СЫРДАРИЯНЫҢ СЫРШЫЛ МІНЕЗ ҚАЛАМГЕРІ

Қазақстанның құрметті журналисі, облыстық телеарнада ұзақ жыл еңбек еткен белгілі қаламгер Несібелі Рахмет «Сырдария ауданының құрметті азаматы» атанды.

Несібелі Төлтайқызы Сырдария ауданы, Қараөзек елді мекенінде дүниеге келген. Балалық шағында Нағи Ілиясов ауылына отбасымен қоныс аударып, осы ауылдан түлеп ұшты. Жастайынан күрішшілер бригадасында, мал фермасында, тұқым қоймасында қарапайым жұмысшы болып еңбек етті. Күйбең тірлік ортасында жүрген ауыл қызы қолға қалам алып, өрнекті ойын ақ параққа түсіріп, шығармашылыққа жақын болып өсті. Талантты қаламгер өз туындыларында қаймағы бұзылмаған қазақылықты, ауыл тұрмысын арқау етіп, новелла жанрының хас шебері атанды. Бүгінде Несібелі Рахмет – Нағидан шыққан тұңғыш кәсіпқой журналист.

Ол 1981 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген соң ақпарат саласындағы еңбек жолын облыстық радиода бастады. Бертін келе аудандық «Сырдария», облыстық «Сыр бойы» газеттерінде сан түрлі тақырыпта қалам тербеп, оқырманның оң бағасына ие болды.

1994 жылдан бастап «Қызылорда» телеарнасында редактор, аға редактор, бас редактордың орынбасары, «Жаңалықтар қызметінің» шеф редакторы қызметтерін абыройлы атқарды. Талантты журналист Несібелі Төлтайқызы телеарнада қызмет еткен 20 жылдан астам уақытта бірнеше буын жастардың өз ісінің нағыз маманы, білікті журналист болып қалыптасуына атсалысты.

Бүгінде қаламгер құрметті еңбек демалысында. Журналистикамен қатар жазушылық қарым-қабілетін де таныта білген Несібелі Төлтайқызы осы кезге дейін бірнеше кітаптың авторы атанды. Оның «Бір нәзік сезім», «Мен табынған құдірет, «Исламбек», «Құмырсқа тірлік», «Сырдария кітапханасы» сериясымен шыққан «Жиденің гүлі» және «Тұнжыр» кітаптары – оқырманнан лайықты бағасын алған туындылар.

Міне, жаңа жылда туған өлкесі талантты перзентіне тамаша тарту жасап, «Сырдария ауданының құрметті азаматы» атағын берді.

– Шығармашылығымның басым көпшілігі ауылдың ақкөңіл, ақпейіл, аңғал азаматтарына, жалпы ауылдың тыныс-тіршілігіне арналған. Елдің, халықтың тыныс-тіршілігінен, халықтың өмірінен, жалпы ауыл өмірінен көп жазамыз. Руханият, ақпарат саласындағы азды-көпті еңбегімді ескеріп, «Сырдария ауданының құрметті азаматы» атағына лайық көргені үшін рахмет айтамын, – дейді жазушы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 қаңтар 2018 г. 545 0