
дария тасқынынан да сақтануға сай болуымыз керек
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аптаның сәрсенбісі күні таңертең Жаңақорған ауданында іссапарда болып, бірер күн бұрынғы осы ауданда орын алған қарғын судың зардаптарына қарсы күрес және алдағы қауіптің алдын алу шараларымен танысты. Сондай-ақ, Сырдария өзені арқылы жоғарыдан келетін мол суды облыс көлемінен залалсыз өткізу барысын талқылаған селекторлық мәжіліске төрағалық етті.
Апат айтып келмейді, өткен аптаның сенбі, жексенбісі күндері аудан орталығының тұрғындары және тау бөктеріндегі бірер ауыл күннің күрт жылынуы салдарынан еріген қар мен оған тәулік бойы нөсерлете жауған жаңбыр суының қосылуынан селдеген қарғын судың әсерінен бір дүрлігісіп басылды.
Қай нәрсенің де күнгейі мен көлеңкесі қатар жүретіні бар, өңіріміздің соңғы жетістіктері саналатын халықаралық автобан трассасы және қиыршық тас өндіретін бірнеше зауыттардың орнауы олардың өз кезегінде бұрынғы су жүретін арналар мен су жолдарын бөгеп тастағаны күні кешегі қарғын судың қарқынынан аңғарылып қалды. Оның үстіне биыл тауға да, қыратқа да қар қалың түсті, күн жылынысымен еріген қарға жаңбыр суы қосылып, жылға-жылғаны жағалай келе етекке түсісімен адамға әл бермес алапатқа айналып шыға келді емес пе?! Тамшыға тамшы қосылған соң әдеттегі әдісіңе әл бермейтін секілді ме, «Самара-Шымкент» автожолы бойындағы көпір астынан сарқырай аққан қарғын лезде-ақ аудан орталығының тұрғындары жаңадан қоныстанып жатқан «Саяжай» және «Ипподром» шағын аудандарына қарай жөңки жөнелген. Тұрғын үйлердің аулаларын адақтап, құдық, жертөлелерін суға толтырды.
Әуеліде абдырап қалғанымен, халық жаппай күрек-кетпенін арқалап көшеге шығып, барынша қорғанып бақты. Аудан басшылығы мен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің маманданған қызметкерлері білек сыбана кірісіп, нөпір судың бағытын қауіпсіз жерге бұрды. Және де суға кету қаупі бар бірнеше малшыларды қауіпсіз жерге көшіріп үлгерді. Дегенде, «жыртық үйдің құдайы бар» дегендей, ауа райы бірден суытып, арқырай аққан суыңыз мұз болып қатты да, қауіп сейілгендей болды. Әрине, тосыннан келген табиғи апаттың зардабы болатыны рас, 40-тан астам тұрғын үй мен нысандар жапа шекті деп танылса, анықтау жұмыстары комиссия арқылы одан әрі жүргізілу үстінде.
Қырымбек Көшербаев таудан құлаған қарғын суды басқа арнаға бұрған аудан орталығы тұсындағы көпір маңында тиісті мамандармен және тұрғындардың уәждері мен ұсыныстарына құлақ түрді. Мамандар нақты жағдайды баяндаса, мал шаруашылығымен шұғылданатын кәсіп иесі Шразидан Жұмабаев 24-теміржол бекеті жанындағы қыстауының маңында қарғын суға қамалып қалған малын және отбасы мүшелерін аман-есен құтқарған төтенше жағдай департаментінің сарбаздарына алғысын білдірді. Сондай-ақ, Жайылма ауылынан да 400-ден астам уақ мал, екі малшы отбасы сол жігіттердің көмегімен қауіпсіз аймаққа көшірілгендігі сөз етілді.
Адамның тіршілігі де қызық, өткенді тез ұмытып, сәл нәрсеге дандайси қалатын әдеті бар. Мына жағдайда олай етуге болмайды, қауіпсіздік шараларын нығайтқан үстіне күшейтіп, сонымен бірге, алдағы күндердің де қажетті жұмыстарын ойластырған жөн. Осы жағдайды еске салған облыс әкімі азаматтарға тиянақты жұмыс істеу керектігін, ауызбірлікпен ынтымақ арқылы қиындықтарды жеңу қажеттігін айтты. Сонымен қатар табиғи апаттың зардабы түгел анықталып, тиісті нұсқаулыққа сай, атқарушы орындар арқылы көмек болатындығын да түсіндірді. Қырымбек Елеуұлы қауіпті аумақтардағы қорғаныс шараларымен танысқаннан соң, аудан әкімдігінде су тасқынының алдын алу шараларын пысықтауға қатысты селекторлық мәжіліс өткізді.

