« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Өмір өзгеріп, құндылықтар алмасып жатқанмен, білімнің әу бастағы адам ойының, қарым-қабілетінің, пайым-парасатының күшімен әлемді өзгерту миссиясы сол күйінде қала береді. Көз ілеспес жылдамдықпен дамыған дүниенің соңында қалып қоймау үшін жаңаны танудың маңызы жойылмайды.
Абай хәкімнің жас баланың анадан туғандағы «ішсем, жесем, ұйықтасам екен» дейтін және «білсем екен» дейтін екі мінезін суреттегеніндей, білімге ұмтылыс барлық жеткіншектің бойынан табыла бермейтін қасиет. Есесіне оның қабілеті басқа қырынан ашылып жатады.
Тым әріге бармай-ақ, шамамен осыдан 40 жыл бұрынғы мектеп бітірушілерді алайық. Олардың арасынан жоғары білім алуға ұмтылғандары аз болды. Бұл жоғары білімге қолжетімділіктің сол уақыттағы жағдайына өлшем бола алады. Бірақ, қазір 60-тың ауылын еркін аралап жүрген аға ұрпақтың арасынан түрлі мамандық иелері шықты. Негізінен арнаулы орта білім алған мамандар. Енді осыдан ширек ғасыр бұрынғы жағдайды бағамдалық. Бұл кездегі ахуал біздің буынға етене таныс. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы дағдарыс талай талаптының тағдырын білімге ұмтылудан басқа арнаға бұрды. Алматыға оқуға түсу ілуде біреудің бағына бұйырды. Облыс орталығындағы жоғары оқу орындарының өзіне екінің бірінің қолы жетпеді.
Бүгінде орта мектептен кейін жоғары, арнаулы білім алуға түлектердің түгелге жуығы қызығушылық танытады. Өйткені әлемнің қай түпкіріне барып, қандай мамандыққа оқимын десе де жол ашық. Баласының болашағына алаңдаған ата-ананың да таңдау аймағы ұлғайды. Бізге қол жетпес арман болған оқу орындары балаларымыздың білім ұясына айналды.
Өткен оқу жылында мектеп бітірген түлектердің 97 пайызы оқу орындарына түсті. ҰБТ сынағынан орташа 82,4 балл жинап, республика бойынша өз білім деңгейлерінің жоғары екенін тағы да дәлелдеді.
Түлектер тестілеу қорытындысы бойынша 2013 жылғы соңғы орындардан алғашқы бестікке көтерілді.
Білім гранттары дегенде облыс әкімдігімен меморандум аясында Ресей Федерациясы бюджеті есебінен білім алып жатқан студенттерді мақтанышпен айтамыз. Қазір аймақ экономикасының сұранысына сай мамандықтар бойынша Ресей Федерациясының үш университетінде 452 студент оқып жатыр. Мәскеу Ұлттық технологиялық зерттеу университетінде 19 мамандық бойынша 218 студент, К.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінде 22 мамандық бойынша 122 студент, Санкт-Петербург мемлекеттік өндірістік технология және дизайн университетінде 10 мамандық бойынша 112 студент білім алуда.
Биыл Мәскеу Ұлттық технологиялық зерттеу университетін 61 бала, Санкт-Петербург мемлекеттік өндірістік технология және дизайн университетін 21 бала бітіреді. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы жанынан ЖОО мен колледждерді тәмамдаған жастарды еңбекпен қамту үшін рекрутивтік орталық ашылған еді. Өткен жылдың соңына таман облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Мәскеу қаласына жұмыс сапары кезінде қызылордалық студенттермен кездесіп, бітіруші түлектерге жұмыс орындарын ұсынды.
– Төрт жыл бойы алған білімімізді қорытындылап, нәтиже көрсететін уақыт жақындап келеді, – дейді бізбен әңгімесінде Мәскеу Ұлттық технологиялық зерттеу университетінің 4-курс студенті Асқар Тілеужан. – Инженер-материалтанушы мамандығы бойынша диплом қорғаймыз. Бізге үміт артқан, сенім жүгін арқалатқан ауылдағы ата-анамызға, осы даңғыл жолды ашып берген облыс басшысына алғысымыз шексіз.
Асқардың болашаққа құрған жоспары білімін әрі қарай жалғастырумен ұштасып жатыр. Өз мамандығы бойынша магистратураға құжат тапсырып, бағын сынап көрмек.
Біздің тағы бір сұхбаттасымыз Ақниет Тобжан «Нанотехнологиялар және микрожүйелі техника» мамандығында оқиды.
– Мәскеуге келгелі бері қызылордалық студенттер сабақ барысындағы, үлкен қалаға бейімделгенге дейінгі кедергілерді бірге еңсерудеміз. Алғашқыда ауылдан ұзап шықпағандықтан, барлығымызға оңай болған жоқ. Мұндайда бауырмашылдығымызды танытып, бір-бірімізге қолдау көрсеттік. Қазір кіші курстағыларға ақылшы болып жүрміз, – деді Ақниет.
Ақниет Мәскеудегі қызылордалық студенттерді біріктіретін «Орда» ассоцияциясына басшылық жасайды. Сырбойылық жастардың екі мемлекет арасындағы байланысты нығайту жолындағы қоғамдық іс-шараларға араласуына, өзара ынтымақтастығына қызмет ететін ұйымның жұмысы біртіндеп жолға қойылып келеді.
Аймақ басшысының Мәскеуге сапары барысында М.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетімен меморандум жасалып, физика-математика және механика-математикалық мамандықтар бойынша магистратураға 20 грант бөлінетін болды.
Елбасының Сыр еліне сапары кезінде кездесуге Мәскеуден К.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің 3 курс студенті Наргиз Кашапова да келген еді. Талапты жас болашақта жерге орналастыру және кадастр маманы болмақ. Ол 12 жасынан бастап балалар үйінде тәрбиеленген. Қызылордада 2015 жылы балалар үйі жабылып, «Атамекен» балалар ауылына айналғанда 11-сыныпты аяқтап қалған еді. Сол жылы қаламызға келіп емтихан қабылдаған Ресей университеттерінің сынағына қатысып бағын сынап көрді. Барлық емтихандардан жақсы нәтиже көрсетіп, Санкт-Петербург, Мәскеу, Қазандағы жоғары оқу орындарының грантына ие болды. Әйткенмен, Наргиздің өз таңдауы Мәскеуге түсті.
Кездесуде Наргиз өзімен бірге оқитын жастардың сәлемін жеткізді. Елбасы тәуелсіз елдің болашағы – жастардың, жас мамандардың талабына, армандарына жету жолындағы ынта-жігерлеріне ризашылық білдіріп, Наргизге мейірімін төгіп, құшағына қысты.
Осыдан 5 жыл бұрын, яғни 2013 жылдан бастап аймақ басшысының бастамасымен тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылардың балаларына облыс әкімінің гранты тағайындалды. Бұл қадам табаны құмға, маңдайы күнге күйген ауыл балаларына қамқорлық жасау ниетінен туған еді. Ата-анасының іргедегі облыс орталығында оқытуға жағдайы келмесе де, білім алуға талабы бар баланың тауы шағылмауы керек. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік тұрғыдан халықтың осал топтарындағы көпбалалы отбасылардан шыққан студенттерге жылына бір рет оқу орнының білім беру қызметінің құны шегіндегі төлемдерді және тамақтану мен тұру шығындарын өтеуге көмек беру туралы шешім талай отбасына қуаныш сыйлады.
Қазір облыс әкімі грантының иегерлері еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын өңірге қажетті мамандықтар бойынша білім алуда.
Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктері жанынан құрылған студенттерді іріктеу жөніндегі арнайы комиссиялардың шешімдерімен 2013-2014 жылдар және 2016-2017 жылдар аралығында өңірге қажетті мамандықтар бойынша аз қамтылған отбасылардан барлығы 678 мектеп бітіруші түлек облыс әкімінің грант иегері атанды. Осылайша 2013 жылы – 123, 2014 жылы – 242 (234 бакалавр, 8 магистр), 2016 жылы – 147 (136 бакалавр, 11 резидент), 2017 жылы 166 (155 бакалавр, 11 резидент) облыс әкімінің гранты тағайындалды.
Өткен жылы облыс әкімінің гранты Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ауыл шаруашылығы, техникалық ғылымдар және технологиялар, әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес, қызмет көрсету, әскери іс және қауіпсіздік, білім беру, өнер, гуманитарлық ғылымдар, денсаулық сақтау мамандықтарына бөлінді. Сондай-ақ, Алматы энергетика және байланыс университетінің электроэнергетика мамандығына, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығына грант берілді.
Грант иегерлерінің бірі – Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің 4 курс студенті Ұлбосын Қазханова көп балалы отбасынан шыққан. Қазір топырақтану және агрохимия мамандығы бойынша мемлекеттік емтихан тапсыруға әзірленіп жүр.
– Көпбалалы отбасынан шыққан жеткіншектерді демеп, қолдау көрсетуді мақсат тұтқан бұл қамқорлықтың шарапатын өзім құралпылас талай қыз-жігіттер көріп отыр. Жоғары білім алуға ұмтылған талабымызды демеген облыс басшысына алғысымыз шексіз, – дейді ол.
Тағы бір сұхбаттасымыз Назерке Нұрғалиева – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 2-курс студенті. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы мамандығын игеріп жатыр. Мемлекеттік грантқа ілікпеген талапты қыз одан әрі ізденіп, осы жеңілдікті пайдалану үшін құжат тапсырған. Қазір өз тобының алдыңғы қатарлы студенті.
– Күзден бері қосымша ағылшын тілін үйрену курсын оқудамын. Бір жылда үйренген-түйгенімізді қорытындылап, көктемде емтихан тапсырамыз. Келесі оқу жылында тілдік курсты әрі қарай жалғастырамыз. Осылайша үш тілді меңгерген маман болып қалыптасамыз, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Облыс әкімінің грантын иеленген 116 студент оқуын бітіріп, дипломын алды. Қазір еліміздің білім беру мекемелерінде 553 студент оқып жатыр.
Жастарды жоғары және арнаулы білім алуға ынталандырған бағдарламаның бірі – «Серпін-2050». Бұл жоба 2014 жылдан бері жастардың кәсіптік және аумақтық мобильдігін арттыру үшін қолға алынды. Оңтүстік облыстардың түлектерін Солтүстік, Шығыс, Батыс Қазақстан өңірлеріндегі университеттер мен колледждерде білім алуына қолдау жасау мақсатында «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» әлеуметтік жобасы аясында жүзеге асуда.
Сол 2014 жылы еліміздің солтүстік өңірлеріндегі колледждерге – 1000, ал жоғары оқу орындарына 1050 орын мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінген болатын. Нәтижесінде техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарына облысымыздан 470 түлек, 7 жоғары оқу орнына 329 түлек оқуға қабылданды. Келесі, яғни 2015 жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша колледждерге 1200 орын, ал, жоғары оқу орындарына 5000 орын мемлекеттік тапсырыс бөлініп, колледждердің 731 орнын, жоғары оқу орындарының 1056 грантын облыс жастары жеңіп алды. Ал, 2016 жылы бағдарлама бойынша мемлекеттік тапсырыс көлемі колледждерге 1050 орын, университеттерге 3168 орын бөлініп, 634 талапкер ЖОО-на, 611 талапкер колледждерге оқуға қабылданды. Өткен 2017 жылы аталған бағдарлама бойынша жоғары оқу орындарына 3793 орын мемлекеттік тапсырыс бөлініп, оның 683-ін, ал, колледждерге бөлінген 720 орынның 408-ін біздің аймақтың мектеп бітірушілері иеленіп, аталған бағдарлама бойынша білім алуға қол жеткізді.
«Серпіннің» алғашқы түлектері де биыл қолдарына диплом алмақ. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Болат Нәби солтүстік аймақтардағы қазақ мектептерінде еңбек еткісі келеді. Бағдарламаның әу бастағы мақсаты да осы – халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды кадр жетіспеушілігін бастан кешіріп отырған Қазақстанның шығыс, солтүстік және орталық өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру.
«Серпін» бағдарламасы бойынша Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық колледжінде оқып жатқан Сәбит Тоқаев болашақта ветеринар болады.
– Білім алуымыз үшін барлық жағдай жасалған. Жатақханамыз тегін, стипендия төленеді. Ветеринарияның негіздерін үйреніп қалдық, – дейді ол. Бұл бағдарламаның тағы бір артықшылығы жастарды жұмыссыз, оқусыз қалудан құтқарды. Мемлекеттік грантқа балы жетпей, ақылы оқуға ақшасы жетпей тығырыққа тірелуден сақтады.
Қарлығаштары қанат қағуға дайындалып жатқан жоғарыда аталған бағдарламалардың нәтижесі – жоғары білім алған, ақылы толысқан, санасы қалыптасқан, жүздері жарқын жас ұрпақ. Олар сенім жүгін арқалауға, елдің өсіп-өркендеуіне қызмет етуге ынталы. Талаптары оң болсын!
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |