Биік мақсат межесінде

«Алдыңда не күтіп тұр, соны ойла. Игі мақсатқа тура жүрген жетеді» деген ұлы ғұлама Фирдоусидің ұлағатты қағидасына сүйенетін болсақ, Елбасы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңында-ақ еліміздің ұзақ жылдарға арналған даму перспективасын болжап, ондағы басым бағыттарды айқындап берген болатын.
«Қазақстан – 2030» Стратегиясы еліміздің қалыптасу кезеңіндегі дамуын көрсетсе, «Қазақстан-2050» Стратегиясы әлемдік аренада әбден танылып, тұғыры нық қалыптасқан мемлекеттің ұзақ жылдарға арналған жаңа саяси бағытын айқындап берді. Елбасының халқымызды мәңгілік мұраттарға жетелейтін «Мәңгілік Ел» идеясы – «Қазақстан-2050» Стратегиясының түп қазығы.Тәуелсіз Қазақстанның стратегиялық дамуы айқындалатын осынау басты құжаттардың басым бағыттарының кезең-кезеңімен, уақыттан оза іске асқанын өмірдің өзі дәлелдеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын биылғы жолдауының тақырыбының өзі айтып тұрғандай, оның мазмұнында бүкіл әлемнің төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басқан кезеңіндегі еліміздің әлеуеті мен оның мүмкіндіктерін қалай пайдалана алатынымызды сөз ете отырып, жаңа кезеңге бейімделу үшін қандай қарекет жасайтынымызды да нақтылайды. Себебі, жаһандағы технологиялық қарқынды өзгерістер баршамыздың өмір салтымызды, ұрпақтарымыздың болашағын жылдам өзгертеді және сол өзгерістерге қарай бейімделуімізді талап етеді.
Мұны Елбасы кешегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана – сезіміміз бен дүниетанымымызғы әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», - деген болатын.
Елбасы Н.Ә Назарбаев өз жолдауында өркениеттен қалмай, көшбасшы елдер қатарынан көріну үшін алда орындалатын негізгі он міндетті ұсынды. Басым бөлігі индустрияландыру мен технологияға негізделген осынау маңызды міндеттердің бірі – «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп аталатын жетінші бағыт. Себебі, қандай мықты индустрия, ғажайып технология болмасын, оны жасайтын – адам. Сондықтан да Елбасы өз жолдауында төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріндегі бүкіл жаңғыруымыздың негізі – адам капиталы екендігіне баса назар аудара отырып, білім және ғылым саласының сапалық тұрғыдан дамуына ерекше мән беріп отыр. Мұнда білім беруді жаңа сапаға көтерудің тетігі ретінде, барлық жастағы азаматтарды қамтитын және олардың қоғамдағы өзгерістерге үнемі бейім болып, жаңа білімді меңгеруге қабілетін дамытатын үздіксіз білім берудің ұлттық жүйесін қалыптастыруды жеделдетудің қажеттігін алға тартады. Ал бүгінгі күні еліміздің білім беру саласы болса, жаңартылған білім беру мазмұнына негізделген 12 жылдық білім берудің осындай ұлттық жүйесін қалыптастырудың бастапқы кезеңінде тұр.
Білім берудің жаңартылған мазмұны - бұл халықаралық стандарттарға сәйкес және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен заманауи оқу бағдарламалары. Ол балаларымызға қажетті функционалдық сауаттылық пен олардың сыни ойлау қабілетін қалыптастырады.
Бүгінгі білім беру саласы қызметкерлерінің алдында тұрған осынау үлкен міндеттерді жүзеге асырушы негізгі тұлға – мұғалім екендігін меңзей отырып, Елбасы өз Жолдауында педагогтарды даярлау мен олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарап, педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамытудың қажеттілігін айтып, оның ішінде мұғалімнің әлеуметтік мәртебесін көтеру мәселесіне ерекше басымдық берген.
