« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Президент Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа ресми сапары аясында Ақ үй басшысы Дональд Трамппен кездесті. Қарсы алу рәсімі аяқталған соң Елбасы Ақ үйдің Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. Қазақстан мен АҚШ Президенттері екіжақты қарым- қатынастың және халықаралық күн тәртібінің мейлінше өзекті мәселелерін талқылады. Бұл туралы ҚР Президентінің ресми сайтында хабарланды.
Дональд Трамп ресми сапармен келгені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдіріп, Қазақстан мен АҚШ арасында қалыптасқан қатынастарға жоғары баға берді.
– Сіздің осында келгеніңізге қуаныштымын. Барша жұрт Сізге зор құрметпен қарайды. Екі ел арасында мықты қарым-қатынас жолға қойылған. Қазір Қазақстанның жағдайы өте жақсы. Біз үшін Сізді қабылдау – зор мәртебе. Сіз еліңіз үшін шынында да іргелі істер атқардыңыз, – деді АҚШ Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Д.Трампқа алғыс айтып, оны АҚШ Президенті лауазымына сайлануының бір жылдығымен құттықтады.
– Сізді президенттік қызметіңіздің бір жылдығымен және экономикадағы зор жетістіктеріңізбен құттықтаймын. Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына АҚШ-тың саяси қолдау көрсетуін біздің ел жоғары бағалайды. 26 жыл бойы Қазақстан АҚШ-пен достық қарым-қатынасты берік ұстанып келеді. Бүгінгі сапар сол серіктестіктің дәлелі болып саналады, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты саяси және экономикалық ынтымақтастықтың одан әрі тереңдей түсетініне сенім білдірді.
Өзара қарым-қатынас
БЕКИ ТҮСПЕК
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен жүргізген келіссөздің қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді.
Қазақстан Президенті брифинг барысында Вашингтонға сапармен келуге шақырғаны үшін Дональд Трампқа ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысы келіссөздердің нәтижелеріне оң баға бере отырып, Қазақстан мен АҚШ-тың өзара қарым-қатынастарын одан әрі нығайту мәселелеріне тоқталды.
– Менің сапарымның нәтижесінде Қазақстан-Америка қатынастарын кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеру жөнінде шешім шығаратынымызға сенімдімін. Осыған орай, біз бүгін Астана мен Вашингтон арасындағы өзара қарым-қатынастардың жаңа дәуірін бастайтын тиісті бірлескен саяси мәлімдеме қабылдадық, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен «5+1» форматындағы ынтымақтастығын нығайтуға қызығушылық танытатынын айтты.
Қазақстан Президенті халықаралық қауіпсіздікті нығайтып, қазіргі заманның сын-қатерлері мен қауіптерін бірлесе еңсеру ісінде Астана мен Вашингтонның өзара тиімді ынтымақтастығын атап өтті.
– Қазақстан 2001 жылы АҚШ-тың терроризмге қарсы күресін белсенді түрде жақтады және қазір Ауғанстанда жүргізіліп жатқан үлкен жұмыстарға қолдау көрсетіп отыр. Америка әскерінің Ауғанстанда болуы тек АҚШ-тың ғана емес, бүкіл әлемнің ісі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Ауғанстанға Қазақстан тарапынан көрсетіліп жатқан гуманитарлық көмекті атап өтті.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті келіссөздер барысында Солтүстік Корея төңірегіндегі ахуалға, сондай-ақ, Вашингтон мен Мәскеу арасындағы қатынастардың күрделене түсуіне байланысты мәселелер талқыланғанын айтты.
– Біз Солтүстік Кореяға қатысты жаһандық мәселелерді талқыладық. Қазақстан әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартып, әлемдегі ең үлкен сынақ полигонын жапты. Ядролық қаруы бар елдерге біз таңдаған жолды ұсынуға моральдық құқығымыз бар. Иранмен де осылай сөйлестік. Солтүстік Кореяның проблемаларын АҚШ, Қытай және Ресей елдерінің бірлесе шешкені маңызды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің экономикалық ынтымақтастығының қазіргі мәселелері мен оларды нығайту перспективаларына да тоқталды.
– Қазақстанға АҚШ-тың ірі мұнай компанияларынан 50 миллиард доллар инвестиция құйылды. Бүгін біз ірі америкалық бизнес өкілдерімен дөңгелек үстелге қатысамыз. Онда 7,5 миллиард доллардан асатын сомаға 20-дан астам келісімшарт жасалатын болады. Сондай-ақ, біздің елде АҚШ азаматтары үшін визасыз режім енгізілген. Соған сәйкес лайықты жауап болады деп үміттенеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Дональд Трамптың басшылығымен АҚШ-тың экономикалық дамуға қол жеткізіп отырғанына жоғары баға берді.
АҚШ Президенті өткізілген диалогтың маңыздылығын атап өтіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың стратегиялық маңызына тоқталды.
