ЛАУАЗЫМДЫҚ ӨКІЛЕТТІЛІГІН АСЫРА ПАЙДАЛАНҒАН

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Абзал Мұхимовтың төрағалық етуімен Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.
Ондағы талқыланған алғашқы екі мәселе бойынша Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Алмасбек Есмахановтың және Шиелі ауданы Жуантөбе ауылдық округінің әкімі Әбдісамат Бегайдаровтың тәртіптік істері қаралды. Өз кезегінде, А.Есмахановқа қатысты мәселе тек талқылаумен шектелді. Өйткені, оның іс-әрекетінде заңбұзушылық байқалмағандықтан, Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен қозғалған тәртіптік істі тоқтату туралы шешім қабылданды. Ал, Жуантөбе ауылдық округіндегі балабақша меңгерушісінің жұмыстан шығуына қысым көрсеткені үшін кеңес мүшелері ауыл әкіміне «сөгіс» түріндегі тәртіптік шара қолдануды ұсынды. Кеңес мүшелері  ауыл әкімі лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдаланған деп тапты.
Келесі мәселемен облыстық денсаулық сақтау басқармасының конкурстық комиссия мүшелері Жақсылық Абдусаметовтың, Бақыт Кеншімбаеваның, Баян Боранбаеваның және Мейрамкүл Достанованың тәртіптік істері қаралды. Бұл орайда, комиссия мүшелері конкурс өткізу талаптарын сақтамай, заң бұзушылықтарға жол бергені үшін Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен конкурстық комиссия мүшелеріне «ескерту» түріндегі тәртіптік шара қолдануды ұсынды. Кеңесте заңды білмеушілік жауапкершіліктен құтқармайтыны туралы айтылды.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 қаңтар 2018 г. 447 0