Теңіз төскейінің жұртшылығы тағы да бір жағымды жаңалықтың куәсі болды. Бұл аудан аумағынан өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойындағы Сапақ елді мекенінде жаңа «С» санатты сервистік қызмет көрсету кешенінің іске қосылуы болатын, ашылды. Халықаралық маңызы бар күре жол бойындағы жеке кәсіпкер Гүлзия Елешованың «444» сервистік кешені ауданда осы бағытта ашылған үшінші нысан екендігін атап өткен жөн.
Салтанатты шарада сөз алған Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев Елбасымыздың кәсіпкерлік саласын қарқындатуға баса мән беріп, ерекше назар аударатындығын, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында ауданда бірқатар тірліктер атқарылып жатқанын, соның бір айғағы бүгін жұмысын бастағалы тұрған сервистік нысан екендігін айта келе кешен жұмысына сәттілік тіледі.Мұнан соң Арал ауданының құрметті азаматы, дербес зейнеткер Шәкірат Дәрмағамбетов ақсақал Елешовтардың отбасылық кәсіптеріне батасын берді.
Жеке кәсіпкер Г.Елешованың эскиздік жобасы 2016 жылдың қараша айында облыстық сәулет-қала құрылысы кеңесінде мақұлданып, кәсіп иесіне өткен жылдың басындаында ауданға қарасты Сапақ ауылдық округі әкімдігі тарапынан тиісті жер учаскесі табысталып, мамыр айында «Сервистік қызмет көрсету нысанының» құрылыс монтаждау жұмыстары басталған болатын.
Жоба құны 60 млн теңгені құрайтын кешенді толығымен іске асыру мақсатында кәсіпкер 2017 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 10 млн теңге несие алған. Қазіргі таңда аталған бағдарлама аясында алынған несиенің пайыздық мөлшерлемелері субсидиялануда. Кешенде 50 адамға арналған қоғамдық тамақтау орны, азық-түлік дүкені, қонақ үйі, жүк және жеңіл автокөліктерге арналған автокөлік тұрағы бар. Кәсіп аясында қазіргі таңда 9 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, қосымша маусымдық кезеңдерде 25 адамға дейін жұмыс орындары ашылмақшы.
Жұмабек Табынбаев,
Арал ауданы.