«Ақылды қала» тұжырымдамасының үлкен бір тармағы – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту бағыты. Осыған байланысты облыста бірқатар тың жобалар ұсынылуда. Алдағы уақытта қала аумағындағы мекемелерге сандық жүйеге көшу, «Смарт сити» концепциясын жетілдіру мақсатында «ақылды суесептегіш» құралдары орнатылмақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Қызылорда су жүйесі» МКК директорының міндетін атқарушы Тілеуберген Қаныбетов мәлімдеді.
– Қазіргі таңда әлемнің екі жарым мыңнан астам ірі қалалары «Смарт сити» концепциясын белсенді түрде енгізуде. Осы «ақылды қалалар» концепциясы – «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының бір бөлігі. Біздің өңір де «ақылды басқару» жүйесі бойынша эксперименттік облыс болып бекітілді. Өз тарапымыздан күнделікті тіршілікте ауызсу мен кәріз жүйесінің қызметтерін басқару тиімділігін арттыру мақсатындағы жобаларды қарастырып отырмыз. Соның бірі – «ақылды суесептегіш» құралдарын орнату. Осыған орай инвесторлар тартылып жатыр. Жоба іске асқан кезде орнатылған суесептегіш құралдарының көрсеткіші автоматты түрде орталықтандырылған базаға түсіп отырады, – деді Т.Қаныбетов.
Спикер биыл СКАДА жүйесін енгізу, ауызсудың берілген көлемі мен қысымын өлшеу құралдарын алуды жүзеге асыру жұмыстары жоспарланғанына да тоқталды. Бүгінде бұл жобаға республикалық бюджеттен қаражат бөлу мәселесі қарастырылуда.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы».