« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Уақыт – жүйрік. Оны құрықтау мүмкін бе?! Одан да уақытты бос жібермей, халық игілігі үшін барыңды сал. Елбасы әкімдерді халық алдында есеп бергізуінің негізгі сыры осыда болса керек-ті. Яғни, бір жылда қандай жұмыстар атқарылды, қайсысы орындалмай қалды? Осыны саралап, тың жоспар құру қажет. Міне, қаңтар айы бел ортасына келгенде аудан басшысы Ғалым Әміреев, облыстық ауылшаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Пірмұхамед Сыздықов, аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Ільясов және сала басшылары Көктөбе, Қандөз, Қаратөбе және Келінтөбе ауылдық округіне арнайы барып, атқарылған жұмыстарды саралады.
Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында ауылшаруашылық саласын экономиканың драйверіне айналдыруды тапсырды. Президент пәрменінің өңірімізде іске асырылуына зор күш жұмсаған аудан әкімі ауылшаруашылығы саласын тың бетбұрыстарға бастады. Диқандар жаңалықты дұрыс қабылдап, еңбекті еселей түсуінің арқасында қамбаға дән жиналды. Бұл ретте, аталған төрт ауылдың өз үлестері бар.
Көктебе ауылдық округінде 607 тұрғын түтін түтетіп отыр. Ауыл еңбеккерінің негізгі еңбек көзі – егін шаруашылығы. Былтыр жалпы егіс көлемі – 152 гектарды құраса, оның 80 гектарына тары дақылы егіліп, әр гектарынан 30 центнер, 20 гектар егілген картоптан 97 центнер өнім алды. Сондай-ақ, 50 гектардан бақша дақылының өнімі жиналды. Бүгінде ауыл тұрғындары мал шаруашылығына, кәсіпкерлікке ден қоя бастаған. Ауыл әкімі Боран Абуовтің баяндамасынан осыны білдік.
«Бастау Бизнес», «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасы бойынша төрт тұрғын курс оқып, сертификатқа ие болған. «Өрлеу» жобасымен үш отбасының құжаттары рәсімделіп, 469 818 тенге қаржы алды. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы аясында «Рахман» шаруа қожалығы 60 бас мүйізді ірі қараға, «Жолдыбай» және «Нұр-Қазына» дара кәсіпкері 30 бас мүйізді ірі қараны асылдандыруға 1200,0 мың теңге субсидияға қол жеткізді.
Есепті жылы жергілікті салық түсімдері бойынша мүлік салығы 203,7 пайызға, жер салығы 114,6 пайызға орындалды. Көлік салығынан түскен түсім 612462 теңгені құрап, 129,5 пайызға жетті. Өңірлерді дамыту бағдарламасына 555,0 мың теңге қаралып, 353 мың теңгесіне ауылішілік жолдардың ойылған жерлеріне тас төселсе, 202,0 мың тенгесіне абаттандыру жұмыстарына жұмсалды.
Енді алдағы жоспар жүйелігі артса дейді көктөбеліктер. Айта кететін жайт, төрт ауылда да жергілікті полиция қызметінің бастығы Ербол Әлімбеков құқық қорғау саласы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сонымен, есеп беру соңында сұрақтар қойылып, пікір алмасты.
Нұрлыхан Тұтқабаев электр желісінің жүйелеу қажеттілігін айтты. Бердіхан Тұрлыбек жер мәселесін, егіндікке суды тиімді жеткізу үшін канал қазуды жаңғыртуды, сары құмырсқамен күресуде қолдау көрсетуді сұрады. Жиынды қорытқан аудан басшысы алдағы жоспарға мектеп құрылысы мен интернет желісін орнатуды енгізетінін жеткізді.
***
Қандөз, Қалғансыр, Қашқанкөл елді мекенінен құрылған Қандөз ауылдық округінде де тындырымды тірліктер бар. Дегенмен шешімін күткен мәселелер де аз емес. Алдымен, ауыл әкімі Роза Исаеваның баяндамасына көз жүгіртсек. Жалпы, ауылдың бір ерекшелігі үш диірмен де халық игілігіне еңбек етіп келеді.
