Екіжақты ынтымақтастықтың жаңа дәуірі

Президент Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа ресми сапары аясында Ақ үй басшысы Дональд Трамп­пен кездесті. Қарсы алу рәсімі аяқталған соң Елбасы Ақүйдің Құр­метті қонақтар кітабына қол­таңба қалдырды. Қазақстан мен АҚШ Пре­зи­дент­тері екіжақты қарым-қатынастың және халықаралық күн тәртібінің мейлінше өзекті мәселелерін тал­қылады.
Елбасы ресми сапармен келуге шақырғаны үшін АҚШ Президенті Д.Трамп­қа алғысын білдірді. Қазақ­стан­ның АҚШ-ты сенімді серіктес, әлеуетті әріп­тес санайтынын жеткізген Н.Назар­баев алдағы уақытта екіжақты қарым-қа­ты­­нас­ты нығайтудың маңыздылы­ғын атап көрсетті. «Сізді президенттік қызметіңіздің бір жылдығымен және экономикадағы зор жетістіктеріңізбен құттықтаймын. Қазақстан мен АҚШ арасында әрдайым екіжақты саяси қарым-қатынас орнаған. АҚШ тарапы алғашқылардың бірі болып Қазақстанның тәуелсіздігін мойындады. Содан бергі 26 жыл ішінде екі ел арасындағы байланыс жаңа белеске көтерілді. Менің бүгінгі сапарым ‒ соның айғағы. Алдағы әңгіме барысында екі елге де тиімді мәселелерді талқылайтынымызға және Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық әріптестіктің одан әрі нығая түсетініне сенімдімін», деді Елбасы.
Өз кезегінде Д.Трамп АҚШ тарапы Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі болашағы зор, стратегиялық әріптес деп есептейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық, сауда-экономикалық қарым-қатынас жаңа сапаға ие болып отыр. Ақ үй басшысы Қазақстанды өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздіктің шешуші факторы ретінде бағалайтынын жеткізді.  
– Сіздің осында келгеніңізге қуа­ныш­тымын. Сізге барлығы зор құрметпен қарайды. Екі ел арасындағы қарым-қатынас керемет жолға қойылған. Қазір Қазақстанның жағдайы өте жақсы. Біз үшін Сізді қабылдау зор мәртебе. Сіздің еліңіз үшін жасаған ісіңіз, шынында да, тамаша, – деді АҚШ Президенті.
Бұдан кейін мемлекет басшылары шағын құрамда келіссөздер жүргізді. Жиын аяқталған соң Н.Назарбаев пен Д.Трамп журналистерге арналған брифинг өткізіп, кездесудегі тал­қыланған мәселелермен таныстырды.
Президент Н.Назарбаев Ақ үй бас­шысына АҚШ-қа шақырып, қазақ­стан­дық делегацияға қонақ­жай­лылық танытқаны үшін алғыс білдірді. Д.Трамп­пен телефон арқылы сөйлесуін, Эр-Рияд­тағы кездесуін және осы сапар­дың сенім, достық және өзара түсіністік туы аясында өтіп жатқанын атап көрсетті.  «Сапарымның нәтижесі Қазақ­стан-Америка қарым-қатынасы екі ел­дің игілігіне айналар кеңейтілген стра­тегиялық серіктестік деңгейіне көте­ре­тіндігіне сенімім мол. Бүгін Астана мен Вашингтонның өзара қарым-қатынасының жаңа дәуіріне баста­ма болатын бірлескен саяси мәлім­деме қабылдаймыз. АҚШ біздің тәуел­сізді­гімізді алғаш мойындаған елдер қатар­ында. Содан бері саяси тұрғыда Қазақ­стан­ға қолдау көрсетіп келеді», деді Н.Назарбаев.  