2016-2017 жылдары білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысы 29% ға өскен болса, 2018 жылдан бастап білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша дәріс беретін ұстаздардың жалақысын 30%-ға, ал ұлттық біліктілік тестілеудің нәтижесінде айқындалатын мұғалімдердің біліктілік деңгейінің жаңа кестесіне сәйкесті категорияларының расталуына байланысты олардың жалақысын 30%-дан 50%-ға дейін көтеру көзделген. Бұл біріншіден, мұғалімдердің өз кәсіби біліктіліктерін ұдайы жетілдіріп отыруын ынталандыратын болса, екіншіден ол ұстаздың қоғамдық мәртебесін көтеріп, оның тартымдылығын арттырып, жастардың мұғалімдік мамандыққа деген қызығушылығын тудырары сөзсіз. Ал, мамандығын дұрыс таңдап, мектептен жақсы дайындықпен келген түлектен болашақ жақсы ұстаз шығатыны да белгілі.
Жолдауда «Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс» делінген. Озық елдер тәжірибесіне сүйенер болсақ, ондағы кәсіби білім беру бағдарламалары еңбек нарығының сұранысына сай мамандардың өз мамандық бағыттарын тез өзгертуіне мүмкіндік береді.
Біздің елімізде де жоғары кәсіби білімі бар маманның өз қажеттілігіне қарай қысқа мерзімде екінші мамандық алуына, ал орта буын маманының қысқа мерзімде жоғары білім алуына белгілі бір дәрежеде мүмкіндік жасалған. Кәсіптік білімнің техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру деңгейлерінің интеграцияланған білім беру бағдарламалары да бірізділік пен сабақтастықтың негізінде азаматтардың қысқа мерзімде екінші біліктілік алуына қолжетімділігін қамтамасыз етуі тиіс. Демек, біздің де кәсіби білім беру бағдарламаларымыз еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделе жасалуы тиіс. Оның да алғышарттары бүгінгі күні елімізде қолға алынуда.
Мектеп оқушыларының білім деңгейін халықаралық сараптау орталығының мәліметіне сәйкес қазақстандық оқушылар өз академиялық білім деңгейлері бойынша Ресейлік білім алушылардың қатарында алғашқы ондықтан көрінсе, функционалдық сауаттылық деңгейі мен сыни ойлау қабілетіне қарай әлемдегі 60 елдің ішінде соңғы орындарда екендігі анықталған. Балалардың біліміндегі осындай олқылықты болдырмас үшін ОЭСР елдері жаңартылған білім беру мазмұнына осыдан 15 жыл бұрын көшкен болса, біздің елімізде ол 2016 жылдан бері ғана қолға алынып келеді. 2021 жылы 12 жылдық орта білім беру жүйесі толықтай жаңартылған білім беру мазмұнына көшіп болып, 2019 жылдан бастап жоғары сыныптарда жаратылыстану бағытындағы пәндер ағылшын тілінде оқытылатын болады.
Елбасы өз Жолдауында осылайша құрылған ұлттық білім беру жүйесінің нәтижесінде үш тілді меңгерген барлық түлектеріміздің жаһандық әлемде өмір сүре алатындығын және елімізде нағыз азаматтық қоғам құрылатындығын, ал Қазақстанның болашағы - жастардың қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде екендігін айтты.
Осы мақсатта еліміздегі білім беру саласының алдына екі міндет қойылып отыр. Оның бірі мектеп оқушыларының ағылшын тіліндегі білім мазмұнын игеруге қажетті тілдік машығын қалыптастыру болса, екіншісі ағылшын тілінде дәріс беретін пән мұғалімдерін кәсіби даярлау.
Осыған орай, соңғы екі жылда Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен Назарбаев Зияткерлік мектептерінің үлгісіндегі жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді тереңдетілген бағдарламамен ағылшын тілінде оқытатын 46 инновациялық мектеп – лицейлер қалыптастырылып, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде ағылшын тілін меңгерген математика, физика, информатика пәндерінің болашақ мұғалімдерін даярлау жобасы жүзеге асырылуда. Алдағы оқу жылында алғашқы 75 түлек ағылшын тілінде дәріс беретін 46 инновациялық мектеп - лицейлерге мұғалім болып баратын болады.
