Мәслихат және уақыт тынысы

Тәуелсіз даму жолы өткеннің зерделенуін, келешектің болжамдалуын қажет етеді. Міне, осы мақсатта тарих қойнауына енген 2017 жылы Қызылорда облыстық мәслихаты мен мәслихат  аппаратының жұмыстары және алдағы қызметтері жайлы қысқаша шолу жасауды ұйғардық. Ата Заңымыздың 86-бабына сәйкес мәслихаттардың қарауына аумақты дамыту жоспарлары мен экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларының, жергілікті бюджетті, олардың атқарылуы туралы есептерді бекіту, атқарушы органдар басшыларының есептерін қарау, қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі өзге де мәселелерді шешу жатқызылған. Ал мәслихаттардың құзыреті, қыз­меті, депутаттардың құқықтық жағдайлары заңмен белгіленген. Мемлекетіміздің барлық деңгейдегі мәслихаттары өз қызметтерін «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы №48 Заңының талаптарына сәйкес және әр мәслихат өзінің дербес қабылдаған регламентімен реттейді. Қызылорда облыстық мәслихатының регламенті 2016 жылғы 13 шілдедегі №46 шешімімен және мәслихат ап­паратының ережесі 2014 жылғы 17 маусымдағы №196 шешімімен бекітілген.
Қызылорда облыстық мәслихаты мен оның аппараты өткен жылғы жоспарлы жұмыстарын  уақытылы орындап, қолданыстағы заңдылықтар аясында тиімді де тиісті нормативтік- құқықтық актілерін қабылдады. Өткен 2017 жылы мәслихаттың 4 кезекті және 3 кезектен тыс сессиялары өткізілді. Онда 88 шешім қабылданып, оның 26 шешімі Әділет органында мемлекеттік тіркеуден өтті және олар бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрді. Облыстың әділет департаментімен былтырғы жылы облыс деңгейінде қабылданған нормативтік-құқықтық актілерге қатысты жүргізілген мони­торингтік талдау қорытындысы бойынша облыстық мәслихаттың қабылдаған шешімдерінің  барлығы да қолданыстағы заңдылықтарға сәйкестігін аңғартты. Осы ретте, облыстық әділет департаментінің жергілікті мемлекеттік басқару орган­дарымен үнемі жүргізіп отырған семинарларының, нұсқаулық ұсыныс­тарының және кеңестерінің септігі мен тиімділігін атап өтуді жөн деп есептеймін.
Былтыр мәслихаттың кезекті сессияларында: - Қызылорда облы­сында агроөнеркәсіп кешенін дамыту жолдары және оны жақсарту шаралары туралы; - Қызылорда облысы әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерді орындауы туралы есебі; - 2016 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есепті бекіту туралы; - Жергілікті полиция қызметінің басым бағыттары мен құқықтық тәртіптің жағдайы туралы; - 2018-2020 жылдарға арнал­ған облыстық бюджет туралы негізгі мәселелер қаралды. Сонымен қатар, мәслихатта қаралуға тиісті және атқарушы  органның заң шеңберінде ұсынған  әлеуметтік, экономикалық, мәдени және денсаулық мәселелері де өз шешімдерін тапты.
Облыстық мәслихат депутаттарының тарапынан жыл бойына 352 депутаттық сауал жолданып, оның 265 сауалы қаржылық қолдауды қажет етті. Осы 265 сауалдың 69 сауалы оң шешімдерін тапты. Қалған 87 депутаттық сауал ұйымдастырушылық сипаттағы шараларға жатқызылды. Мәслихат депутаттары облыстағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына жасалатын қайырымдылық шаралардың үнемі басы-қасында болып, «Сыр жомарты» атанған жомарт азаматтардың қатарын өсіруде. Көптеген депутаттарымыз өздерінің Алла разылығы үшін берген көмектерін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануын қаламайды. Бұны біз қазақ жігіттеріне лайықты қасиет деп білеміз. Былтыр мәслихаттың 29 депутаты сайлау округтері бойынша сайлаушыларының алдында есептерін берді және облыс деңгейінде көтеретін мәселелерін зерттеп-зерделеп жаңа жылға қадам жасады.
Бүгінгі таңға депутаттардың өз сайлаушыларымен байланысы және кері байланыстары да реттелген. Олардың депутаттық кездесулері мен есеп беру күндері келісіліп, нақтыланған. Сонымен қатар, бұл шаралар «Нұр Отан» партиясы мен облыстық мәслихаттың Медиа жоспарларында өз көріністерін тауып, пысықталған.
Жаңа жылға артар үмітіміз мол. Депутаттық  екі жылды артқа тастап тәжірибе жинақтаған халық қалаулылары жұмыстарын биылғы жылдың жұмыс жоспарынан бастады, ұсыныстарын енгізіп қызу талқыға салды. Нәтижесінде, мәслихатта қаралуға тиісті мәселелерден басқа облыс тұрғындарын сапалы ауыз-сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстардың барысы мен алдағы міндеттері туралы және бұқаралық спорттың жағдайы мен оны жетілдіру жолдары негізгі мәселелер болып айқындалды. Сонымен қатар, мәслихаттардың тұрақты комиссияларының пәрменділігін арттыруға және жұмыстарын жетілдіруге назар аударылды. Бүгінде мәслихаттың 4 тұрақты комиссиясы жылдық жоспарларын бекітіп, өздеріне берілген құзыреттіліктері шеңберінде жұмыстарына кірісті. Алғашқы болып өз кеңейтілген отырысын Кәсіпкерлікті дамыту, жастар ісі және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия «Қызылорда облысында 2018 жылы шағын және орта бизнесті дамыту мен қолдаудың бағыттары туралы»  мәселені күн тәртібіне шығарып отыр. Кеңейтілген отырыс ағымдағы жылдың 22-қаңтарында №20 сайлау округінен сайланған депутат, комиссия төрағасы Асқар Аралбайұлы Махамбетовтың төрағалығымен өткізілмекші. Мәслихат аппаратының ұйымдастырушысы бөлім басшысы Жандос Досжан.
Мәслихаттың тыныс-тіршілігін, яғни, ұйымдастырушылық, құқықтық, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді  мәслихат аппараты жүзеге асырады. Жоғарыда аталған «Қазақстан Рес­публикасындағы жергілікті мемле­кеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» ҚР Заңына сәйкес, 5 де­путатқа 1 мемлекеттік қызметші белгіленген және ол жергілікті бюд­жеттен қаржыландырылады. Бүгінде «Қызылорда облыстық мәсли­хатының аппараты» мемле­кеттік мекемесінде бөлініске сәйкес, 6 мемлекеттік қызметші  өз қызметтерін атқаруда. Аппарат өзіне жүктелген қызметтерін атқару үшін, мемлекеттік мекеме ретінде ҚР Конституциясын, Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару мен ҚР «Мемлекеттік қызметі туралы» Заңдарын, ҚР  мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлқы қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралары туралы Жарлығын, сонымен қатар, мәслихат регла­менті мен мәслихат аппаратының Ережесін басшылыққа алады. Аппарат қызметкерлері «Б»  корпусындағы мемлекеттік қызметшілерге қойы­латын талаптарға сәйкес тиісті аттестаттау мен бағалаудан толық өтіп, бүгіндері  бірінші тоқсанға межеленген жұмыстарды жүзеге асыру үшін тиісті функционалдық міндеттерін атқаруда.

М.ҚОСМАМБЕТ,
Қызылорда облыстық мәслихатының
аппарат басшысы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 қаңтар 2018 г. 627 0