуі көзделген кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақыны өтеуге қажетті жұмыстарды жүргізсін.
Жолдаудағы «Үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт» бағыты, оның ішінде аурудың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу – басты міндеттеріміздің бірі.
Тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға алыстан диагностика жасап, сондай-ақ, осы саланы амбулаторлық емдеу арқылы басқаруға көшу қажеттілігі айтылды. Бұл тәжірибе әлемде бұрыннан қолданылып келеді, сондықтан, тәжірибеге белсенді түрде енгізу керек.
Қатерлі ісік ауруларын ерте диагностикалауда, емдеуде халықаралық озық тәжірибелерді кеңінен енгізу қажет. Осыған байланысты көпсалалы (онкологиялық профилі бар) 300 төсекке арналған қалалық аурухананың жобалық-сметалық құжаттамасын дайындап, құрылысты жоспарлау қажет.
Жолдауда ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажеттігі көрсетілген.
Электронды денсаулық сақтауды дамыту концепциясына сәйкес, 2016 жылдан бастап денсаулық сақтау саласын ақпараттандыру жұмыстары жүйеленді. Қазіргі таңда облыстағы медицина ұйымдарының 95%-на медициналық ақпараттық жүйелер енгізіліп, IT-инфрақұрылымдары жақсартылып, жұмыс жасауда.
Саланың компьютерлік техникамен жабдықталу көрсеткіші 85,2%-ды құрады.
Облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы (А.Әлназарова):
- денсаулық сақтау саласын цифрландыруға байланысты арнайы Жол картасын 2 ай көлемінде әзірлеп, ұсынсын;
- ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу бағытында жұмыстарды жандандырсын;
- облыс бойынша барлық емдеу, алдын алу ұйымдарының медициналық ақпараттық жүйеде жұмыс жасауын қамтамасыз етсін;
- міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге дайындық жұмыстарын сапалы жүргізсін;
- амбулаториялық деңгейде созылмалы ауруларды басқару бағдарламасына көшу бойынша жұмыстарды ұйымдастырсын;
- қатерлі ісік ауруларын ерте сатысында анықтау жұмыстарын сапалы жүргізіп, жандандырсын;
- көпсалалы 300 төсек орынға арналған аурухананың жобалық-сметалық құжаттамасын дайындап, ұсынсын;
- ауруларды ерте диагностикалауда, емдеуде халықаралық озық тәжірибелерді кеңінен енгізу жөнінде нақты шаралар қабылдасын.
- жастардың репродуктивті денсаулығын қорғауға және нығайтуға ерекше назар аудара отырып, үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен жобаларды жүзеге асырсын.

Құрметті актив жиынына қатысушылар!

Жолдауда көрсетілген негізгі ойлар – Қазақстандағы қоғам дамуының жаңаша жалғасы.
Республикадағы ұлттық білімнің еш елге ұқсамайтын бет-бейнесін қалыптастыру, ұлттық әліпбиді жеделдету жөніндегі талаптарды мемлекеттің рухани болмысын анықтайтын, ұлттық мәдениетін бекітетін бірінші кезектегі шаралар деп бағалауымыз керек.
Бүгінгі Қазақстанның мәдениетінен бастап, өнеркәсібіне дейін жаңа цифрлық технологияны тез меңгеруге, айналымға жедел енгізуге тиіспіз. Жолдау – ескі жүйеден арылудың жаңа жолы, рухани жаңғырудың жаңа бағыттағы өсу белгісі деп білемін.
Маңызды құжаттағы «Тиімді мемлекеттік басқару жүйесін құру», «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігін орнатуды» жетілдіре түсу жоғарыда айтылған міндеттердің толыққанды орындалуынан жүзеге асады. Цифрлық жүйеге көшу – ашықтықтың, жариялылықтың белгісі. Ал, ашықтық болған жерде сыбайлас жемқорлыққа мүмкіндік берілмейді.
Тиімді мемлекеттік билік қана халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын жақсартып, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шеше алады.
Қазіргі уақытта «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасы аясында елдің мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мақсатында кезекті кең ауқымды жүйелі реформа жүзеге асырылуда.
Жолдаудың сегізінші міндеті – Мемлекеттік әкімшілендіру кезінде кәсіпкерлік құрылымдарға әкімшілік қысымды (шығындарды) қысқарту және мемлекеттің араласуы артық салаларда тәртіп орнату міндеттерін қойып отыр.