Жолдауда Елбасы еліміздегі орта білім беру жүйесінде оқушылардың апталық оқу жүктемесінің ТМД елдерінің ішінде ең жоғары болып отырғанын айта отырып, оны төмендетудің қажеттілігін тапсырды. Елімізде биылғы оқу жылынан бастап барлық мектептер сабақтың 40 минуттық ұзақтығымен 5 күндік оқу аптасына көшіріліп, нәтижесінде қолданыстағы оқу жоспарына сәйкес оқушылар күніне 6-8 сабаққа дейін білім алуда. Бұл өз кезегінде оқушыларға аптасына екі күн демалыста ата-аналарымен бірге болып, спорт секцияларына, үйірмелерге қатысуына мүмкіндік бергенімен белгілі бір дәрежеде қиындық та туғызады. Сол себептен де, әлемдік тәжірибені саралай отырып ҚР Білім және ғылым министрлігі бүгінгі күні ресірпубликалық ата – аналар қауымдастығының да ұсынысын ескере отырып оқушылардың апталық оқу жүктемесін азайтумен қатар, мұғалімдердің де жүктемесін төмендетудің мүмкіндіктерін қарастыруда.
Жолдауда білім беру мекемелерінің арасындағы бәсекелестікті арттырып, жеке капиталды тарту үшін қала мектептерінде жан басына қатысты қаржыландыру енгізілетіндігі айтылды. Бұл өз кезегінде жалпы орта білім беретін жеке меншік мектептердің ашылуына жол ашады.
Бүгінгі күні елімізде техникалық және кәсіптік, жоғары білім мен мектепке дейінгі білім беруде бәсекелестік орта қалыптастырылып, жеке меншік білім беру ұйымдарына мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс жасауға мүмкіндік беріліп келеді. Ал қіазіргі таңдағы ата – аналардың балаларының сапалы білім алуына деген бүгінгі құлшынысын ескеретін болсақ, Елбасының орта білім беретін жеке мектептердің ашылуына мемлекеттік қолдаудың қажеттілігі жөніндегі тапсырмасы бүгінгі күнгі өзекті мәселенің түйінді шешімі деп айтуға болады.
Осы айтылғандардың барлығын да заманауи ақпараттық технологияларсыз елестетудің өзі мүмкін емес. Елбасы оқытудың мазмұндылығының заманауи техникалық тұрғыдан қолдау көрсету арқылы үйлесімді түрде толықтырылуға тиіс екендігіне, цифрлық білім беру ресурстарын дамытуға, орта мектептер мен колледждер және жоғары оқу орындарында үздік оқытушылардың видеосабақтары мен видеолекцияларын Интернетке орналастыру керектігін де айтты. Бұл, әсіресе, шалғай жатқан елді мекен тұрғындары үшін озық білім мен құзіреттілікке қол жеткізуге жол ашатын болады.
Мектептерге маман дайындап отырған аймақтағы іргелі оқу орындарының бірі болғандықтан да, Қызылорда жоғары педагогикалық колледжі ұстаздарының алдында аталған Жолдаудан туындайтын зор міндеттер тұр. Оны орындау үшін әрбір ұстаздың Ұлы Дала ұрпақтарына білім мен тәрбие беруде терең білімі, пайым – парасаты, оқушылармен үндескен кәсіби – шығармашылық деңгейі қажет.
Ұлы ағартушылар Мағжан Жұмабаев алты алаштың баласы бас қосқан жерде төрдегі орынды мұғалімге берсе, Ыбырай Алтынсарин ұстазды мектептің жүрегіне теңеген. Заманымыздың заңғар тұлғаларының бұл қағидаттары бүгін де маңызды, қазір де өміршең болып қала бермек.
Б.Сайлыбаев,
М.Мәметова атындағы
Қызылорда педагогикалық
жоғары колледжінің директоры,
педагогика ғылымдарының докторы,
профессор.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 қаңтар 2018 г. 675 0