Сыр өңіріндегі ұлттық құндылықтар

Қазақ елінің ұлы рухын көтеру үшін оның тарихын білу бізге парыз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт тарихы өлке тарихынан бастау алады. Бүкіл адамзаттық құндылықтар, әлемдік құндылықтар мен ұлттық құндылықтар құрайтын болса, өлке тарихы сол құндылықтардың бастау бұлағы» деген ұлағатты сөзі бізге бағдаршам болуы керек.

  Иә, Отан тарихы өлке тарихынан бастау алады. Адамзат өркениетінің туып-қалыптасуына негіз болған Еуразия даласындағы «Алаштың анасы» атанған Сыр өңірінің дамуы мен өркендеуіне осында өмір сүрген сақ тайпалары және оның көсемдері Томирис, Спаргапсис, Скунха, Спитамен, одан кейінгі заманда Қаңғлы мемлекеті (Кангюй), Ақ Орда мемлекеті, оның астанасы Сығанақ, Ақ Орданың хандары Шымтай, Ұрыс (Орыс), Барақ, т.б. одан кейінгі Қазақ хандығы кезеңі де осы өлкенің тарихымен байланысты.

Сыр өңірінің табиғаты қан­дай бай болса, оның тарихы да соншалықты бай. Бүгінгі Сыр бойының жерінде сонау тас дәуірінің жәдігерлері осы өлкенің өзіндік өркениеті болғандығының дәлелі. Аталған өңірде Шірік-Рабат, Жанкент, Жент, Сауран, Сығанақ, Құмиян, Аққорған, Өзгент және т.б. қалалардың болуы, бұған қоса ерте феодалдық мемлекеттердің орталығы болған­дығы – біз үшін үлкен мақтаныш. Бүкіл әлемге белгілі данышпан, музыкант, философ Қорқыт бабаның Сыр бойында дүниеге келуі де және оның өлімі де қасиетті топырақта бекер болған жоқ. Қорқыт бабаның ұрпақтары атамекенін «Сыр елі – жыр елі!»  дегізді.

Сыр өңірін жоңғарлардың, құба-қалмақтардың, Хиуа, Қоқан хандықтарының, Бұхар әмір­лігінің, Ресей империясының бас­қын­шылығынан қорғаған Кел­мембет, Қожамберді батыр Аманбайұлы, Жалаңтөс, Бақсайыс, Әйтеке би, Сәлтеке, Жолай, Баймұрат, Ер Көшек, Жанқожа,  Уәлі би, Пірәлі би атты батыр-билердің, осы өңір­де хандық құрған көшпелі қа­зақ-өзбек хандығының ханы Әбілқайырдың, Қазақ ханды­ғының хандары Әбілқайыр, Ералы, Қайып ханның баласы Батыр хан,  Сыр өңірінде ХІХ ға­­сыр­дың бірінші жартысында  хандық  құрған Әбілғазы хан, ХІХ ғасырдың екінші жартысында хандық құрған Елікей хан, елді имандылыққа шақырған Хорасан ата,  Оқшы ата, Есабыз, Қарасопы, Қармақшы әулие, Мүсірәлі Азиз, Қосым қожа, Жапырақшы әулие, Алдашбай ахун, Айқожа ишан, Марал ишан, Қалжан ахун, Садық ахун, Қамыс әулие, Алтынқожа ишан, Жүсіп қажы Базаралыұлы сынды қайраткерлердің ғұмыр­лары ел тарихымен тікелей байланысты. Өйткені, олар осы өңір­дің тумалары. Осындай да­на, ардақты бабаларымыздың өмі­рі, елге  жасаған игі істері кейін­гі ұрпаққа үлгі-өнеге болатыны ақиқат. Қазіргі ұрпаққа тәуелсіздікті сақтау және нығайту міндеті жүктелген. Тарихтан біле­міз, Жер бетінде 5000-ға жуық халық бар, бірақ оның тек 200-де мемлекеті, тілі, жері, ұлт тарихы бар, қалғандары ондай ба­қыт­тан айырылып қалған. Енді біз осы бақытымыз – Тәуелсіз Қазақстанның еңсесін әрқашанда биік көтеріп жүруіміз керек. 

Елбасы «Патриот болу – өз Отаныңды шын жүректен сүю, өзіңе және өз халқыңа сеніп, қоғамға қызмет ету. Бірақ өз тари­хыңды, ана тіліңді, шығу тегіңді білмей, нағыз патриот бола алмайсың» деп қазақтың өз тарихына, оның ішінде өлке тарихына құрметпен қарау керектігіне ерекше мән беріп отыр. Сыр бойы тарихы көршілес Орта Азия хандықтарымен тығыз байланыс орнатқан. Аталған елдер бірде тату, бірде қату болған.

