АГРАРЛЫҚ САЛАНЫ ЖАҢҒЫРТУ - ЕЛДІҢ ӘЛЕУЕТІН КӨТЕРУ

Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында аграрлық салаға баса назар аударылған. Жолдауда «Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. Біз егін егіп, дәнді дақылдарды өсіруді үйрендік. Оны мақтан тұтамыз. Алайда, ол қазір жеткіліксіз. Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажет» деп айтылған.

Негізі 1994 жылы құрылған «Абзал және К» ТС Елбасы бастамаларына сай жұмыс жасайды. Қазіргі таңда бұл серіктестік сапалы тұқыммен күріш егетін облыс шаруашылықтарын толық қамтамасыз етіп отыр.

Шаруашылық еңбеккерлері күріш сорттарының барлық түрлері бойынша өнімділікті арттыру және тауарлы күріштің сапасын жақсарту мақсатында еңбек етуде. Серіктестік Бүкілресейлік күріш ғылыми-зерттеу институтының, Кубань мемлекеттік аграрлық универ­ситетінің және Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Күріш саласындағы оңды істерді үйренуден, оң тәжірибелерді қолданудан қаржыны аяп жатқан жоқпыз. Жыл сайын Краснодар өлкесінің көшбасшы шаруашылықтарынан тәжірибе алмасуға бес-алты маман іссапарға жіберіледі. Өз кезегінде ресейлік мамандар да осы серіктестіктің егіс танаптарына келіп-кетіп, өзара тәжірибе алмасуда. Бүгінде серіктестікке қа­рас­ты 2 күріш зауыты бар. Онда шамамен жылына 25  мың тоннадай күріш өндіріледі. Өнімдеріміз еліміздің барлық аймағы мен Ресей, Әзербайжан, Украина, Түркіменстан, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан мемлекеттеріне шығарылады. Бір сөзбен айтқанда, сапалы өнім өндіріп, оны экспорттау мәселесі жолға қойылған. Нәтижелі жұмыстардың арқа­сында өткен жылы «Алтын сапа» иегері атандық.

Мемлекет басшысы аграрлық саланы жаңғырту мәселесіне көңіл бөліп отыр. Түптеп келгенде, аграрлық саланы жаңғырту  елдің әлеуетін көтеру деген сөз. Біз де бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз.

Мағжан ЕРАЛИЕВ,

«Абзал және К» ТС директоры,

«Алтын сапа» иегері.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 қаңтар 2018 г. 481 0