Бұл міндеттердің орындалуына келесі шаралар жағдай жасайды: бизнесті реттеуге қатысуды әрі қарай азайтуға бағытталған заң қабылдау, бизнес-климатты, әсіресе өңірлік деңгейде жақсарту. Сонымен қатар, мемлекеттік органдарға бағынышты ұйымдардың санын қысқарту есебінен жекешелендіру жоспарын кеңейте отырып, оны іске асыру жеделдетіледі. Бұл саладан босаған қаражаттар мемлекеттік қызметшілердің факторлық-балдық шкалаға негізделген жаңа еңбекақы жүйесін енгізуге бағытталады. Жұмыстың сипаты мен тиімділігін ескере отырып, орталықтағы және өңірлердегі мемлекеттік қызметшілер жалақысының диспропорциясын қысқартады.
Осы бағытты жүзеге асыруда Үкімет бизнесті қолдау және оны көлеңкеден шығару жөніндегі жүйелі шаралардың жаңа пакетін дайындап қана қоймай, сонымен бірге, Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, 2018 жылы орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда осы жүйені енгізудің пилоттық жобаларын іске асыратын болады.
Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы «бір өтініш» қағидаты бойынша жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызмет көрсетуге көшуге мүмкіндік береді. «Бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету үдерістерін цифрландыру қамтамасыз етіледі. Осылайша, сыбайлас жемқорлықпен күрес және заңның үстемдік құруы – Қазақстанның жаңа әлемге ену стратегиялық мақсатына қол жеткізетін болады.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жолдауда «Смарт Сити» қалалық ортаны басқару жүйесінің тұжырымдамасын енгізуге ерекше мән қойды.
Әлемде қалалар инвесторлар үшін күреседі, ал олар жайлы өмір сүріп, жұмыс істейтін тиімді қаланы таңдайды. «Смарт сити» жобасы өңірлердің дамуына, инновацияның таралуына, өмір сапасын көтеруге бастама беруі тиіс.
Осы тұста айта кету керек, біз Астананың тәжірибесін қолданып, қаламыздың сәулетін, әлеуметтік-экономикалық әлеуетін өркендетуіміз қажет. Біз Қызылорда қаласының бас жоспарына сәйкес, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы аумақты кешенді түрде игеруді бастадық.
Microsoft компаниясымен келісім-шарт негізінде дарияның сол жақ бөлігі «Smart city», яғни, «ақылды қала» жүйесіне енгізілмек.
Алғашқы аймақтық «Smart City» концепциясы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сол жағалауда ІТ мамандары мен өндіріс орындарының жұмыстарын біріктіру мақсатында ІТ кварталы салынуы қажет.
Облыс әкімдігіндегі Ахуалдық орталық арқылы облыс бойынша барлық мәлімет онлайн түрде тіркеліп, мобильді түрде тиісті жұмыстар жасалып отыр. Орталықта аймақтың дамуын сипаттайтын экономикалық көрсеткіштер қорытындысын болжау бойынша бағдарламалық-математикалық үлгіні енгізу жұмыстары да жүргізілуде. Мысалға, қазіргі таңда «Ауыл шаруашылығы» блогында Machinе-Learning технологиясын қолдану арқылы күріштің шығымдылығын болжау, ал, су шаруашылығы саласында су тасқыны жағдайларын рельефті модельдеу бағыты дамытылып жатыр. Бұл жұмыстар Елбасы қойған міндеттерге жетудің алғышарттары ғана болып табылады.
Жолдауда айқындалған басымдықтар мен мақсат-міндеттерді жүзеге асыру жүйесін тиімді қалыптастыру мақсатында жергілікті атқарушы органдардың басқару сызбасы мен ішкі құрылымына, облыс әкімі орынбасарларының өзара қызметтік бөлінісіне өзгерістер енгізуді облыс әкімі аппаратының басшысы М.Делмұхановқа тапсырамын.
Ақпарат ағымының жылдам тарап, жалған ақпараттың көбейіп тұрған кезінде Елбасы Жолдауында көрсетілген мақсаттарға қол жеткізу үшін халыққа дұрыс түсіндіру жұмыстарын жүргізу – аса маңызды.
Ақпараттық түсіндіру тобының мүшелерімен жүргізілген жұмыстардың түпкі нәтижесі әрбір қызылордалыққа Жолдауда айтылған міндеттердің іске асырылатынын сезіндіруі қажет.
Облыстық ішкі саясат басқармасына (А.Қайруллаев) бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуді, оның ішінде интернет ресурстар мен әлеуметтік желілерде белсенді жүзеге асыруды тапсырамын.
