АҚШ Президенті Дональд Трамп Ақ үйде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу барысында Қазақстанды сенімді әрі әлеуетті әріптес санайтынын жеткізді.
Д.Трамптың айтуынша, Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық, сауда-экономикалық қарым қарым-қатынас жаңа сапаға ие болып отыр. Ақ үй басшысы Қазақстанды өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздіктің шешуші факторы ретінде бағалайтынын жеткізді. АҚШ Президенті Д.Трамп Н.Назарбаевтың Ақ үйге ресми сапармен келуін өзіне абырой санайтынын жеткізді.
«АҚШ тарапы ширек ғасырдан бері Қазақстанды Орталық Азиядағы тәуелсіз, егемен, әлеуетті стратегиялық әріптес ретінде есептеп келеді. Біз Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындауымызды мақтанышпен айтамыз. Содан бері көп уақыт өтті. Алайда бұл мерзім Қазақстан мен АҚШ тарапы халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тізе қосып жұмыс істеуінен ұзақ емес. Қазақстан өздеріндегі ядролық қарудан бас тарту арқылы өз ұрпағы үшін қауіпсіз және бейбіт болашақ қалыптастырды», деді Д.Трамп.
Бұдан кейін Ақ үй басшысы АҚШ-тың Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторы және негізгі сауда-саттық әріптестерінің бірі екеніне тоқталды. Д.Трамп Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі табысты дамудың моделі ретінде танитынын атап көрсетті.