Сыр бойы батырлары ең ал­ғаш­қы болып Ресей империя­сының  отарлау саясатына қар­сы шыққанын мен мақтан ете­мін. Тарихқа үңілсек, 1731 жы­лы Кіші жүз ханы Әбілқайыр ханға келген Ресейдің елшісі, дип­ломат, шоқынған қазақ М.Тевкелевтің орыспен достық одаққа шақыруына түбегейлі қар­сы болған да осы өңірдің батырлары мен билері. Олар – жаппас Баймұрат батыр Байбөріұлы (1690-1759),  ағайынды шекті Қожас әулиенің балалары  Сырлыбай батыр-би, Бәби батыр-би және Байғара батыр. Осылай, Ресей империясы отаршылдығының жаманшылығынан жиреніп, жақ­сы­сынан үйреніп келген Сыр өңірінің ержүрек халқы басына түскен қиын заманда да өзінің ұлттық кодынан айырылмай келді.

Ел Президенті Нұрсұлтан ­Назарбаев: «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса,қазақтың ұлттық мемлекетінің нығайып көркеюі жолында жан теріңді аянбай жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі екеніңді ұмытпа» дейді.

 1991 жылға дейін біз Сыр өңіріндегі ата-бабаларымыздан қал­ған қалалар жөнінде кеңінен айта алмай келдік. Қазақ көшпелі және отырықшы халық болғанын да айта алмадық. Бізді тек жабайы көшпенді етіп көрсетті. Ал шындығында көшпенді халықтың өзінің мықты өркениеті болған.

Мысалы, Сыр өңірінде біз­дің ата-бабаларымыздың төрт Астанасы орналасқан. Олар: бірінші, Шірік-Рабат қаласы б.з.б. ІV-ІІ ғасырлармен б.з. Х-ХІІІ ғасырларға дейін өмір сүрген сақ-аппасиактардың астанасы ­болған. Бұл қала бүкіл Евразия континентіндегі алғашқы қалалардың бірі болып саналады.

Екінші, Жанкент қаласы – Оғыз қағанатының астанасы, Х-ХІ ғасырларда өмір сүрген ірі қала.

Үшінші – Сығанақ. Ол VІ-ХVІІІ ғасырларда өмір сүрген, кезінде Қыпшақ хандығының, Ақ Орданың, Көшпелі қазақ-өзбек хандығының және Қазақ хандығының астанасы бол­ған атақты қала. Соңғысы, Қызылорда  қаласы – 1925-1929 жыл­дары  Қазақ АССР-нің астанасы болған. Бұдан бөлек VІІІ-ІХ ғасырларда өмір сүрген Өзкент және Х-ХІІ ғасырларда өмір сүрген Жент заманында еліміздің ірі  саяси қалалары болған.  Сыр өңірінде 50-ден аса басқа да маңызды қалалары болған. Мысалы, Келінтөбе, Аққорған, Ашнас, Құмиян, Күйік қалалары және әйгілі Жетіасар мәдениетіне жататын асарлар. Осылардың барлығы біздің ұлттық құндылықтарымыз.

Тағы есте сақтайтын жайт, Сыр өңірінде көне және ортағасырлық пантеондар орналасқан. Мәселен, Шірік-Рабат қаласындағы көсем­дердің қорымы, Қорқыт ата қо­ры­мында батыр мен билердің жерленуі, Шиелі ауданындағы Оқшы Ата  қорымында  әулие, билердің жерленуі. Сонымен бір­ге, Жаңақорған ауданындағы Төлегетай-Қылышты Ата қоры­мында билер мен батыр­лардың жерленуі, Хорасан ата қоры­мында жерленген әулие мен батырлардың жерленуі және Сығанақ қаласындағы Ақ Орда хан­дарының қорымы, Қармақшы ауданындағы Марал ишан қоры­мында жерленген әулиелер, Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр қорымында жерленген батырлар, Жаңақорған ауданындағы Аққорған қорымында жерленген әулиелер мен батырлар, Сырдария ауданындағы Қожжан қожа қорымында жерленген әулиелер мен батырлар және Қармақшы ауданындағы Қарақ тауындағы билер мен батырлардың жерленуі.

Сыр өңірі өзінің әдемі ландшафтымен тарихи-мәдени мұра­ла­рының молдығымен киелі мекен саналады.

 Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Сыр – Алаштың Анасы» деп атауы осындай қасиетті өлкеге орынды баға деп білемін.

Бақытжан АХМЕТБЕК,

 Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының

 ғылыми қызметкері. 

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 қаңтар 2018 г. 1 129 0