Бүгінгі актив жиынының басты мақсаты – Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асырудың негізгі мәселелерін қоғам өкілдерімен бірге талдап, айтылған ұсыныс-пікірлерді ортақ оймен қорытындылау, оны халыққа түсінікті тілмен жеткізу.
Мақсатымыз – жаңа шындық жағдайында мықты және жауапты адамдардан тұратын біртұтас ұлт болу. Осы жолда баршамызға сәттілік тілеймін. Рахмет!

* * *

Жиында облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов баяндама жасап, адами капиталдың жаңғыру негізі екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш өсіру ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ғалым-селекционер, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Александр Подольских хабарлама жасады. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасында қолдау білдіргені үшін облыс әкімдігі мен қызылордалықтарға ризашылығын білдірді. Агросаланы дамыту үшін оны өндіріспен ұштастыру керектігіне де тоқталды. «Әлемде күріш сорттарының екі негізгі түрі өсіріледі – «Индика» және «Японика», ал әлемдік нарық сұранысының 80 пайызы «Индика» түріне тиесілі. Біз халықаралық және ресейлік күріш шаруашылығын ғылыми-зерттеу институттарының тәжірибелері негізінде жаңа селекциялық технологияны әзірлеп, оған патент алдық. Сонымен қатар, биылдан бастап Қызылордада кәсіпкерлердің сұранысын ескеретін сорттар нарығы жұмысын бастайды. Одан бөлек, өнімді терең өндеу жұмыстары да жүргізілуде. Мәселен, 500 мың тонна өнімді өңдеу барысында 100 мың тонна күріш қабығы мен 500 мың тонна күріш сабаны қалады. Ал күріш қалдықтарын су мен тыңайтқыштарды үнемдеу мақсатында топыраққа қосуға және жоғары сапалы қағаздың түр-түрін жасау үшін пайдалануға болады», – деді ол.
Мұнан соң облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Индира Ақжігітова хабарлама жасап, цифрлық технологиялардың ерекшеліктерін алға тартты.
Жалпы, қазір барлық салада цифрландыру қарқынды жүргізілуде. Дүние жүзінде 15-тен аса мемлекет цифрландыру бағдарламасын қабылдаған. Оның жетістігін көріп отырған елдер де баршылық. Жолдауда «SMART CITY» тұжырымдамасы негізге алынған. Нақты міндеттің бірі болып Қарағанды облысы денсаулық саласы, Павлодар аймағы білім, ал, Қызылорда «ақылды басқару» бойынша пилоттық өңір болып бекітілді. 4 жыл ішінде үздік жобалар іріктеліп, өзге облыстарда жүзеге аспақ. Жалпы, «SMART CITY» дегеніміз – бұл «ақылды қала». Ол халықтың қолайлы өмір сүру жағдайларын жақсарту үшін ресурстар мен қызметтерді басқару тиімділігін арттыру стратегиясы болып табылады. «SMART CITY» бағыттары Канадада (қауіпсіздік), Барселонада (көлік), қалдықтарды жою бойынша АҚШ-та, әлеуметтік қызметтерді көрсету саласы бойынша Сингапурда, дистанциондық білім беруде Стэнфорд – АҚШ-та, медициналық көмек көрсету бойынша Ұлыбританияда дамыған. Елбасының айтуынша, «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін. 2018 жыл – Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл. Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы – баршамыздың ортақ мақтанышымыз. Заманауи технологиялар жылдам өсіп келе жатқан мегаполистің проблемаларын тиімді шешуге жол ашады. Осындай мәліметтерге сүйенген И.Ақжігітова санды жүйеге негізделген технология адам өмірін жақсарту үшін қолданылатынын атап өтті. Тіпті, «егер науқас адамға жедел жәрдем шақырғанда ол кісі туралы барлық деректер емдеу мекесінде тұрады» деген мысал келтірді. Қалай дегенде де, жаңа технологиялардың біздің өмірімізге дендеп еніп келе жатқаны белгілі. Бұл тұрғыдан келгенде облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары дұрыс бастама көтеріп отыр.
Актив жиынында «Orda Glass Ltd» ЖШС басқарма төрағасы Е.Сағымбаев пен Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Есептеу техникасы және ақпараттық жүйелер» кафедрасының меңгерушісі С.Ибадулла да Жолдауға қатысты жаңа міндеттер тұрғысында тұшымды баяндама жасады.
Жиын соңында облыс әкімі өз орынбасарлары мен басқарма басшыларына Жолдаудан туындайтын міндеттерге байланысты тапсырмалар беріп, мәжілісті қорытындылады.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 қаңтар 2018 г. 1 097 0