Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын жариялап, өнеркәсіптік революция әлеміне бейімдеудің және табысқа жетудің 10 міндетін атап көрсетті. Жолдаудың 10 басымдығының жетінші міндетінде әлеуметтік салаға да ерекше көңіл бөлінген. Сапалы жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандырудың әділетті жүйесі негізінде адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керектігі нақты атап көрсетілген.
Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге байланысты облыс әкімінің қолдауымен 2016 жылы республикада алғашқылардың бірі болып Қызылорда қалалық бейімдеу мен оңалту орталығы ашылды.
Негізгі міндетіміз – жеке басын куәландыратын құжаттарды рәсімдеуге жәрдемдесу, жұмыспен қамтылуына және тұрмыстық орналасуына, кәсіптік білім алуына қолдау көрсету.
2017 жылдың басынан 113 адам жұмыспен қамтылса, оның 40-ы орталық мамандары ықпалымен тұрақты жұмысқа орналастырылды, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 73, ақылы қоғамдық жұмысқа орналасқан – 9, кәсіби мамандық алу үшін оқу курстарын бітіргендер – 8. Қазіргі таңда олар жаңа алған мамандықтары бойынша жұмыс істеп жатыр.
Бүгінде тура осы өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу үдерісін мейлінше жеңілдетіп, оларға мемлекет алдындағы міндеттерін адал атқару тиімді болатындай жағдай туғызу қажеттігі Жолдауда айтылғанын көріп, Елбасының ел тынысын терең сезініп отырғанына куә болдық.
Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруді жүзеге асыру әрқайсысымызға, оның ішінде қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне зор жауапкершілік жүктейді.
Жолдау еліміздің одан әрі қарай әлеуметтік, экономикалық дамуына серпін беретін маңызы зор құжат деп есептеймін.
Бақыт НҰРТАЗАЕВ,
Қызылорда қалалық әлеуметтік бейімдеу мен оңалту
орталығының директоры, «Құрмет» орденінің иегері.