Елбасы АҚШ-қа сапарында Орталық Азиядағы бес мемлекеттің атынан келіп отырғанын айтты. Қазіргі уақытта Орталық Азияға алпауыт мемлекеттердің қызығушылығы зор. Солтүстікте Ресей, шығыста Қытай, оңтүстікте ислам әлемімен шектесіп жатырмыз. Бұл ретте АҚШ-тың «С5+1» форматына қатысуы өте маңызды. Мен Д.Трамп мырзадан бұл ынтымақтастықты жалғастыруды сұраймын, деді Мемлекет басшысы. «Қазақстан 2001 жылы терроризмге қарсы күресте АҚШ-қа белсенді түрде көмек қолын созды және қазіргі таңда Ауғанстанда жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға қолдауын жалғас­тырып келеді. Бүкіл әлем терроризмнің жаңа ошақтарына қарсы тұруы тиіс. Қазақ­стан Ауғанстанға 75 мил­лион дол­лар көлемінде гуманитарлық және тех­никалық көмек көрсетті. Бұған қоса, мыңға жуық ауғандық жастар біздің жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Бұл жұмыстарға 50 мил­лион доллар жұмсалды. Бұл жайын­да кеңі­нен айтып беруге уақыт жеткілік­ті болады деп ойлаймын», деді Прези­дент Н.Назарбаев. 
Елбасы Қазақстанның тәуелсіздік алған тұста ядролық қару арсеналынан бас тартып, Семейдегі сынақ алаңын жапқанын еске салып өтті. Ядролық қаруы бар елдерге бізден үлгі алуға шақыруға моральдық құқығымыз бар. Мұндай әңгімені Иранмен жүргіздік, қазір Солтүстік Кореямен келіссөз жүргізудеміз. КХДР мәселесін Қытай, АҚШ, Ресей тарапы бірлесе шеше алады, деді Мемлекет басшысы.  
Президент Н.Назарбаев екіжақты қарым-қатынастағы экономикалық байланыстың маңызына тоқталды. Қазақстандағы америкалық компаниялар ел экономикасына 50 миллиард доллардан астам қаржы құйып, бес мыңға жуық жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік жасады. Елімізге келетін АҚШ азаматтарына визасыз режім енгізілген. Елбасы визаға қатысты ендігі қадамды АҚШ тарапынан күтетінін мәлімдеді. Сонымен қатар алдағы уақытта екі ел арасында тікелей әуе қатынасы орнатылмақ.  
«Бүгінгі дөңгелек үстелде 7 млрд доллар көлеміндегі 20 келісімшартқа қол қоюды жоспарлап отырмыз. Бұл ‒ бизнес өкілдері арасындағы өзара байланыстың жоғары деңгейін көрсетеді. Біз Боинг ұшақтарын сатып алуды, Қазақстанда 900 электровоз салуды және ауыл шаруашылығы саласындағы байланысты арттыруды көздейміз», деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Д.Трампты АҚШ-тың экономика саласында қол жет­кізген табыстарымен құттықтады. «Сіз таң­ға­лар­лық салық реформасын жасадыңыз. Бұл қа­да­мыңызды қолдаймын, өйткені мұн­дай реформаны біз бес жыл бұрын қабылдаған болатынбыз. Бізде корпо­ра­тивтік салық 20 пайыз, табыс салығы 10 пайыз», деп сөзін түйіндеді Н.Назарбаев.  
Өз сөзін Елбасына алғыс айтудан бастаған Д.Трамп Н.Назарбаевтың Ақ үйге ресми сапармен келуін өзіне абырой санайтынын жеткізді.  
