Мемлекет басшысы Н.Назарбаев АҚШ Президенті Д.Трамппен кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастағы экономикалық байланыстың маңызына тоқталды.
«Бүгінгі дөңгелек үстелде 7 миллиард доллар көлеміндегі 20 келісімшартқа қол қоюды жоспарлап отырмыз. Бұл ‒ бизнес өкілдері арасындағы өзара байланыстың жоғары деңгейін көрсетеді. Біз Боинг ұшақтарын сатып алуды, Қазақстанда 900 электровоз салуды және ауыл шаруашылығы саласындағы байланысты арттыруды көздейміз», деді Мемлекет басшысы.
Қазақстандағы америкалық компаниялар ел экономикасына 50 миллиард доллардан астам қаржы құйып, бес мыңға жуық жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік жасады. Елімізге келетін АҚШ азаматтарына визасыз режім енгізілген.
Елбасы визаға қатысты ендігі қадамды АҚШ тарапынан күтетінін мәлімдеді. Сонымен қатар, алдағы уақытта екі ел арасында тікелей әуе қатынасы орнатылмақ. Ақ үй басшысы АҚШ-тың Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторы және негізгі сауда-саттық әріптестерінің бірі екеніне тоқталды. Д.Трамп Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі табысты дамудың моделі ретінде танитынын атап көрсетті.
«Біз алдағы уақытта Қазақстанға салынатын инвестиция көлемін арттыруды көздеп отырмыз. Әсіресе, энергетика секторына маңыз беру жоспарда бар. Қазіргі таңда Қазақстанмен стратегиялық әріптестігіміз алға жылжып келеді. АҚШ пен Орталық Азия арасындағы әріптестік көпшіліктің күткенінен әлдеқайда жедел жүріп отыр», деген АҚШ Президенті екі арадағы әріптестіктің Қазақстанның БҰҮ Қауіпсіздік Кеңесі төрағасы қызметіне кірісуімен одан әрі нығайғанын атап өтті.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, "Егемен Қазақстан" арнайы Вашингтоннан.
Суретті түсірген Бауыржан ЖУАСБАЙ.