– Ауыл орталығындағы Б.Сейілбеков көшесінде орналасқан 18 бағаналы көше жарығына 155,0 мың теңге бөлініп, түнгі мезгілде көше жарығы қосылды. Округ бойынша көркейту-көгалдандыру және абаттандыру бағдарламасы бойынша көшелерге қиыршық тас төселіп, ауылдың кіре берісіне көшеттер отырғызылып, онда аяқ су тартылды, – деді Роза Ыдырысқызы баяндамасында.
Ауылдың аяқ су мәселесін шешу мақсатында ұзындығы бір шақырым болатын ескі арық тереңдетіп қазылды. Арықтың басына СНП 500/10 су маторы орнатылып, ауылдың 60 пайызы аяқ су алуға мүмкіндік алды.
Дара кәсіпкер «Дуйсебаев Е» ет бағытында мал басын өсіру мақсатында мүйізді ірі қараға мемлекеттен субсидия алып, өз кәсібін жүргізіп отыр. Сонымен қатар ауыл азаматы Скаков Ыбырай «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша ет өндіру мақсатында 4 млн. теңгеге 16 бас жылқы малын алды. Сондай-ақ, бір дара кәсіпкер 800,0 мың теңге, үш дара кәсіпкер (әрқайсысы) 3 млн. теңгеден несие алып, кәсібін дөңгелетіп кеткен. Ауылдағы кәсіптің саласының дами бастағанын осыдан байқауға болады.
Кездесу соңы қызу пікір-таласқа ұласты. Ауыл әкімдігі жанынан құрылған қауымдастық төрағасы Өңірбай Ысқақов ауыл әкімінің жұмысына оң баға беріп, ішкі жолды жөндеуге көмектесуін сұрады.
Дүйсебай қажы Төлендиев ауыл жастарын жұмысқа тартудың маңызына тоқталды. Әсіресе, науқандық жұмысқа жұмылдыруды жолға қойсақ деген ойын ортаға салды. Аудан басшысы бұл ұсынысты қолдай кетті. Бұл ауылда да электр желісін жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет-ақ. Мұны ауыл тұрғындарының өтінішінен ұқтық.
***
Қаратөбе биыл егін шаруашылығы бағытында жылды жақсы нәтижемен қорытындылады. Мәселен, 300 гектар жерге күздік бидай егіліп, үлкен табысқа жол жеткізді. Ауылдағы жыл жаңалығы ретінде «Сұңқар» шаруа қожалығының бидай өсірушісі Ғалымжан Тұрсынбаев «облыс чемпионы» атанғанын айту керек. Бұл бүтіндей ауылдың түтінін түтетіп отырған ағайынның нәтижелі жұмысының арқасы.
Сонымен, ауыл әкімі Қанат Қалдыбаевтың 2017 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы бойынша ілгерілеушілік барын білдік. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы бойынша тіркелген ресми жұмыссыз азаматтар онға жеткен. Бағдарламаның 2-ші бағыты бойынша несие алған азаматтар да бар. Бағдарламасының 3-ші бағыты бойынша қоғамдық жұмыс орындарына жолданған азаматтардың саны – 16.
Егін шаруашылығы саласы бойынша елді мекендегі 10 шаруа қожалығы 19 млн. 971 мың теңге субсидия және мал шаруашылығы саласы бойынша 9 шаруа қожалық 14 млн. 180 мың теңге субсидия алды.
2018 жылдың жоспарына сай А.Тоқмағанбетов көшесіне жарықтандыру, елді мекен жанындағы «Сумағар» және З.Мұсаханов каналының көпіріне күрделі жөндеу жұмыстары және пошта бөлімшесіне жаңа ғимарат салу жоспарлануда екен.
Белгілі меценат, кәсіпкер Құлмағанбет Исаханов аудан әкімінің жүйелі жұмыстары ауыл халқының әлеуетін арттырудағы маңызын тілге тиек етті. Сондай-ақ, ауылішілік жолдарды жөндеуге мән беру керектігін, ескірген электр желісін жаңғыртуды ұсынды. Фельдшерлік-акушерлік пункт пен көпірді жөндеу жұмыстарын да ұмыт қалдырмады. Бір қуантарлығы ауылдың өзекті тақырыбына айналған ауылдағы көпірдің мәселесі биыл шешімін табады. Көпірді арнайы көріп келген Ғалым Махмұтбайұлы осындай шешімін жеткізді.
***
Ауыл шаруашылығын ата кәсібіне айналдырған Келінтөбе ауылындағы 100-ден аса шаруа қожалықтың жартысы жерден ризық-несібесін тапса, енді бірі төрт түлікті түлетіп, мал басының артуына септігін тигізуде. Айта кететіні, Келінтөбе ауданда шаруа қожалықтар саны жөнінен көш бастайды.
Кестеге сай есеп берудің алғашқы күннің соңғы ауылы Келінтөбеге келіп тоқталды. Өз кезегінде аудан әкімі мен құқық қорғау қызметкері өз есебін жасады. Біз ауыл әкімі Жақсылық Әбілхайыровтың баяндамасын саралап көрейік.
Елбасы ұсынған 5 институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-қадамында ауылдық округтердің жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілді. Бұл пәрмен бүгінде кезең-кезеңімен іске асып келеді. Яғни, екі мыңнан астам тұрғыны бар ауылдардың өзінің бюджеті болады. Ал, Келінтөбеде халық саны 3700-ден асады. Одан бөлек ауылда ауданның абыройын асқақтатып жүрген гандболшы қыздардың еңбегін ескерусіз қалдыруға болмайды. Бұған жыл жаңалығы ретінде «Хамит» шаруа қожалығының күріш өсірушісі Қасиман Қоңыратбаев биыл «облыс чемпионы» атағын қосыңыз. Яғни, ауылда жағымды жаңалықтар көп-ақ.
Елді мекенде «Өрлеу» шартты жобасы іске асып келеді. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы бойынша «Жастар тәжірибесімен» 15 азамат жұмысқа тартылса, 7 адам қайта даярлау курсына жөнелтілді.
Енді ауылшаруашылығы бағытына ойыссақ. Естеріңізде болса аудан басшысының бастамасымен «Маржан» күрішінің орнына «Лидер» және «Фаворит» сортын егу қолға алынды. Нәтижесінде мол өнімге қол жеткіздік. Бұл тұрғыда әлеуметтік дамуы, шаруасы ширақ келінтөбелік ағайынның еңбегі қомақты. Шаруаға ширақ келінтөбеліктер кездесуде жаңадан алынған техникаларға қол жеткізу жолын сұрастырды. Аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков заңдылық бойынша жауап қайтты. Қысқа қайырғанда, Келінтөбе дамудың жолына түскен ауыл деуге болады.
Ауыл ақсақалы Жәнібек Ерімов тазалық мәселесі мен көмір тапшылығын, ауыз және аяқ су мәселесін шешіп беруді ортаға салды. Ауыл әкімдігіне жаңа ғимараттың қажеттілігі де айтылды. Оразғали Бидашев клуб үйін жаңғыртуды ұсынса, Ахметжан Жұмаділов сбростардың тынысын кеңейтуге қол ұшын созса деген өтініш ала келіпті. Жалпы, айтқанда ауыл ақсақалдары ауыл әкімінің қызметіне көңіл толды. Бүріс Нәрзілда қария изгі тілегін білдіріп, ақ батасын беріп жиынды қорытты.
ТҮЙІН. Төрт ауылдың тұрғындары аудан басшысының өркендеуге бастаған бастамаларына оң бағасын берді. Әрі бағдарламалардың тиімді орындалуына үлес қосатындарын айтты. Әйткенмен, төрт ауылдың мәселелері де ортақ. Яғни, ауылішілік жолдарды жөндеу, электр жүйесін жаңарту, интернет желісін түзету, каналдарды тазарту, жастарды жұмысқа тарту және т.б. Мұның бәрін Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы он басымдықты тиімді жүзеге асыру арқылы шешуге болады...
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
Жаңақорған-Көктөбе-Қандөз-Қаратөбе-Келінтөбе-Жаңақорған.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |