ҚР Парламенті депутаттары: Қызылорданың келешегі кемел

Газетімізде бұған дейін хабар­ла­ғанымыздай, ҚР Парламенті Мәжі­лісінің депутаттары жұмыс сапарымен облысымызда болды. Олар сапар кезінде қала мен аудандарды аралап, жұртшылықпен жүздесті, Елбасы тапсырмасына сай атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Бейсенбі күні «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов, Абай Тасболатов, Мұхтар Ерман, Абзал Ералиев, Геннадий Шиповских журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді.

Баспасөз мәслихатында аймақтың даму динамикасын сөз еткен ашық әңгіме өрбіді. Халық қалаулылары мен БАҚ өкілдері арасында риясыз сұхбат жүрді.

2017 жыл еліміз үшін де, аймағымыз үшін де өміршең өзгерістерге толы, берекелі де жемісті, жетістіктері мол мерейлі жыл болды. Аймағымызда құрылыс жұмыстарының да қарқын алғаны белгілі. Соңғы бес жылда облыста құрылыстың көлемі 3,5 есеге өссе, Қызылорда қаласында 8 есе артқан. Қызылорда қаласы бойынша 12 шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңнан астам жерлесіміз жаңа баспанаға ие болды. Облыстың өн бойынан Сырдария өзені өтеді. Аймақ аудандары темір жолдың бойында орналасқан. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық магистралінің 800 шақырымы осы өңірде орналасқан. Жалпы, өңір экономикасының дамуына индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы тың серпін берді. Бағдарлама аясында аймақта 20 жоба жүзеге асса, оның ішінде облыс елді мекендерін газдандыру жұмысы да бар екенін айта кеткен абзал. Үш тотықты молибден шығаратын кәсіпорынның өнімі Жапонияға экспортталады деп күтілуде. Осы жылдың шілде айында шыны зауытының алғашқы өнімін шығару көзделген. Сондай-ақ, биыл құрылыс саласында ғана емес, мұнай-газ және уран өндіруде кеңінен қолданылатын тампонажды цемент шығаратын зауытты да  іске қосу жоспарланған. Британдық инвесторлармен бірлесіп «Баласауысқандық» ванадий кен орнында қара тақта тасты автоклавта өңдейтін жоба жүзеге асырылуда. «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнында таукен байыту комбинаты мен газтурбиналық электрстанциясының құрылысы басталды.

Аграрлық саланы дамытуға да ерекше назар аударылған. Өткен жылы Сыр диқандары егін науқанын мол табыспен аяқтады. Қамбаға жарты миллион тоннадан астам күріш жиналды. Ауыл шаруашылығы саласын өркендету мақсатында өнімдерді экспортқа шығару да жолға қойылған. Сырдарияның сол жағалауы алып құрылыс алаңына айналды. Аймақта жастар мәселесіне кеңінен көңіл бөлінуде. Ресейде оқып жатқан Сыр перзенттерін айтпағанның өзінде, өткен жылғы түлектердің 97 пайызы жоғары және арнаулы орта оқу орындарына түскен. Мұның барлығы үлкен қолдаудың нәтижесі. Елбасы бастамаларын облыс басшылығының ұтымды жүзеге асыруының жемісі.

Депутаттар Сыр елін өркендету мақсатында атқарылып жатқан осындай жұмыстармен танысқандарын айтып, аймағымыздың өрлеу үстінде екенін жеткізді. Мәжіліс депутаты Б.Ізмұхамбетов «Аймақтың даму динамикасы жақсы. Әсіресе, білім, денсаулық салаларына ерекше көңіл бөлінген. Құрылыс жұмыстары да қарқын алған. Үдемелі индустриалды даму бағдарламасы бойынша да атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында да қолға алған бастамалар бар. Қызылорда қаласы да адам танымастай өзгерген. Бұрынғы Қызылорда мен қазіргі Қызылорданың арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Облыста аз қамтамасыз етілген отбасыларға арналған әлеуметтік дүкен жұмыс жасайды. Сапар барысында ол жерден халықтың зат алып жатқанын көрдік. Қызылорда облысы Елбасы тапсырмасына сай жұмыс жасауда. Мұндағы жетістіктерді теледидардан тамашалап, баспа беттерінен оқитын едік, енді, міне, өз көзімізбен көріп, риза болдық» деген пікірін білдірді. Сондай-ақ, халық қалаулылары А.Тасболатов, М.Ерман өз ойларын Жолдаумен өрбіте сабақтады. Жолдауда адами капиталға баса ден қойылған. Бұл ретте Сыр елінде бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мұның дәлелі ретінде Қазалыда ашылған аурухананы атап өтуге болады. Осы секілді емдеу мекемелерінің ғимараттары алдағы уақытта да салынады деп күтілуде. Кездесуде А.Ералиев пен Г.Шиповских Парламент қабырғасындағы жұмыстарын баяндады. Брифинг соңында халық қалаулылары журналистер қойған сұрақтарға жауап берді. Жиынды «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары И.Құттықожаев қорытындылап, баспасөз мәслихатына қатысушыларға табыс тіледі.

Әзиз БАТЫРБЕКОВ,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 қаңтар 2018 г. 1 009 0