«SMART CITY» – ЖАЙЛЫ ТҰРМЫСҚА ЖОЛ БАСТАЙТЫН ТҰЖЫРЫМ

     Мемлекет   басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік ­революция жағ­дайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында цифрлы технологияға ерекше мән берілген. 

Елімізде жаңа технологияны жетік меңгере түсу үшін «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қабылданды. Ол 4 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бірінші бағыт – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, Қазастанның транзиттік әлеуетін арттыру. Екінші бағыт – көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда экономиканың салаларына цифрлық технологияны ендіру. Үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру және төртінші бағыт – IT-мамандарды даярлау.

Алдағы уақытта 2 миллионнан астам халқы бар 1800 ауылға байланыс желісін тарту көзделген. Бұл жобаны 2018-2020 жылдары аралығында жүзеге асыру жоспарлануда. Нәтижесінде 2021 жылға дейін ұзындығы 24000 шақырымды құрайтын талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылады. Бұл жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерін интернетке қосуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, аталған жобаны 13 жылдың ішінде, яғни, 2018-2030 жылдары мемлекеттік органдардың байланыс қызмет көрсетулерін кепілдікті пайдалануды қамтамасыз етумен мемлекеттік-жекешелік әріптестік сызбасы бойынша іске асыру көзделген. Нәтижесінде интернетке қолжетімділіктің секундына 20 мегабитке дейін жылдамдығын қамтамасыз ету жоспарланып, денсаулық сақтау және жергілікті мемлекеттік органдардың мекемелерінде шамамен 2000 мектеп пен 1200 нүктені қосу жоспарланған.

Бұл бағдарлама бойынша Сыр бойында да бірқатар жұмыстар атқарылмақ. «Microsoft» компаниясы еліміздің цифрландыру саласындағы бастамаларға қолдау көрсетуде. Осы компания біздің аймақта да төрт бағыт бойынша жұмыс жасауға ниетті. Олардың ішінде денсаулық, білім және ақылды қала жобалары бар. Бұған қоса Қызылордада ресурстық орталық ашуды жоспарлап отыр. Орталық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылады. Онда оқыту тегін жүргізіледі.

Биылғы Жолдаудың бір ерекшелігі ақылды қалалар болып отыр. Онда «Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналады» деп көрсетілген. Бұл тұрғыда «Ақылды қала» дегеніміз не, міне, соған көңіл бөлуіміз керек. Жаңа технологиялардың артықшылығы жеткілікті. Мәселен, ғаламтордан тамашалап жүрген ақылды үйлерде бәрі оңай басқарылады. Екі алақанды бір-біріне соғу арқылы жарық қосылса, теледидарды дыбыспен өшіріп-сөндіруге болады.

Сол сияқты ас бөлмесі мен жуынатын бөлмеде де осы секілді кереметтерді жасауға болады. Қолыңды созсаң, судың ағатынын өз көзімізбен көрдік. Таңғалатын нәрсе. Бірақ, бұл дәл қазір біз өмір сүріп жатқан қоғамда болып жатыр. Оған ілесу үшін біз барынша білімімізді жетілдіріп отыруымыз қажет. Мұнымен қо­са жаңалықтарды уақытында қабыл­дау да маңызды. Қазір ақпараттың жылдам тарайтын заманы. Әлем бойынша бір секундта 10 сайт ашылады екен. Тіпті, бір дегенде үш миллион хат жіберіледі. Біздің балаларымыз осы үдерістен қалып қоймауы керек.

Қазір Сырдарияның сол жаға­лауы алып құрылыс алаңына ай­нал­ғаны белгілі. Жаңа қаладағы барлық талаптар «Ақылды қалаға» негізделеді деп жоспарланған.

Жолдауда «SMART CITY»  тұжырымдамасы негізге алынған. Нақты міндеттің  бірі болып Қарағанды облысы – денсаулық саласы, Павлодар аймағы – білім, ал, Қызылорда «ақылды басқару» бойынша пилоттық өңір болып бекітілді. 4 жыл ішінде үздік жобалар іріктеліп, өзге облыстарда жүзеге аспақ. Жалпы, «SMART CITY»  дегеніміз – бұл ақылды  қала. Ол халықтың  қолайлы өмір сүру жағдайларын жақсарту үшін ресурстар мен қызметтерді басқару  тиімділігін арттыру стратегиясы болып табылады. «SMART CITY»  бағыттары – Канадада (қауіпсіздік), Барселонада (көлік), қалдықтарды жою бойынша – АҚШ-та, әлеу­меттік қызметтерді  көрсету саласы бойынша – Сингапурде, дистанциондық білім беруде Стэнфорд, АҚШ-та, медициналық көмек көрсету бойынша Ұлыбританияда дамыған. Елбасының айтуынша, «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін. 2018 жыл – Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл. Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қа­та­рына қосылуы – баршамыздың ортақ мақтанышымыз. Заманауи технологиялар жылдам өсіп келе жатқан мегаполистің проблемаларын тиімді шешуге жол ашады. «SMART CITY»  тұжырымдамасы мен қалаға қоныс аударатын адам­дардың құзыреттерін дамыту негізінде қалалық ортаны басқаруды кешенді түрде енгізу қажет. Әлемде инвесторлар үшін қалалар бәсекеге түседі деген түсінік қалыптасты. Олар елді емес, жайлы өмір сүріп, жұмыс істейтін қаланы таң­дайды. Сондықтан, Астананың тәжірибесі негізінде «SMART CITY» «эталонды» стандартын қалыптастырып, Қазақстан қала­лары арасында озық практиканы таратуды және тәжірибе алмасу ісін бастау керек.

Ресми деректерге сүйенсек, облыс тұрғындарының компью­терлік сауаттылық деңгейі 75 пайызды құрайды. Оның ішінде интернет қолданушылар үлесі 80 пайыздан асқан.

Қарап отырсақ, бұл жұмыс­тардың барлығы атқарылып жатыр.  Интернет желісі қолже­тімді болу үшін облыс, аудан орталықтарынан бөлек, шал­ғай­дағы ауылдарға да қолайлы жағ­дай жасалуда. Мұның барлығы санды технологияны ендіру үшін жасалған қадамдар болатын. Айналасы бірнеше жылдың ішінде қазақстандықтар неше түрлі ұя­лы телефондарды ұстады. Жыл өткен сайын олардың функциялары өзгеріп, мүмкіндіктері де арта түсті. Алғашқыда тек байланыс құралдары үшін қолда­нылған қолақпандай телефондар бірте-бірте айфон, айпад, смартфондарға ауысты. Бүгінде ұялы телефоныңыз тек байланыс құралы ғана емес, сонымен қатар, интернет желісіне еркін қосылатын компьютер іспетті. Адамдар ұялы телефондарына саналуан әлеуметтік желілерді жүк­теп, қоғамда орын алған оқиғаларға байланысты ой-пі­кір­лерін білдіретін болды. Сондай-ақ, ұлттық жерсеріктік «OTAU TV» теле-радио хабар тарату желісі іске қосылып, отандық арналардың аудиториясы кеңейіп, мүмкіндігі арта түсті. Нәтижесінде республикамыздың әрбір аймағынан хабар тарататын облыстық телеарна­лар­ды еліміздің кез келген өңірінен көруге болады. Бұрын тек Астана мен Алматы сияқты үлкен қалаларда ғана көрсететін арналарды тамашалайтын мүмкіндік туды.  Алдағы уақытта қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру әрі ұлттық экономиканы цифр­лан­дыру бағдарламасын жү­зеге асыру шеңберіндегі жұ­мыс­тар жалғасатын болады. Елімізде 2020 жылға дейін интернет қолданушылардың санын 80 пайызға дейін арттыру, тұрғындардың 95 пайызын цифрлы xабар таратумен қамту, азаматтардың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға дейін арттыру көзделуде.

Әзиз БАТЫРБЕКОВ.

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 қаңтар 2018 г. 625 0