Үкімет Елбасы Жолдауын іске асырудағы жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасын бірауыздан қолдады

Бүгін Үкімет отырысында Елбасы Жолдауын іске асыру жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы бекітілді, деп хабарлайды Baq.kz.

Маңызды құжатты ҚР Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов таныстырды.

«Мемлекет басшысының 2018 жылдың 10 қаңтарындағы «Төртінші өнеркәсіптік жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында сіздердің назарларыңызға жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы ұсынылып отыр. Онда алдағы уақытта мемлекеттік дамытуға бағытталған 10 негізгі міндет бойынша 87 іс-шара көзделген», - деді министр.

Осы орайда ведомство басшысы әрбір міндетке жеке-жеке тоқталды.

«Бірінші міндет. Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс. Бұл мақсатты орындау үшін 8 іс-шараны жүзеге асыру көзделген. Кәсіпорын субъектілерін жаңғыртатын әрі цифрландыратын жаңа құралдарды жасау, өнімдерді экспортқа шығаруға және транспорттық технологияларды дамытуға жағдай жасау. Аталған шараларды жүзеге асыру үшін концепция жасалады. Кейін еліміздің инновациялық дамуын қамтамасыз ететін жаңа мемлекеттік бағдарлама дайындалып, тиісті нормативтік актілерді әзірлеу қажет», - деді ол.

Сонымен қатар, Тимур Сүлейменов еліміз жасыл технологияларды дамыту және тұрмыстық қалдықтарды өңдеу саласындағы жұмыстарды жалғастыра беретінін жеткізді.

«Екінші міндетке тоқталайын. Ресурстық әлеуетті дамыту бойынша 5 іс-шараны іске асыру көзделген. Ол еліміздегі жасыл технологияларды дамытуға, табиғи ресурстарды басқаруға көзқарасты өзгертуге негізделеді. Аталған міндеттер Экологиялық заңнаманы өзгерістер енгізу арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша кешенді іс-шаралардың жоспарын дайындап, жүзеге асыру көзделген. Қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу саласына шағын және орта бизнес өкілдерін тарту қарастырылған», - деді министр.

Сонымен қатар, ол отандық агроөнеркәсіп кешенін алға жылжыту мақсатында тиісті жоспар дайындалғанын атап өтті.

«Үшінші міндет. «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі бойынша 6 іс-шараны жүзеге асыру көзделген. Олар агроөнеркәсіптік кешеніне жаңа технологиялар мен бизнес моделдерін енгізуге, ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуға тиімсіз субсидияларды қысқартып, осы саладағы ғылымды дамыту көзделеді. Агроөнеркәсіп саласын дамытуға бағытталған 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізу қарастырылады әрі тиісті нормативтік актілер қабылданады», - деді Тимур Сүлейменов.

Кейін Ұлттық экономика министрі Елбасы Жолдауындағы қалған 7 міндет бойынша тиісті жоспар құрылғанын, оларды орындау бойынша жұмыстар жүргізілетінін атап өтті. Үкімет мүшелері аталған құжатты қолдап дауыс берді.

«Жақсы, шешім қабылданды. Ұлттық экономика министрлігі Премьер-министрдің кеңсесімен бірге бұл құжатты Президент әкімшілігіне көрсетулеріңізді сұраймын», - деді Бақытжан Сағынтаев.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 қаңтар 2018 г. 565 0