Байқайсыз ба, соңғы кездері қалада «ұлттық асханалар» көбейген. Қытай, корей, ұйғыр, өзбек сынды дәмханаларға сұраныс артқан. Атаулары да сол елдің салтынан хабар беріп тұрады. Әсіресе, жастар жапон ұлтының сушиын сүйіп жейді. Тіпті, тапсырыспен алдырып жатады. Жарнамасы да ерекше. Жеңілдіктер де қарастырылған. Қоңырау шалсаңыз болды, үйіңізге әкеліп береді. Құнарлығы бойға сіңімді болмаса да, ақшасы салмақты. Шетелдің фаст-фуд өнімдеріне де қызығушылық басым. Балалардың ең дәмді асына айналған өнімді Бонн университетінің ғалымдары иммундық жүйеде инфекция кезінде пайда болатындай реакция туғызады деген қорытынды шығарды. Өйткені онда май мен көмірсу көп. Соның салдарынан созылмалы қабыну, диабет секілді өзге де аурулар қаупі күшейеді екен. Сондықтан фаст-фуд тағамдарын балаларға берерде ойналғанымыз жөн.
Ал, мейрамхана мәзірлеріне келер болсақ, өзге елдің тағамдарын қиналмай табасыз. Ұлттық тағамдарымызды сол тізімнен кездестіре бермейтініміз өкінішті. Қазақы мол дастарханымыз сан алуандығымен қоса денсаулыққа да пайдалы екенін ескермей жүрміз. Осы орайда ұлттық тағамдарымыздың дәріптелуі жағынан кейіндеп қалып бара жатқандаймыз. Ал, сіз қалай ойлайсыз?
Бүгінде түріктің донері, итальяндықтардың пиццасы мен американдықтардың бургері қолжетімді. Кез келген сауда орындарында орналасқан асханаларда әп-сәтте дайындап береді. Осы өнімдерге арналған арнайы дүңгіршектерді қаланың кез келген тұсынан кездестіресіз. Олардың саны да күн өткен сайын артып келеді. Сонымен бірге, өзге ұлттың асханасына бас сұқсаңыз, даяршыларына дейін ұлттық киімдерін киіп, сізге қызмет етеді. Дәмханалары салт-дәстүрлеріне сай жабдықталған. Мәзірді ашсаңыз, басты тағамдар тізімі ұлттық астарынан бастау алады. Іштей қызығасыз. Ұлттық тағамдарын дәріптеп, құрамында қандай өнімдер бар екенін жіктеп айтып береді. Кейде отбасымызбен демалуға шыққанда балаларға дейін пиццаға тапсырыс беруді сұрайды. Бұл өнімдердің денсаулыққа қаншалықты пайдалы екенін білесіз бе? Жоқ. Ойланып та көрмедік. Зиян екенін естіп жатамыз. Алайда, тәттілігін ескеріп, ойымызды жоққа шығарамыз. Ал, өзіміздің ұлттық тағамдарымызды дайындайтын мейрамханалар санаулы. Жоқтың қасы десе де болады. Кейбір кәсіпкерлеріміз аспаз мәселесінің өзектілігінен корейдің асханасына аспазды Кореядан, түріктің асханасына Түркиядан аспаз алдырып жатады. Қазақтың асханасын жетік білетін аспаздар санаулы. Жоғары оқу орындарында ұлттық тағамдардың жасалуын оқытатын мамандықтың жоғы осы мәселенің бір себебі болып отыр.
«Ас – адамның арқауы» деп бекер айтылмаған. Кез келген елдің өзіне тән ұлттық асханасы бар. Көптеген елдер туризмді дамыту үшін ұлттық асханаларына да ерекше мән береді. Осы ретте біз де өзгелерден үлгі алуымыз керек секілді. Өзге елді қызықтыру үшін біздің ұлттық тағамдарымыз бен сусындарымыз ешкімнен кем түспек емес. Қайта құнарлығы мен пайдасы жағынан тең келетін сусын жоқ деп айта аламыз. Қазақтың қымызы мен шұбатын ішсеңіз, дәмі бал татиды. Тағамдарымыз тойымды, денсаулыққа пайдалы. Мәселен, жаубүйрек, жөргем, жұмыр, қуырдақ, мипалау, нарын, түймеш, үлпершек, шұжық, бұқтырма сынды ұлттық тағамдар қайта жаңғырып, дастарханымыздан табылса, құба-құп болар еді. Біздің де ұлттық тағамдарымыз дайындалатын асханалар ашылып, қазақы дәмнің иісі аңқыса, кім бас тартар деп ойлайсыз?
Қазіргі таңда ұлттық тағамдарымыздың танымалдылығы ауадай қажет. Сонда бүкіл әлем қымыз, шұбат пен қазының қазақтікі екенін біледі. Ұлттық тағамдардың бренд ретінде қалыптасуына қол жеткізудің ұтымды жолын табатын уақыт жеткендей. Тек күндердің күнінде ұлттық тағамдарымыздың атын көнерген сөздердің қатарынан іздеп қалмасақ болғаны.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».