Ұсыныстар бойынша нормативтік құжаттарға өзгеріс енгізілді

Жыл ауыл шаруашылығын саласын кәсіпке айналдырып отырған іскер азаматтар үшін жағымды жаңалықпен басталды. Бұл туралы Палатаның Агроөнеркәсіп кешені бөлімінің бастығы Жасұлан Серіков айтты.   

«Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласындағы номартивтік-құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу барысында Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының 7 (жеті) ұсынысы ескеріліп, Ауыл шаруашылық министрлігінің екі субсидиялау ережесіне және Ұлттық экономика министрлігінің бір ережесіне өзгерістер енгізілді. Айта кету керек, бұл ұсыныстарды кәсіпкерлермен талқылай отырып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен бірге әзірледік», - дейді

Бұл не өзгерістер және кәсіпкерлерге қандай тиімділігі бар? Бүгін осы жайтқа тоқталып өткіміз келеді.

Біріншіден, бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығы саласын субсидиялау қағидасына сәйкес өңірлердің климаттық  ерекшеліктері ескерілмей, жалпы талап қойылып келген болатын. Яғни, қағидада 1000 бастап басталатын нақты бордақылау алаңдарында желден қорғаныс құрылғысы мен жылытқышы бар астаулар қою міндеттелген. Бірақ бұл талаптар оңтүстік өңірлердегі кәсіпкерлер үшін артық шығын және негізсіз болатын. Палатаның ұсынысы негізінде 2017 жылдың 27 қаңтарында Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығына өзгерістер енгізіліп, оңтүстік өңірлер үшін бұл талаптар алынып тасталды.

Екіншіден, бұған дейін күріш егумен айналысатын шаруашылықтар үшін инвестициялық субсидияның жерге нормативтік талаптары жоғары болатын. Күріш жинауға арналған комбайндарды шаруалар сатып алған жағдайда, бір бірлік техникаға норматив бойынша жер көлемі сәйкес келу қажет.

Бүгінде Палата ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2017 жылғы 27 қаңтардағы № 30 бұйрығына – инвестициялық субсидия Ережесіне бірқатар ауылшаруашылық техникаларына қойылған нормативтерін төмендетуге қол жеткізді (4 өзгеріс – 2017 жылдың желтоқсан айында бекітілді). Атап айтқанда:

- қуаттылығы 200 ат күшінен төмен күріш жинау комбайндарына жер учаске нормативі 350 гектардан 200 гектарға төмендетілді;

- қуаттылығы 200 ат күшінен жоғары күріш жинау комбайндарына жер учаске нормативі 500 гектардан 300 гектарға төмендетілді;

- қуаттылығы 131-210 ат күші бар тракторларға 1000 гектардан 400 гектарға дейін төмендетілді;

- өздігінен жүретін жаткаларға 1500 гектардан, 400 гектарға дейінгі шарт төмендетілді.

Яғни, осы өзгерістерден кейін жоғарыда аталған техникаларға субсидия алу қолжетімдірек болды деген сөз. Жаңа техникасы үшін жер көлемі жетіспегендіктен субсидиялаудан бас тартылған кәсіпкерлер қайта өтінім беріп, жаңа Ереже бойынша субсидия алуына мүмкіндігі бар.

Мұнан өзге, өткен жылдан бастап ҚР Ұлттық Экономика Министрлігінің №93 бұйырғына сәйкес шетелден әкелінетін бірқатар ауылшаруашылық техникаларына 12% көлемінде қосымша құн салығын (ҚҚС) төлеу жүктелу жоспарланған болатын. Бұйрық жобасы кезінде бұл тізімге комбайндардың барлық түрі енгендіктен, Кәсіпкерлік палатасы «Атамекен» ҰКП-ның басшылығына хабар беріп, нәтижесінде күріш жинау комбайндарына ҚҚС-ғы алынбайтын етіп Бұйрық өзгертілді.

Бұл дегеніміз, егер қайсы бір күріш шаруашылығы әлемдік жетекші компаниялардың комбайнын шетелден 150 млн тг-ге сатып әкелген болса, үстіндегі 18 млн тг ҚҚС төлемейтін болады. Дәл осындай артықшылық күріш жинау жаткілеріне де берілген. Құжат 2017 жылдың сәуір айында бекітілді.

Кәсіпкерлер палатасы бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра беретін болады. Салаға қатысты кәсіпкерлерден ұсыныс, пікір болған жағдайда 8 /7242/ 40-09-81 байланыс телефоны арқылы сарапшы маман Алма Пірмановаға хабарласуға болады.

Қызылорда облысы

 кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 қаңтар 2018 г. 503 0