Егемендіктің бедерінде екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған Илья Ильинді кім білмейді?! Айналасы аз ғана жылдың ішінде дарынды спортшының айналасында даңқ та, дақпырт та аз болған жоқ. Алайда осының бәріне қарамастан, Илья – халықтың сүйікті спортшыларының бірі.
Қысқасы, Қазақстан спортының шежіресінде аты шегенделген чемпионға қатысты мына бір сөйлейтін сурет бізді жыл басында «Бір суреттің сыры» айдарына жетелеп отыр. Спорттағы мансабын 13 жасында Семейде өткен ел чемпионатынан бастаған Илья 2005 жылы 17 жасында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы атанғанын айта кетсек несі айып?!
Дәл осы жылы 15 қарашада Қатардың Доха қаласында 2005 жылғы чемпионаттың таңдаулы зілтеміршісі атанды. 2006 жылы Қытайда жастар арасындағы әлем чемпиондығын жұлып алды. Осы жылы Санто-Домингода 94 келі салмақ санатында әлем чемпионы болды.
2006 жылдың желтоқсанында Қатардағы Азия ойындарында 94 келі салмақта 401 келі нәтижемен чемпион атанды. 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында жеңімпаз болды. 2010 жылы Қазақстанның және Азия ойындарының чемпионы. 2012 жылы Лондон Олимпиадасында әлемдік және олимпиадалық рекорд жасап, екінші рет Олимпиада чемпионы атанды.
– Ильия Ильин әр жарыстан келген сайын Қызылорда әуежайында күтіп алатын едік. Менің сонда байқағаным Ильяның анасы үнемі жылап тұрады. Илья зілтемірді көтерерде анасы екі көзін тарс жұмып алатынға ұқсайды. Баласының белі қайысқанын көргісі келмейді. Жұрт Илья зілтемірді көтерді деп қуанса, анасы Галина ұлының бір жерін мертіктірмей, аман келгенін көріп жылайды. Мына сурет соның бір айғағы іспетті – дейді жан тебірентерлік суреттің авторы Болат Омарәлиев.