– Біз Сізді Ақ үйде қабылдағанымызға қуаныштымыз. Елдеріміздің өзара ықпалдастығына қатысты маңызды диалог өткізу мақсатымен бүгін бізге келгеніңіз үшін рахмет. Ширек ғасырдан астам уақыт бойы АҚШ Қазақстанды, мықты егемен әрі тәуелсіз елді, Орталық Азиядағы баға жетпес дос және стратегиялық серіктес ретінде қарастырып келді, – деді Дональд Трамп.
АҚШ Президенті Қазақстан мен АҚШ-тың ядролық қаруды таратпау және өңірлік қауіпсіздікті нығайту ісіндегі бірлескен күш-жігерін атап өтті.
– АҚШ пен Қазақстан өңірде және одан тыс жерлерде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін бірлесе жұмыс істеді. Біз Қазақстандағы ядролық қаруды және оның инфрақұрылымын жойып, балаларымыз үшін қауіпсіз әрі саламатты болашақты бірлесе қамтамасыз еттік. Бүгін Қазақстан Президенті екеуіміз біздің қарым-қатынастарымыз халықтарымыздың қауіпсіздігіне, өркендеуі мен әл-ауқатына қалай септігін тигізетініне қатысты диалог жүргізіп отырмыз. Корей түбегін денуклеаризациялау үшін күш біріктіру ісінде Қазақстан баға жетпес серіктес болып саналады. Біз Солтүстік Кореядағы режімнің бүкіл әлемге ядролық апатпен сес көрсетуін болдырмауға бел буып отырмыз, – деді АҚШ Президенті.
Дональд Трамп Ауғанстан мәселесін шешуге атсалысқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.
– ИЛИМ-мен және «Талибандармен» соғыс жүргізіп жатқан біздің қарулы күштерге Қазақстан логистика және жол ашу тұрғысынан қолдау көрсете беретіні жөнінде Президенттің өзі айтқанын аса жоғары бағалаймын, – деді Ақ үйдің басшысы.
Сондай-ақ, Дональд Трамп көршілерін құрметтейтін және өз тағдырын бақылауда ұстайтын Қазақстан сияқты елдермен АҚШ ынтымақтастықты нығайта беретінін айтты.
– Қазақстан 2050 жылға қарай жаһандық экономиканың алғашқы отыздығына кіруді жоспарлап отырғанын Президенттің өзі айтып бергеніне ризамын. Ол Қазақстандағы іскерлік ахуалды жақсарту үшін де жұмыс істеп жатыр. Бұл жағдай Америка компаниялары үшін жаңа мүмкіндіктер туғызып, жаңа жұмыс орындарын ашады, – деді АҚШ Президенті.
Соңында Дональд Трамп Қазақстанды дамыту мен өркендету ісіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін тағы да атап өтті.
– Мен Сіздің керемет басшылығыңыздың арқасында Қазақстан халқы қол жеткізген зор жетістікті көру мүмкіндігін асыға күтемін. Біз Қазақстанда жақсы, егеменді және өркендеуге бағытталған болашақ болғанын қалаймыз. Дәл осыны әлемнің барлық бейбітсүйгіш халықтарына да тілейміз, – деді Дональд Трамп.
Көрме және келесі мүмкіндіктер
Қазақстан Президенті «Шетелдік жеке инвестициялар жөніндегі Корпорация» (OPIC) мемлекеттік агенттігінің президенті Рэй Уошбернмен кездесті.
Мемлекет басшысы әңгіме барысында кездесудің маңыздылығына тоқталып, қазіргі уақытта Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан экономикалық жобалар жөнінде айтты.
– Біз «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін өткіздік. Көрме инфрақұрылымының базасында «Астана» халықаралық қаржы орталығын құрамыз. Оның барлық қатысушыларына айрықша жеңілдіктер қарастырылған, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев инвестиция саласындағы қатынастарды нығайтудың және өзара тиімді экономикалық жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
Р.Уошберн «ЭКСПО-2017» көрмесінен алған әсерімен бөлісіп, алдағы уақытта Қазақстанның «Kazakh Invest» компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылатынын айтты.
Екіжақты іскерлік
ілгері баса береді
Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың энергетика министрі Рик Перримен кездесті.
Мемлекет басшысы кездесуде АҚШ Президенті Дональд Трамппен жүргізілген келіссөздер барысында қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен АҚШ-тың мұнай-газ саласындағы ынтымақтастығына оң баға беріп, Теңіз және Қашаған кен орындарындағы жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде айтты.
Мемлекет басшысы Қазақстандағы өнімді қайта өңдеу ісінде инвесторлардың күш-қуаттарын арттыруы қажеттігіне назар аударды.
Қазақстан Президенті еліміздегі жасыл энергетиканы дамытуға арналған жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде әңгімелеп, Р.Перриді Төмен байытылған уран банкінің ашылуы туралы хабардар етті.
