Мектеп формасынан қыз жасауына дейін

Нарықтың заңын игеріп, кәсіпті нәсіп етемін деген адамға жұмыс жетеді. Жадыра Құлмырзаева жастайынан тігін өнерінің қыр-сырына қанық болды. Дизайнер мамандығын алды. Алғашында шағын тігін цехын ашып, өзінің жеке кәсібін бастаған. Енді осы цехты кеңейтуді жоспарлайды.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша шағын несиелендіру туралы естіген соң кәсіпкерлер палатасының көмегіне жүгінді. Кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері Жадыраға қаржы институтынан несие алуға қажетті құжаттарды әзірлеп берді.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы арқылы «Қолдау» бағдарламасы аясында 1 млн 600 мың теңге несие алған жас кәсіпкер 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олар екі шағын цехта бөлініп жұмыс жасайды. Тігіншілердің өніміне сұраныс та жоғары.
– Тігін өнерімен 3-4 жылдан бері айналысамын. Әрі қарай дамыту үшін кәсіпкерлер палатасынан кеңес алдым. Бизнес жоспарымды жасап берді. Осы жобамен қордан ақша алып, екінші шеберханамды ашып отырмын, – дейді жеке кәсіпкер.
Шағын тігін шеберханасында мектеп формасы, арнайы жұмыс киімдері, кешкі көйлектер тапсырыспен тігіледі. Тігіншілер ескі киімдерді өңдеумен де айналысады. Ісмерлерден үйрену үшін бұл жерге колледж студенттері де келіп, тәжірибеден өтеді.
Жадыраның екінші тігін шеберханасында қыз жасауы дайындалады. Мұнда тігілген ұлттық нақышпен өрнектелген қыз жасауы, оюланған жастықтар, төсек жабдықтары тұтынушылардың көңілінен шығып отыр. Жас та болса, бас болып жүрген кәсіп иесінің алдағы жоспары да ауқымды, ол екі шағын шеберхананы біріктіріп, үлкен тігін орталығын ашқысы келеді. Терезе перделерін тігу де ойында бар.
Палатаның кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Салават Құлмаханның айтуынша, былтыр кәсіпкерлер палатасы 7327 азаматқа кәсіп ашу және өзге де кәсіпкерлік саласына қатысты кеңес берген. Жалпы құны 2 млрд теңгеден асатын 372 жобаны сүйемелдеген.

М.МЕРЕЙ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 қаңтар 2018 г. 670 0