«АҚШ тарапы ширек ғасырдан бері Қазақстанды Орталық Азиядағы тәуелсіз, егемен, әлеуетті стратегиялық әріптес ретін­де есептеп келеді. Біз Қазақстанның тәуел­сіздігін алғашқылардың бірі болып мо­йын­дауымызды мақтанышпен айтамыз. Содан бері көп уақыт өтті. Алайда бұл Қазақстан мен АҚШ та­рапы ха­лық­аралық бейбітшілік пен қауіп­сіз­дікті қам­тамасыз ету үшін тізе қосып жұ­­мыс істеген мерзімнен ұзақ емес. Қазақстан өзде­рін­­дегі ядролық қарудан бас тарту ар­қы­­лы өз ұрпағы үшін қауіпсіз және бей­біт болашақ қалыптастырды», деді Д.Трамп. Бұдан кейін Ақ үй басшысы АҚШ-тың Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторы және негізгі сауда-саттық әріптестерінің бірі екеніне тоқталды. Д.Трамп Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі табысты дамудың моделі ретінде танитынын атап көрсетті.  
«Біз алдағы уақытта Қазақстанға салынатын инвестиция көлемін арттыруды көздеп отырмыз. Әсіресе, энергетика секторына маңыз беру жоспарда бар. Қазіргі таңда Қазақстанмен стратегиялық әріптестігіміз алға жылжып келеді. АҚШ пен Орталық Азия арасындағы әріптестік көпшіліктің күт­кенінен әлдеқайда жедел жүріп жатыр. Қазақстан Ауғанстандағы біздің әс­­ке­рі­мізге айтарлықтай көмек көрсетіп келе­ді», деген АҚШ Президенті екі ара­да­­ғы әріптестіктің Қазақстанның БҰҰ Қауіп­­сіз­дік Кеңесі төрағасы қызметіне кірі­суімен одан әрі нығайғанын атап өтті.  
Д.Трамп Елбасы Н.Назарбаевпен бірге елдің әлеуетін арттыру, қарым-қаты­насты жақсарту жөнінде талқы­ла­ға­нын мәлімдеді. Қазақстан Корея түбе­гінде ядролық қаруға қатысты мәселеде сенімді әріптеске айналып отыр. Ақ үй басшысының пікірінше, бір­лесе жұ­мыс істеу арқылы Солтүстік Корея режі­мінің ядролық қару қаупінен қор­ғануға мүмкіндік мол.
«Президент Назарбаевқа Ауған­стан­дағы біздің әрекетімізге қолдау көр­сеткені үшін алғыс айтамын. Қазақ­станның ИЛИМ (ДАИШ) және Талибан содырларымен күресуде маңызды логис­тикалық қолдау көрсетуін жоғары бағалаймын. Осы орайда, Қазақ­стан­ның ауған азаматтарына білім беру мәсе­лелерін қолға алуының, елдегі қауіп­сіздікті нығайтуға белсене араласуының маңызы ерекше», деді АҚШ Президенті.  
Содан кейін Д.Трамп Қазақстанды көршілеріне құрметпен қарайтын, өз тағдырына өзі жауапты егемен ел ретінде есептейтінін жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстанда америкалық компаниялардың тиімді жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалған.  
«Америкалық кәсіпкерлер Қазақстан экономикасына инвестиция салу бо­йынша алдыңғы қатарда. Екі арадағы сауда және экономикалық байланысты нығайту мақсатында Н.Назарбаев АҚШ-тың іскер өкілдерімен кездеседі. Біз сауданы екіжақты және әділ болуы керек деп есептейміз», деді Д.Трамп.  Ақ үй басшысының айтуынша, бір­қатар өнеркәсіп салаларында, азаматтық авиация, темір жол, медициналық қыз­мет көрсету, технология және энергетика саласында сапалы өнімдер мен қызмет жеткізу жөнінде ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Сөз соңында Д.Трамп Қазақстанның егемендігі берік, келешегі жарқын болуына тілектестігін жеткізді.  
Мемлекеттер басшылары сапар қо­ры­тындысы бойынша екі ел Президенттері кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Онда ХХІ ғасырдағы Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланыстарды одан әрі тереңдету мәселелері қамтылған. Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары жалғасуда. Сапар барысында Елбасы бірқатар екіжақты кездесулер өткізіп, бизнес-форумға қатысты. Бұл жөнінде газетіміздің келесі санында кеңірек жазылатын болады.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 қаңтар 2018 г. 500 0