« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Американың саяси әлемге шолу жасайтын The Hill газеті өз сайтына «Дональд Трамптың Қазақстан президентімен кездесуі - арада ынтымақтастық орнатудағы маңызды қадам» атты мақала жариялады, деп хабарлайды Baq.kz.
АҚШ-тың The Hill басылымы екі ел президенттерінің кездесуіне қатысты көлемді мақала жариялады. Аталған мақалада Қазақстан Ресей мен Қытай ортасында 17 млн халықпен дербес мемлекет құрған, Орталық Азиядағы өркениетті ел ретінде сипатталған.
«Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық еткен мерзімімен сәйкес келіп отыр. Орталық Азияға әдетте тұрақсыз әрі әрдайым соғыс оты лезде бұрқ ете түсетін аймақ ретінде қараймыз. Сол себепті бұл кездесуде айтылар мәселелердің маңызы зор. АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманың әкімшілігі Орталық Азия жағдайына барынша назар аударды. Бірақ сарапшылар экс президенттің Орта Азиямен сыртқы саясатының тым әлсіз болғанын айтты.
Президент Дональд Трамп ресми сапармен Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевты, яғни Орталық Азиядағы ең беделді, үздік көшбасшыны кездесуге шақырды. АҚШ президенті мен оның командасы Орталық Азия көшбасшысымен кездесудің маңызды екенін алға тартты. Себебі, Назарбаев өте жан-жақты және көршілерімен бейбіт қарым-қатынасты дамыту барысында өзінің істің адамы екенін дәлелдеді», - деп жазылған мақалада.
Ары қарай Қазақстанның Ресей және Қытай секілді алып мемлекеттермен шекаралас жатқаны және оның 17 млн халқы бар екені туралы жазылады. Елдегі газ бен мұнай қорының көптігі де ерекше аталып өткен.
«Қазақстан ядролық қаруды таратпау, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес және Ауғанстан сынды мәселелерде белсенділік танытады. Жастарын білімге баулыған ел президенті өз елінің және аймақтың тұрақтылығы үшін еңбектенеді. Аймақтық форумдар мен екіжақты кездесулер ұйымдастырылып, президент Путин және Си мырзамен жылына бірнеше рет кездесу ұйымдастырып отырады. Назарбаевтың Вашингтонға сапары, сондай-ақ оның БҰҰ ҚК отырысына төрағалық етуі – аталған елдің тәуелсіздік алғалы қаншалықты дамығанының нәтижесі», - деп жазылған мақалада.
Трамп әкімшілігі екі көшбасшы кездесуінің іс-шара деңгейінде қалып қоймай, маңызды мәселелер шешілетін келіссөздерге айналуына барынша күш салғандарын жазып өткен. Басылым, мұнымен қатар, екі елдің бір-бірінен не күтетіндерін сөз қылған.
Мақаладағы мәліметке сүйенсек, АҚШ пен Қазақстан қауіпсіздік мәселелерін жан-жақты реттеуге дайын және алдағы уақытта лаңкестік әрекеттер мен терроризмге қарсы ынтымақтастықты күшейтеді. Сирия мен Иракта ушыққан лаңкестік әрекет әртүрлі себеппен Қазақстанда қайталанбауы үшін аталған ел дербес әскерін жан-жақты жетілдіруі тиіс. Осы тұста АҚШ оны қолдауы керек. Астана әскери техникасының Мәскеуге тәуелділігін төмендету үшін АҚШ-тың ең үздік әскери техникасын сатып алу арқылы Қазақстан әскерін нығайта алады. Сонымен қатар, Орталық Азиядағы ең өзекті мәселе – Ауғанстандағы шиеленістерді шешу үшін АҚШ Қазақстанмен бірлесе жұмыс істеуді ұсынады.
Мақала соңында Елбасының АҚШ-қа сапары кезінде Нью-Йоркте Wall Street инвесторларымен кездесіп, олардың назарын Қазақстанға аударуға тырысатыны туралы жазылған. Мұнымен қатар, кейбір коммерциялық келісімдерге қол қою рәсімі болып, президенттің сапары сәтті болса, Қазақстан өз егемендігін жан-жақты нығайтуға қол жеткізсе, АҚШ-тың Орталық Азияда сенімді серіктес табатыны туралы айтылған.
Бұдан өзге, мақала соңында Қазақстан туралы бірқатар мәлімет келтірілген. 2015 жылдан бастап Қазақстан Дүниежүзілік Сауда Ұйымына мүше болса да, АҚШ-пен тұрақты сауда қатынасы жоқ. Осы мәселе бұдан былай мықтап қолға алынуы тиіс. АҚШ мықты жоба жасап, Қазақстанмен берік байланыс орнатып, нақты іске кіріссе, екі ел де шаш етектен пайда көреді.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Президентінің биылғы 16-18 қаңтарда Америка Құрама Штаттарына ресми сапармен баратыны туралы хабарлаған болатынбыз. Онда Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ президенті Дональд Трамппен, сондай-ақ АҚШ-тың ресми және іскер топтар өкілдерімен кездесу өткізеді деп жоспарланды. Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа барған сәтінен видео жариялады. Елбасын Дональд Трамптың өзі қарсы алып, мұны үлкен мәртебеге балады.
Ақ үйде өткен кездесуде Назарбаев Қазақстан мен АҚШ арасында әрдайым екіжақты саяси қарым-қатынас орнағанын айтып өтті. Бұдан кейін Мемлекет басшысы АҚШ-тың іскер топтар өкілдері, АҚШ-тың энергетика министрі және «Шетелдік жеке инвестициялар жөніндегі Корпорация» мемлекеттік агенттігінің президентімен кездесті. Сапар соңында Назарбаев Трамппен жүргізген келіссөздің қорытындысы бойынша БАҚ үшін брифинг өткізді.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |