« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Президент Дональд Трамптың шақыртуымен ресми сапармен АҚШ-қа барды. Қазақстан Президенті 2018 жылы Ақ үйге барған алғашқы қонақ болып отыр. Осының өзі еліміздің әлем алдындағы абыройын көрсетеді.
Өткенге шегініс жасасақ, 2017 жылдың шілде айында футболдан «Астана» командасы чемпиондар лигасы іріктеуі кезеңінің бірінші матчында польшалық «Легия» командасын 3:1 есебімен жеңген еді. Сол кезде польшалық басылымдар елімізді қарқынды дамып келе жатқан мемлекет екенін жазған. Жалпы, шетелдік ақпарат құралдарында Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекет ретінде айтылады. Осы орайда әлемдік деңгейдегі саясаткерлердің пікірін басшылыққа алып, олардың еліміз туралы ойларын сабақтауды жөн санадық.
Төрткүл дүние көз тіккен айтулы шара ЭКСПО-ны өткізген Қазақстан рухани жаңғыруға ден қойған ел ретінде өзін әлемге мойындатып үлгерді. Тәуелсіздік алғалы бері ширек ғасыр ішінде мемлекетіміз адам танымастай өзгерді. Орталық Азиядағы көшбасшы ел ретінде танылды. Посткеңестік мемлекеттер арасында да алдыңғы қатардан көрініп келеді. Ұзақмерзімді стратегиялық бағдарламаның арқасында бәсекеге қабілетті елу мемлекеттің санатына кірді. Осы жылдар ішінде еліміз жүріп өткен жол әлем назарынан тыс қалған емес. Тіпті, елдік пен бірлікті бас бағыт еткен мемлекетіміз туралы әлемдік деңгейдегі саясаткерлер де өз пікірлерін білдірді. Бұл елімізді әлем жұртшылығы таниды, мойындайды деген сөз. Мәселен, Испанияның бұрынғы Премьер-министрі Хосе Луис Сапатеро еліміздің экономикалық әлеуеті жөнінен Орталық Азиядағы аймақтық көшбасшы мемлекет екенін атап өтеді. Францияның бұрынғы президенті Жак Ширак «Егемендікке қол жеткізгеннен бастап, Қазақстанның даму жолында көптеген кедергілер тұрды. Бірақ мемлекет, Үкімет ол кедергілерге төтеп бере алды. Бүгінде Қазақстанның дүниеге берері де, алары да мол. Бейбіт саясат ұстанған Қазақстан көптеген ғаламдық шиеленіскен мәселелердің шешімін табуда үлкен рөл атқаруда» деп пікір білдірген.
Шынында, қандай қиындық кездессе де, басымыздан қандай қиын-қыстау күндер өтсе де, еліміз мойымады. Қайта керісінше, сол кездескен қиындықтың барлығын жеңе білді. Бұл жолда 130-дан астам ұлт пен ұлыстан тұратын бүкіл Қазақстан халқының бірлігін басты назарда ұстаған Елбасының орасан зор еңбегі бар. Осы ретте Ұлы Британияның бұрынғы Премьер-министрі Маргарет Тетчердің «Қазір әлемде 5-6 ірі саясаткер бар. Олардың ішінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та бар. Мен оған сенемін және барлық атқарып жатқан әрекеттерін қолдаймын» деген пікірін алға тартады.
Елбасы бастамасымен ТМД, Кеден одағы, ШЫҰ, Еуразиялық одақ құрылды. Бұл әлемдік саяси аренада ел беделін арттыра түсті. Қытай Халық Республикасының бұрынғы төрағасы Ху Цзиньтао: «ШЫҰ Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықтың барынша табысты модельдерінің бірі. Әлем мойындаған, қалың қауым санасатын, еңсесі биік ұйым. 2001 жылы «Шанхай бестігі» Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы болып құрылды. Бұл Назарбаевтың әлем тарихындағы ең елеулі рөлі болды. Сондықтан, Президенттеріңіздің, Қазақстанның әлем аренасындағы орны ерекше» деп атап өткен.
Тәуелсіздік алғалы бері елімізде сандаған тарихи оқиғалар орын алуда. Әлеуеті жағынан әлемдегі 4-ші арсенал саналатын ядролық қарудан бас тартып, Семей сынақ полигоны жабылды. Дүние жүзінде санаулы ғана мемлекеттерде бар ғарыш айлақтарының бірегейі «Байқоңыр» бізде орналасқан. Геннадий Головкин, Данияр Елеусінов, Елдос Сметов сынды спортшыларымыз талай байрақты бәсекелерде топ жарып, Қазақстанның қандай мемлекет екенін көпшіліктің есіне салып жүр. Өткен жылы еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды. Биылғы жылдың қаңтар айында оған төрағалық етуде. Біздің мақсатымыз айқын. Ол барынша бәсекеге қабілетті дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Бірлікті барлық тірлігінен артық санайтын Қазақстан халқы бұл межені де бағындыратыны анық. Осындай төрткүл дүниеге үлгі боларлық істерді жасап жатқан елімізбен дәл қазір әлемнің кез келген елі ынтымақтаса жұмыс жасауға дайын шығар. Мұны ешкім жоққа шығара алмас. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан бүгінде әлем мойындаған, жұртшылық назарындағы мемлекет.
Әзиз БАТЫРБЕКОВ,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |