ТӘРБИЕ МЕН БІЛІМГЕ ТЕРЕҢ МӘН БЕРІЛГЕН

Облыстық әкімдікте Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын талқылаған жиын өтті. Оған білім саласының мамандары қатысты.

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Қасымова биылғы Жолдауда білім саласына ерекше мән берілгенін атап өтті.

Бағдар нұсқайтын құжатта 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажеттігі айтылған. Бұл ретте барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құру мәселесі бар екенін естен шығаруға болмайды. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болуы тиіс. Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды, ол 2021 жылы аяқталатын болады.

А.Қасымова алдағы уақытта мұндай жиындардың тағы да ұйымдастырылатытын мәлім етті. 

М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінің директоры Б.Сайлыбаев сала мамандарының уақытылы әрі дер кезінде бас қосып отырғанын жеткізді. Ол «Жолдауда адами капиталға баса мән берілген. Білім бағдарламалары қоғамдық негізге бейім болуы керек» деді. Жолдаудың бағыт берер құжат екені белгілі. Онда педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру мәселесі қайта қаралу қажеттігі айтылған. Сонымен қатар, оқушылардың жүктемесін төмендету жайы да көтерілген. Бұған біздегі оқушылардың жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары болып отырғаны себеп. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда да оқушылардың жүктемесі орта есеппен  үштен бір еседен көп екені ескерілген. Еліміздегі мектептерде 5 күндік оқу жүйесі енгізілген. Жолдауды тарқатып айтқан колледж директоры ондағы міндеттерге жеке-жеке тоқталды.

 «Білім беру кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Р.Байназарова Жолдаудың мәнін аша талқылаған мұндай жиындарды аудандарда да өткізу туралы ұсыныс білдірсе, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Ә.Әбдіқалықова тәрбие мен білімнің рухани жаңғырумен ұштасуы тиіс екенін тілге тиек етті.

  «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның филиалы Қызылорда облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі Б.Қожамберлиев Мемлекет басшысының әр жылдағы Жолдауларына шолу жасап, маңыздылығына тоқталды. Ол «Елбасының алғашқы Жолдауы 1997 жылы жарияланған еді. Онда «Қазақстан-2030» стратегиясы белгіленді. 2012 жылы еліміз бірқатар көрсеткіштер бойынша әлемде 49 орынға шықты. 2030 жылы жетеміз деген межеге мерзімінен бұрын жеттік. Енді 2050 жылға қарай бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу межесі белгіленді. Елбасының өткен жылғы Жолдауында табысқа білім арқылы жететініміз айтылды. Ал, биыл адами капитал негізгі міндеттердің бірі болып отыр» деді.

Дөңгелек үстел барысында мұғалімдердің кәсіби біліктілігі мен жаңа технологияларды меңгеру жайы да сөз болды. Жиынға қатысушылар өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты.

 Әзиз БАТЫРБЕКОВ,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 қаңтар 2018 г. 494 0