Ядролық держава болғанымызда Солтүстік Корея сияқты болар едік. Бүгін АҚШ-қа ресми сапарын қорытындылап, қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«АҚШ, Ресей және Қытайдан кейінгі әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан саналы түрде бас тарттық. Бізде 1100 оқтұмсық, Америка Құрама Штаттарының территориясына дейін жете алатын 110 дана СС-18 зымырандары болды. Сол кезде оларды қалдырып, ядролық державаға айналу, барлығын қорқыту төңірегінде көптеген пікірталас болды. Дегенмен халық менің шешіміме қолдау көрсетті және біз дұрыс жасадық», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы соның арқасында Қазақстан 25 жылдың ішінде әлемнің барлық елдерінің сеніміне ие болып, халықаралық аренада беделі өскенін, 300 млрд доллардан астам тікелей шетел инвестициясын тарта алғанын, сол инвестициялар ел экономикасын көтергендігін айтты.
«Ал егер біз ядролық держава болғанымызда қазір Солтүстік Корея сияқты болар едік. Сондықтан да біздің ядролық қарудан бас тартқан ел ретінде моральдық құқымыз бар. Мен осы моральдық құқығымызды пайдалана отырып, Иранмен, өзім жақсы білетін Президенті Хомейнимен сөйлесіп, біздің бас тартқанымызды айттым.
«Сіздер 10 атом бомбасына ие боларсыздар, ал әлемде олардың саны 7,5 мың. Ал бұл Тәуелсіздікке қорған бола ма?», дедім. Тәуелсіздікті барлық мемлекеттермен жақсы қарым-қатынас, елдің беделі, игі есімі береді. Дәл сол сияқты Солтүстік Кореяға да сөз арнап, ядролық қарудың Тәулесіздіктің тірегі емес керісінше қоздырғышы болатындығын айтамын. Қазір олар тоқтап, бүкіл әлемге бас тартатындығын айтар болса, біз сияқты тату-тәтті қарым-қатынасты олар да ала алар еді. Одан кейін инвестиция келіп, ол елді дамытып, халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсара түседі», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.