АҚШ-тың энергетика министрі кездесуге ризашылығын білдіріп, инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізетін негізгі факторларды атады.
Кездесу соңында тараптар мұнай-газ және энергетика салаларындағы екіжақты қатынастарды одан әрі дамытуға қатысты пікірлерімен бөлісті.
Орнықты дамуға
орайлы мәмілелер
Мемлекет басшысы Америка Құрама Штаттарының іскер топтар өкілдерімен кездесті.
Қазақстан Президенті дөңгелек үстел қатысушыларымен кездесу ұйымдастырылғаны үшін ризашылық білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен АҚШ арасында орныққан қатынастардың маңыздылығы мен стратегиялық сипатына тоқталды.
– Америка Қазақстан экономикасына салынған тікелей инвестициялардың көлемі бойынша екінші орында. Тәуелсіздік жылдары ішінде Сіздердің компанияларыңыз тарапынан Қазақстанға 50 миллиард доллардан астам инвестиция құйылды. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Біздің елде энергетика, көлік, инновация, медицина және басқа да салаларда Америка капиталының қатысуымен 500-ден аса компания табысты жұмыс істеп келеді. Біздің ірі серіктестеріміздің қатарында Шеврон, Эксон Мобил, Дженерал Электрик, Хэллибёртон және басқа да компаниялар бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы екіжақты қатынастардың кең ауқымын қамтитын Кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы бірлескен мәлімдемені қабылдаудың ерекше маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамыту үдерісіне тоқталып, бизнес жүргізу үшін мемлекет тарапынан жағдай жасауға бағытталған шаралар жөнінде әңгімеледі.
– Инвестициялық ахуалды жақсартып, инвесторлардың құқықтарын қорғау үшін тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Инвестициялар жөніндегі комитетінің қауымдастырылған мүшесі болды және Халықаралық инвестициялар жөніндегі декларацияға қосылды. 62 елдің, соның ішінде АҚШ азаматтары үшін бізде визасыз режім енгізілді. Кәсіпкерлік саласындағы заңнама жетілдірілуде. 11 арнайы экономикалық аймақ және 22 индустриялық аймақ жұмыс істеуде. Онда қажетті инфрақұрылым мен жеңілдіктер көзделген, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасын цифрландыру және өндіріске инновацияны енгізу барысына ерекше назар аударды.
– «Цифрлық Қазақстан» арнайы мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Осыған орай, экономика салаларын цифрландыру және инновациялық экожүйені дамыту жөніндегі жобаларды жүзеге асыру маңызды болып саналады. Мәселен, Назарбаев Университеті және Инновациялық технологиялар паркі сияқты инновациялық кластерлер жұмыс істеуде. Биыл Астанада ІТ- стартаптардың жаңа халықаралық технопаркі ашылады. Осының бәрі ынтымақтастығымыз үшін перспективті бағыт бола алады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті америкалық бизнесмендерге арналған сөзінде агроөнеркәсіп кешеніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін шетелдік инвесторларды қатысуға шақырды.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы еліміздегі жекешелендіру бағдарламасының іске асырылу барысы және «жасыл экономика» саласындағы жобаларды дамыту перспективасы туралы айтты.
– Өткен жылы «Болашақтың энергиясы» атты тақырыпта Халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесін табысты өткіздік. Бұл көрме бүкіл планетаның «таза» энергетика саласындағы жоғары технологиялық және зияткерлік әлеуетін көрсетуге керемет мүмкіндік туғызды. Көрме мұрасы инновациялық және орнықты даму міндеттеріне әрі қарай да қызмет ете беретін болады. Атап айтқанда, ЭКСПО инфрақұрылымының базасында «Жасыл» технологияларды және инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық жұмыс істейтін болады. Ол елімізде және өңірде «жасыл» жобаларды жүзеге асыруға септігін тигізуге арналған, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының ерекше мәртебесін атап өтіп, оның жұмысының алдағы жоспарларына тоқталды.
– «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушыларына 50 жылға дейін салықтық, валюталық, визалық және еңбек режімдері сияқты жеңілдіктер беріледі. Бұл – жұмысы ағылшын құқығына негізделген өңірдегі бірден-бір орталық. «Астана» халықаралық қаржы орталығының жоғары технологиялық биржасын құруға Шанхай қор биржасы және NASDAQ америкалық биржасы тартылды. «Астана» халықаралық қаржы орталығының «жасыл», исламдық және инновациялық қаржылық құралдарды дамыту жөніндегі өңірлік орталыққа айналуына барлық мүмкіндігі бар. Жаз айында біз халықаралық қоғамдастық үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми таныстырылымын өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Қазақстан Президенті өткізілген кездесудің екі елдің жақындасуына және өзара тиімді әріптестікті нығайтуға серпін беретініне сенім білдірді.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |