Асылзаттың асыл бұйымдары

Асылзат Арыстанбекқызы – ісмер. Мына кестелеп тігілген әсем сәукеле соның қолынан шыққан. Облыс орта­лығындағы «Қолөнер» дүкенінің тігін цехында жұмыс істейтін шебердің негізгі мамандығы – журналист, яғ­ни бұған дейін ол қаламгерлікпен айналысқан. Бірақ, уақыт өте келе ұлттық дәстүрдің, ұлттық бірегейліктің белгісін жоғалтпай, қолдан келгенін ортаға салуды шешіпті. Кейіпкермен әңгіме барысында оның Астана қала­сында да «Асылзаттың әшекейлері» дүкенін ашып, кәсіп қылғанын білдік. Дәстүрлі өнерге ден қойып, оны қайта жаңғыртуды өзіне міндет еткен тігінші бүгінде ізбасарларына да үйретіп, аманат етуді парыз санайды екен.

– Бұйымдардың барлығын бүгінгі трендке сай етуге тырысамын. Әрбір дүниені жасамас бұрын сол әшекейді тағатын қыз-келіншектің бейнесін көз алдыма елестетіп, оның келбетін аша түскім келеді. Қазақи дүниелерге тапсырыс қабылдаймын. Бұл іспен басында хобби ретінде айналысқан болатынмын. Алайда, тұтынушыларымның жы­лы лебізі мені қанаттандырып, ерекше шабыт сыйлады. Осылайша, аяқасты тапсырыс қабылдап, іске кірісе кеттім. Қыз-келіншектерге арналған түрлі стильдегі білезіктер, биік тәждер, сырғалар мен алқалар, сәнді сәукелелер жасаймын. Тың дүниелерді сатып алушылар көп. Келушілердің басым бөлігі суве­нирлік бұйымдарға ғана емес, ұлттық нақыштағы киім-кешек пен аксес­суарларға қызығушылық танытады. Байқасаңыздар, қазір ұлттық оюмен әдіптелген киіз пальто киіп, қазақи ою басылған сөмке ұстап, ұлттық сырға, білезік, алқа таққан қыз-келіншектерді жиі кездестіруге болады, – дейді Асылзат.

Бала күнінен әдемілікке іңкәр кейіп­керіміздің бүгіндері тапсырыс орын­даудан тапжылмай, таңнан қара кешке дейін тігін мәшинесінің алдынан ажырамайтынын байқау қиын емес. 

Бір ғажабы, таңғажайып табиғаттың жан тербейтін сұлулығы осы бір өнер әлемінде өрнек сал­ғанда ерекше көңіл тербейді. Ал оны асқан шеберлікпен шынайы дүниеге айналдыру шеберге берген табиғат сыйы деп білеміз. Қысқасы, Асылзаттың асыл дүниелері ұлт болмысын әлі талай жарқырата түсеріне кәміл сенімдіміз.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 қаңтар 2018 г. 876 0