Қардың қалың түсуіне байланысты Сырдария өзенінен де жылдағыдан да артық су өтеді. Қазіргі күннің өзінде Шардара су қоймасы толу алдында, енді аз күн ішінде 2 млн. текше метр су жинай алатын Көксарай су реттегіші де өз деңгейіне келеді, онда әзір 1,8 млн. текше метр су жиналған. Сондықтан нөпір судың дария бойымен жөңкуі мен қалың мұздың сетінеуі қатар келетін түрі бар. Бұл жөнінде облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Р.Ормағанбетов хабарлама жасады. Ол өз сөзінде оңтүстік аудандар тұсында мұздың қалыңдығы 15-20 см. болса, солтүстікке қарай оның қалыңдығы 42-69 см.-ға жеткендігін ескертті. Осы жағдайлар өз кезегінде тасқын судың қауіпсіз өтетіндігіне бөгет болуы мүмкін.
– Бұл Сыр өңірі жұртшылығына айтарлықтай қауіп туғызатыны анық. Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлікпен жаңа сөйлесіп, Сырдария өзені арқылы өтетін су көлемін секундына 600 текше метрден арттырмауды өтіндім. Бұл тұрғысында Арнасайға артық суды жіберу жөнінде Өзбекстанмен келісімдер жүргізіліп жатыр. Дегенде, әр аудандардағы көлдер мен каналдарға артық суды тастау мен резервтік жұмыстарды атқаруға дайын болуымыз қажет. Осы жағдайға сәйкес басқа да барлық дайындық пен қауіпсіздік шаралары сақталуы тиіс. Облыс бюджеті нақтыланады, ал су тасқынына қарсы күрес атқаратын мекемелер қаржы мен уақытқа тәуелді болмастан тиісті жұмыстарын, ұйымдастыру шараларын өз дәрежесінде атқаруға жұмылдырылсын, – деп тапсырды облыс басшысы. Селекторлық жиын барысында Жаңақорған ауданының әкімі С.Тәуіпбаев қарғын суға қатысты күрес барысында атқарылған жұмыстармен бірге алдағы тасқын суды аудан көлемінде өткізуге дайындық жағдайына шолу жасады, өзінің ұсыныстарын да айтты. «Төменарық аймағы маңындағы қорғаныс бөгетін нығайтуға қаржылай көмек керек», – деді ол.
Арнайы өткізілген жиында «Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Ә.Қарлыханов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы С.Өмірзақов, облыстық қаржы басқармасының басшысы Қ.Сәрсенбаев, «Қазгидромет» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Ж.Қалымбетова, облыстық ішкі істер департаменті бастығының міндетін атқарушы С.Мадиев хабарлама жасады. Су тасқынын алғашқы кезекте қарсы алатын аудандардың ретінде облыс басшысы Шиелі ауданының әкімі Мұрат Ергешбаевтың мәлімдемесіне назар аударды. «Аудан көлемінде Сырдария өзені 225 шақырым ұзындықта созылып жатыр. Ондағы қауіпті деген жердің барлығы бақылауда. Қарсы шараларын күшейту үшін 14 топ құрылды. Тиісті іс-шара, кезекшілік тізімі жасалған. Техника және басқа да қажеттіліктерді дайындадық. Қиын жағдайда елді мекендерді құтқаратын орындар жасақталып, сақадай сай әзірлік үстіндеміз», – деді ол.
Селекторлық мәжілісті қорытқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аудан әкімдері мен барлық департамент, басқарма басшыларына тиісті тапсырмалар берді. Сондай-ақ, халықпен тығыз қарым-қатынаста болып, басқару саласында этика сақтауды, осы науқан барысында дарияның мол суын өткізуге қатысатын департамент, басқарма, мекеме басшыларына іссапар мен басқа да жол жүруге тыйым салатындығын да қатаң ескертті. Облыстағы осы шақтағы ахуал баспасөз құралдары арқылы әлеуметке шын бейнесінде жеткізіліп отырылуы тиіс екендігі де еске салынды. Журналистер сауалына басшылар тиянақты да дәйекті жауап еріп, қиыншылықты жеңуге жұртшылықты жігерлендіруі тиіс делінді басшы ескертпесінде.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.