Халық – қазы, еңбек – таразы

15 қаңтардан бастап облыс аудандарындағы ауылдық округ әкімдерінің халық алдында есеп беру жиындары басталды.

Ортақ іске жанашырлық

ШИЕЛІ. Аудандағы есепті кездесу – Ақмая ауылынан бастау алды. Ауылдық округ әкімі Жарқын Арслановтың мәлімдеуінше, ауылда әлеуметтік маңызы бар нысандармен қатар шағын кәсіпкерлік орындары да ауыл тұрғындарына қызмет ете бастаған. Мұнда монша, шаштараз, тігін цехы мен наубайханалар жұмыс істейді. Ең бастысы, жұмысқа жарамды ауыл азаматтарын жұмыспен қамту мәселесі біршама шешілген. Мәселен, егін және мал шаруашылығымен шұғылданатын «Ақмая» шаруа қожалығында бұл күндері 160 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылса, аталған шаруашылықтың тұрмысы төмен отбасыларға беретін жәрдем көлемі де көңіл көншітеді. Яғни, ауылда бір-біріне қамқорлық танытып, қауымдасу арқылы алға жылжу үрдісі қалыптасқан.
Осы күні Төңкеріс, Жиделіарық және Еңбекші ауылдарында да жиын өткізіліп, жетістіктер мен маңызды мәселелер ортаға салынды.
Аудан әкімі Әшім Оразбекұлы кездесулерде елмен, жермен етене таныстығын орайлы ұштастырып, жаңа идеялармен бөлісті.

Ауыз су аулаға дейін жеткізілді

Жалағаш. Қаракеткен ауылдық округіндегі кездесуде аудан әкімі Қ.Сәрсенбаевтың, аталған ауылдық округ әкімі Қ.Өлментайдың, учаскелік полиция инспекторының міндетін атқарушы А.Асылбекұлының есептері тыңдалды.
Ал М.Шәменов ауылдық округіндегі кездесуде төрт түлік малдың басын көбейту және асылдандыру жұмыстары туралы мәселе көтерілді. Отбасылық кәсіпті дамыту мақсатында ауыл тұрғыны А.Қалжанов 1 млн теңге несиеге ірі қара сатып алып, мал басын көбейту жұмыстарын жүргізуде. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» аясында ауыл тұрғыны И.Жорабек 1 млн теңге грант иегері атанып, өз жұмысын бастады.
Ауыл орталығында жаңа типтегі дәрігерлік емхана, типтік жобада салынған ауылдық мәдениет үйі, пошта бөлімшесі, №34 орта мектеп, №18 «Бөбек» бөбекжайы, ауылдық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде.
Мектеп ғимаратын жаңадан салу үшін жобалық-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізіліп, мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізу үшін жұмыстар атқарылуда.
Ауыз су жүйесін қайта жаңғыртуға бөлінген қаржыға 11 шақырым су жүйесі тартылып, 197 үйдің ауласына су кіргізілді. Бұл жоба биыл да жалғасын табады.
Кездесуге «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Ә.Қарлыханов және бірқатар аудандық мекеме, бөлім басшылары қатысты.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 қаңтар 2018 г. 628 0