НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ: ӘДІЛЕТТІ ӘЛЕМДІК ТӘРТІПКЕ БІРЛЕСЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗУІМІЗ КЕРЕК

Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» тақырыбы бойынша жоғары деңгейдегі жиын өтті.

Жиынды ашқан Мемлекет басшысы отырысқа қатысқаны үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы А.Гутерришке, Польша Республикасының Президенті А.Дудаға және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше басқа да елдердің делегация басшыларына ризашылық білдірді. Бұл туралы ҚР Президентінің ресми сайтында хабарланды.

Нұрсұлтан Назарбаев:

Әділетті әлемдік тәртіпке

бірлесе қол жеткізуіміз керек

– Мүмкіндікті пайдалана отырып, Президент Дуданы Польшаның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметінің басталуымен құттықтаймын. Сонымен бірге, Кот-д’Ивуар, Кувейт, Перу және Экваторлық Гвинеяны да биыл Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуымен құттықтаймын. Жаһандық ұйымның осы маңызды органы аясында ынтымақтастық пен ықпалдастық танытып, бірлесе жемісті жұмыс істейміз деп үміттенемін, – деді Қазақстан Президенті.

Күн тәртібіндегі БҰҰ-ның Бас хатшысы А.Гутерриштің баяндамасынан кейін Мемлекет басшысы Кеңес мүшелеріне арнап мәлімдеме жасады.

– Біз Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын және бүгінгі төрағалық қызметімізді әлемдік қоғамдастықтың елімізге және оның бейбітшіл саясатына деген сенімі деп білеміз. Бұл мәртебелі қызметтегі Орталық Азияның бірінші мемлекеті бола отырып, біз Дүниежүзілік ұйымның бұл маңызды органындағы өңір халықтарының «үніне» айналдық, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жұмысына өткен жылғы қосқан үлесін атап өтті.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті бейбітшілік пен қауіпсіздікке қол жеткізу жолындағы сенім шаралары шиеленістің алдын алу және маңызды жаһандық проблемаларды шешу кезінде негізгі рөл атқаратынын айтты.

– Мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясының мінберінен Азиядағы қауіпсіздік және сенім шаралары жөніндегі өңірлік құрылым құру туралы ұсыныс айтқан болатынмын. Тынымсыз дипломатиялық жұмыстың нәтижесінде бұл механизмді құруға қол жеткізілді. Бүгінде Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі өңірдегі 26 мемлекетті біріктіріп, табысты жұмыс істеуде. Ширек ғасырдан кейін тағы да Біріккен Ұлттар Ұйымында Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстанның атынан сөз сөйлеп тұрмын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы сенім шараларын күн тәртібінен түсірмеу қажеттігін, Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа негізделген қаруды таратпау режимін нығайту мәселесінде терең ментальді өзгерістер мен көпжақты жаңа саяси шешімдер қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев қаруды таратпау саласындағы сенімді нығайта түсуге бағытталған бірқатар шараларды ұсынды.

Соңында Мемлекет басшысы қақтығыстарды тиімді шешу үшін әлемдік ядролық державалар арасында өзара түсіністік пен өзара сенім орнатудың маңыздылығына назар аударды.

– Әлемдік қоғамдастық – алуан түрлі және көп қырлы сипаты арқылы күшейе түскен біртұтас организм. Ол жер бетіндегі ұлттар мен халықтар арасында теңгерім мен үйлесім болған кезде ғана алға басып, дами алады. Сол себепті, біз халықаралық құқық үстемдігіне негізделген қауіпсіз әлем мен әділетті әлемдік тәртіпке бірлесе қол жеткізуіміз керек. Бұл істе Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің рөлі зор және оған тарихи миссия жүктелетіні де сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Кеңес отырысында Польша Президенті А.Дуда, Кувейт Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Шейх Сабах Халед Әл-Сабах және Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі С.Лавров сөз сөйледі.

***

Нұрсұлтан Назарбаев Польша Республикасының Президенті Анджей Дудамен кездесті.

Мемлекет басшысы әңгімелесу барысында А.Дуданы Польшаның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметінің басталуымен құттықтады.

– Бүгінгі кездесу қарым-қатынастарымызды талқылау үшін бізге зор мүмкіндік береді. Польшаның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2018-2019 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметінің басталуымен құттықтаймын. Біздің ой-пікіріміз бен Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмыс бағытымыздың ұқсас екеніне қуаныштымын. Менің Варшаваға сапарым және Сіздің өткен жылғы Астанаға сапарыңыз әлі есімде. Мұндай кездесулер бізді әрі елдерімізді жақындата түседі, – деді Қазақстан Президенті.

А.Дуда кездескеніне және екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылау мүмкіндігі болғанына ризашылық білдірді.

***

Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті.

Әңгімелесу алдында Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. Кездесуде тараптар Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығымен байланысты өзекті мәселелерді талқылады.

***

Қазақстан Президенті Америка Құрама Штаттарына ресми сапарының қорытындысы бойынша бас-пасөз мәслихатын өткізді.

Мемлекет басшысы баспасөз мәслихаты барысында отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Атап айтқанда, Қазақстан-Америка қарым-қатынастарын дамытудың басым бағыттары мен келешегі, халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында қол жеткізілген уағдаластықтар сөз болды. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуіне және еліміздің әлемде ядролық қаруды таратпау ісіндегі миссиясына қатысты сауалдарға жауап берді.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 қаңтар 2018 г. 430 0