Жолдаудағы 10 негізгі міндет - жетістікке жету жолындағы маңызды қадам

Елбасы Жолдауындағы 10 негізгі міндет Қазақстан дамуының жаңа бағытын көздейді. Бұл пікірді Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гаухар Алдамбергенова білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы жаңа әлемге һәм Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін нендей жұмыстар істелуі қажеттігін айқындау жолындағы маңызды әрі айтулы қадам. Елбасы жариялаған басымдықтар мен міндеттер Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және технологиялық тұрғыда жаңғыртудың логикалық жалғасы іспеттес. Еліміз егемендік жылдарында үнемі жаһандық жаңа үрдістерді қолдап келеді. Мақсат - айқын. Халықтың әл-ауқаты мен тұрмыстық әлеуетін арттыру», - деді ол.
Университет басшысының айтуынша, адами капиталдың сапасын арттыру - мемлекет дамуын қамтамасыз етудің негізгі алғышарты. Қоғамның зияткерлік әлеуетін ілгерілетуді жүзеге асыру педагог кадрларға тікелей байланысты. Осы орайда Елбасы Жолдаудың жетінші негізгі міндетінде білім беру жүйесінің барлық деңгейі заман шындығы мен экономика сұраныстарына жауап беруі тиіс екендігін және бұл арада мұғалім мамандығының беделін арттыру қажеттігін алға тартты.
«Бұл үшін не істеу керек? Біріншіден, отандық жоғары оқу орындары ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды ұстаз дайындауды одан әрмен жаңа деңгейге көтере түсу қажет. Себебі, жаңа мыңжылдықта өз кәсібінің қыр-сырын жете меңгерген мамандардың бәсі басым болмақ. Бұны уақыттың өзі айқындап отыр. Осынау ауқымды жауапкершілікті абыроймен атқару педагогтарға жүктелген мәртебелі міндет. Дамудың даңғыл жолына бағыт алған болашағы баянды елдің өрісі қашанда білікті де саналы ұрпағымен кеңеймек. Өскелең жасты еліміздің тұтқасы, қатарының көшбасшысы етіп тәрбиелеу - ғасырға жуық үздіксіз мұғалім мамандарын даярлап келе жатқан Қыздар университетінің басты бағдары, негізгі миссиясы. Екіншіден, Президент жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту тиістігі жайында, оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне күш салып, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тартуды айтты. Сонымен қатар, қазақстандық жоғары оқу орындары шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыру қажеттігін алға тартты. Біздің ойымызша, Елбасы жүктеген міндеттерді жоғары дәрежеде орындау үшін мұғалімнің мәртебесін көтере түскен абзал. Бұл осы аталған міндеттердің орнықты іске асуына ұйытқы болмақ. Сондай-ақ, педагогтардың кәсіби біліктілігін заманауи технологиялар арқылы көтеруге де басты назар аударған абзал», - деді Гаухар Алдамбергенова.
Оның пайымынша, білікті, білімді кадрлар даярлауда және технологиялық дамыған елдердегі ғылыми жұмыстар жүйесінде жоғары оқу орындарының үлкен маңызды рөл атқарады. Бұл тұрғыда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті ғылым мен білімді өзара үйлестіріп, ғылыми зерттеу жұмыстарын ғылым мен технологияның жаңа нысандарына бағыттап жүргізуді басты мақсат етіп келе жатыр. Білім мен ғылымды дамыту және қыздарға педагогикалық білім беру, белсенді азаматтық ұстанымы бар мамандар даярлау басты миссиясы болып табылатын оқу орнында өткізілетін халықаралық деңгейдегі ғылыми конференциялар, жүзеге асып жатқан түрлі жобалар саладағы мәселелерді шетелдік әріптестермен бірлесе шешіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
«Мемлекет басшысы ұсынған елімізді төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамытуға арналған 10 негізгі міндет Қазақстан дамуының жаңа бағытын көздейді. Бұл бүгінгідей алмағайып уақытта қоғамның мүддесі мен негізгі мақсатын ескеретін стратегиялық тұрғыдан маңызды құжат. Себебі, Жолдауда көрсетілген басымдықтар ел дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін ұзақ мерзімді даму стратегиясына сәйкес келеді. Сонымен қатар, Жолдау Қазақстанның әлемдегі технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістерге бейімделуіне сеп болады», - деп түйіндеді сөзін университет басшысы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 қаңтар 2018 г. 722 0