Бүгінде қазақстандықтардың шамамен тең жарымы елді мекендерде тіршілік етеді. Ал облыс халқының 60 пайызға жуығын ауылдық жерлердің тұрғындары құрайды. Олардың басым бөлігінің күнкөрісі, әлеуметтік-экономикалық жағдайы ауыл шаруашылығы өндірісіне тікелей байланысты.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары аталған сектор алапат өзгерісті бастан өткерді. Дегенмен, мемлекет бұл қиындықтарды жеңіп, ауқымды жаңғыру арқылы қарыштап дамыды. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде ауылдың еңсесін тіктеп, өнеркәсіпті өрге сүйреді. Салаға қолдау еселеп артып, ауыл өмірінде серпіліс пайда болды. Оны облыстың аграрлық секторындағы соңғы бес жылдағы көрсеткішінен де анық байқаймыз. Ал қолдау бар жерде қайтарымы да болатыны анық.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемі 2013 жылы 5,4 млрд теңге болса, ол былтыр 9,3 млрд-ға өскен. Соған сәйкес жалпы сала өнімінің ауқымы 2013 жылмен салыстырғанда, 13,8 млрд теңгеге артты (2013 жылы – 72,3 млрд, 2017 жылы – 86,1 млрд теңге). Ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция көлемі жөнінен де айтарлықтай өсім бар. 2013 жылғы көрсеткіш 214,6 млн теңге шамасында болса, 2017 жылы 5 012,2 млн-ға жетті. Арадағы азғантай уақытта көрсеткіш 23,4 есе артқан. Тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға жұмсалған инвестиция сомасы да 5,1 есе артып отыр (2013 жылы – 122,3 млн, 2017 жылы – 619,3 млн теңге).
Егінді өсіре білу – алғашқы асу ғана, ал ысырапсыз жинап алу – мәре». Дала академигі Ыбырай Жақаевтың аталы сөзін өмірлік қағидаға айналдырған Сыр диқандары жылда егінді шашпай-төкпей жинап алып, қамбаны қызылға толтыруға дағдыланған. Ала жаздай атыз жағалайтын олардың тынымсыз еңбегінің арқасында 2016 жылғы рекордтық көрсеткіш тағы да жаңарып, негізгі дақылдан бұрын-соңды болмаған өнім алынды. 91 мың гектар егістіктің әр гектарынан 55,3 центнерден өнім жиналып, ел қамбасына жарты миллион тоннадан астам күріш құйылды. Осылайша облыс күрішшілері бесінші жыл қатарынан рекордтық көрсеткіштен қол үзген жоқ. Айта кетейік, былтыр суармалы су көлемі көп болып, соған байланысты Сыр салысы 10,8 мың гектарға артығымен егілген-ді. Жалпы, күріштің әр гектарынан алынған өнім көлемі бес жыл бұрынғыдан 6,5 центнерге артық.
– Аймақта жоғары сұраныстағы күріш сорттарын өсіру кеңінен жолға қойылған. Өткен жылы Ресейдің Краснодар өлкесінен 333 тонна элиталық сорттар әкелініп, тұқым шаруашылықтарында 1300 гектардан астам жерге егілді. Сонымен қатар, азық-түлік тауарларының экспортын арттыру, күріш жармасын сұранысы жоғары, қымбат нарықтарға шығару мақсатында жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы орайда Иран халқы көп тұтынатын «Тором Хошеми» сортты күріш тәжірибелік негізде Қармақшының «Ақтөбе және К», Қазалының «Сыр маржаны» шаруашылықтарында өсіріліп, жоғары сапа мен мол өнімге қол жеткіздік, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Өмірбек Пашкенов.
Күріш экспортының көлемін ұлғайтып, жаңа нарықтарды игеру бағытындағы жұмыс әлі де жалғаса береді. Ол үшін «Тором Хошеми» сортының егіс көлемін 2021 жылы 5 мың гектарға жеткізіп, жылына кем дегенде 10 мың тонна күріш экспорттау көзделіп отыр. Ендігі бір міндет – сапалы тұқым, озық техника мен жабдықтарды пайдалану, суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарта отырып, мол өнім алу.
Аграрлық саладағы экспорт ауқымын арттыру міндеті мал шаруашылығын да айналып өткен жоқ. Халықаралық эпизоотиялық бюроның шешіміне сәйкес, Қызылорда облысы 2017 жылы аусыл ауруынан таза аймақ мәртебесін алып, буферлік аймақтан шықты. Осының нәтижесінде өткен тамызда Қызылорда қаласына қарасты «Күшімбаев Агро» кооперативі ирандық «Inchen Broon Cooperative, Inc» компаниясына тірілей салмағы 26,5 тонна тартатын 812 бас қозыны экспорттады. Одан бөлек, Жамбыл облысы арқылы Біріккен Араб Әмірлігіне барлығы 1132 бас қой («Ынтымақ» ШҚ – 313, «Ақсеңгір» ШҚ – 377, «Бақытжан» ШҚ – 442 бас) экспортқа жіберілді. Жаңақорған ауданының қой шаруашылықтары Моңғолияға 300 бас қозы жіберді. Кооперативтер өндірген 342,45 тонна ет, 133,3 тонна сүт, 382 тонна бақша өнімдері және 3 тонна құс еті ішкі нарыққа өткізілсе, 3 кооператив ұсынған 73 тонна бақша өнімдері Ресей асты. Қозы етін экспорттау мақсатында Сырдария ауданында 10 мың бас аналық қой өсіріп, жылына 250 тонна қозы етін өндіретін мал шаруашылығы кешенінің құрылысы аяқталды.
Атқарылып жатқан шаралар нәтижесінде 2017 жылдың қаңтар-қараша айларында облыс бойынша 89,5 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталған. Бұл 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 37,4 пайызға немесе 24,4 мың тоннаға көп. Оның ішінде экспортталған күріш көлемі 84,6 мың тоннаны құрап, алдыңғы жылдың сәйкес кезеңінен 38,9 пайызға немесе 23,7 мың тоннаға артты.
Алдағы уақытта сала өкілдері майлы дақылдар егісінің көлемін арттыру арқылы май өңдеу зауыттарын салып, өсімдік майын экспорттауға, Сырдария ауданындағы «Абай Дәулет» ЖШС базасында салынып жатқан ет комбинатын іске қосу арқылы Иран, Қытай және Біріккен Араб Әмірлігі мемлекеттеріне тоңазытылған қой етін экспорттауға міндеттеліп отыр.
– Ал Қазалы ауданындағы «Сыр маржаны», Сырдария ауданындағы «Шаған жер» және Қызылорда қаласындағы «Саламат Агро» серіктестіктерінің бордақылау алаңдары арқылы экспортқа тоңазытылған сиыр еті шығарылмақ, – дейді Ө.Пашкенов.
Статистика аймақта мал басының көбейгеніне де айғақ бола алады. 2013 жылмен салыстырғанда, мүйізді ірі қара – 60,7 мың, қой мен ешкі – 40,7 мың, жылқы – 39,5 мың, түйе 9,2 мың, құс 19,1 мыңға артқан. Қазіргі кезде барлығы 309,6 мың бас мүйізді ірі қара, 586,7 мың бас қой-ешкі, 120,5 мың бас жылқы, 42,4 мың бас түйе, 112,8 мың бас құс өсіріліп жатыр. Есепті кезеңде облыс бойынша барлығы 35 мың тонна ет (тірі салмақта), 84,7 мың тонна сүт, 793,4 тонна жүн және 6707,3 мың дана жұмыртқа өндірілді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қай жағынан да өсім бар. Асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуға ағым-дағы жылы бөлінген 1878,5 млн теңге қаржы толық игеріліп, 675 шаруашылыққа субсидия төленді. Мал шаруашылығын өркендету мақсатында қабылданған «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларының шаруашылықтарға шапағаты тиді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы аталған бағдарламалар аясындағы жоспардың асыра орындалғанын алға тартты.
Облыста бүгінгі күні 3470 жеке шаруашылық біріккен 249 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істейді. Былтыр құрылған 45 кооперативтің басым бөлігі ет бағытында болса, қалғандары сүт, бақша, құс шаруашылығы бағытындағы шаруамен айналысады. Оның ішінде 4 кооперативтің модульді мал сою бекетін,
8 кооперативтің сүт қабылдау бекетін, 4 кооперативтің рефрижератор сатып алу жөніндегі өтініштері мақұлданып, субсидия берілді. Нәтижесінде бүгінгі күні 801 отбасылық мал бордақылау алаңы құрылып, олар 16133 бас мүйізді ірі қараны бордақылауға кірісті. Сонымен қатар, 3928 бас сиыр сатып алынып, 385 шағын отбасылық сүт фермасы құрылды. Ірілі-ұсақты шаруашылықтар мен қожалықтардың басын қосқан мұндай құрылымдарды ауыл шаруашылығын дамыту саласындағы мемлекеттік саясаттың жарқын көрінісі десек болады.
Өткен кезеңде Қызылорда қаласында құрылысы бітпей тұрған 120 жылыжайды іске қосу бағытында біршама жұмыс жүргізілді. Бүгінде соның 50-і кәдеге жарап тұр. Сонымен қатар, Қарауылтөбе ауылдық округінде аумағы 1 гектар болатын жылыжай іске қосылып, өнім алынды. Қазіргі уақытта Жаңақорған ауданының агроаймағында 1 гектар жылыжай салынып жатыр. Бұдан бөлек, «КазАгроМир» ЖШС биыл облыс орталығында кешенді жылыжай құрылысын бастауға ниетті. Әдетте жылыжай шаруашылығын дамыту азық-түлік қауіпсіздігі мен тұтынушыны арзан көкөніс түрлерімен қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
Біздің облыста ауыл шаруашылығы саласын дамыту – алға қойған басым бағыттардың бірі. Президент ауыл шаруашылығын ел экономикасының жаңа драйверіне айналдыруды тапсырғаны белгілі. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс жүйелі түрде жалғасын табары сөзсіз.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».