ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қызылордада Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі міндеттерін талқылауға бағытталған актив отырысы болып өтті.
   Облыс әкімі Қ.Көшербаев Төртінші өнеркәсіптік революция – болашақ емес, бүгінгі күннің көрінісі екенін атап өтті.
  «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы өмір сүру жедел бейімделуді талап етеді. Жуырда Татарстан Республикасына іссапар барысында олардың тың жаңалықтары көп екеніне көзіміз жетті. Иннополис «ақылды қаласында» тіпті мектеп оқушыларының өзі 3D-принтерлерді қолданып жүр. Осы орайда облыс әкімінің арнайы білім гранттары бөлініп, Елбасы Жолдауында көрсетілген болашақта сұранысқа ие болатын кадрларды дайындайтын боламыз»,- деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы лауазымды тұлғаларға облыс мектептерін интернет және видеоқұрылғылармен қамтамасыз етіп, балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру және жас ғалымдарға ғылыми гранттар аясында квота бөлуді жүйелі қолдану бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
Жаңа Жолдау шеңберінде жұмыс істейтін және  басқа да жоспарланған шаралар туралы мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, И.Жахаев атындағы күріш шаруашылығы қазақ ғылыми-зерттеу институының бас ғылыми қызметкері, «100 жаңа есім» бағдарламасының жеңімпазы Александр Подольских, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Индира Ақжігітова, «Orda Glass Ltd» ЖШС басқарма төрағасы Ержан Сағымбаев және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің есептеу техникасы және ақпараттық жүйелер кафедрасының меңгерушісі Сәбит Ибадулла баяндады.
 И.Жахаев атындағы күріш шаруашылығы қазақ ғылыми-зерттеу институының бас ғылыми қызметкері Александр Подольскихтің айтуынша, Қызылордада жаңа селекциялық технология жасақталып, оған патент алынды.
«Әлемде күріш сорттарының екі негізгі түрі өсіріледі – индика және японика, ал әлемдік нарық сұранысының 80 пайызы индика түріне тиесілі. Біз халықаралық және ресейлік күріш шаруашылығын ғылыми-зерттеу институттарының тәжірибелері негізінде жаңа селекциялық технологияны әзірлеп, оған патент алдық. Сонымен қатар, биылдан бастап Қызылордада кәсіпкерлердің сұранысын ескеретін сорттар нарығы жұмысын бастайды. Одан бөлек, өнімді терең өндеу жұмыстары да жүргізілуде. Мәселен, 500 мың тонна өнімді өндеу барысында 100 мың тонна күріш қабығы мен 500 мың тонна күріш сабаны қалады. Ал күріш қалдықтарын су мен тыңайтқыштарды үнемдеу мақсатында топыраққа қосуға және жоғары сапалы қағаздың түр-түрін жасау үшін пайдалануға болады», - деді Александр Подольских.
Актив отырысының қорытындысымен облыс әкімі мемлекеттік орган басшыларына Жолдауды жан-жақты жүзеге асыру бойынша нақты міндеттер жүктеді.
 Жаңа формация мамандарын даярлау бойынша облыс көлемінде жұмыс басталғанын атап өту керек. Мысалы, Татарстан Республикасы Президентімен Қазан қаласындағы университеттердегі ақпараттық технологиялар мамандығы бойынша қызылордалық студенттерді оқытуға грант бөлу туралы келісімге қол жеткізілді және осы жылдан бастап жыл сайын М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде жастардың «Киберқауіпсіздік» және «Процестерді математикалық модельдеу» мамандықтары бойынша білім алуына 20 грант бөлінеді.
Сондай-ақ,сұранысқа ие мамандарды даярлау мақсатында Майкрософтпен келісім бар және  МИСИС-мен Қызылордада машина жасау саласындағы жаңа материалдар мен технологияларды әзірлеуге арналған 3D-баспа технологиясын қолданатын бөлімдер құру бойынша ғылыми-зерттеу және өндірістік-технологиялық Мәскеу орталығын құру туралы келіссөздер жүргізілуде. Сонымен қатар, цифрлық шешімдердің көшбасшысы, қытайлық Huawei компаниясымен «Ақылды қала» технологиясын енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ал, 2017 жылдың желтоқсанында 137 команда IT-шешімдерін ұсынған «HackDay-2017» бірінші аймақтық фестивалі ұйымдастырылған болатын.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 қаңтар 2018 г. 632 0