Жаңа ғасыр және сандық технология

Ақпараттық технологиялардың қарыштап дамып бара жатқан дәуірінде белгілі бір қызмет алу үшін кезекке тұру, оны күту, құжат жинау сияқты жұмыстардың басы артық болып есептеледі. 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету арқылы дамыған елдер экономикаларының құрылымы өзгеріп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа үстеді. Елімізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру басталғалы бері өркениетті елдердің  тәжірибесі өмірімізге батыл енгізіліп келеді. Өйткені, ХХІ ғасырдың мұнайы мен газы – сандық технология. Елбасының биылғы дәстүрлі Жолдауының 10 бағытының 7-і осы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасымен байланысты болып отыр.                         

 

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте өнеркәсіптің дамуын және халықтың әл-ауқатын жылдан-жылға жақсартуды мақсат еткен бағдарламаның аймақта іске асуы талқыланды. Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары И.Ақжігітова  «Smart City» тұжырымдамасы туралы хабарлама жасады. 

Smart City, яғни ақылды  қала – бұл халықтың  қолайлы өмір сүру жағдайларын жақсарту үшін қалалық ресурстар мен  қызметтерді басқару  тиімділігін арттыру стратегиясы. Аталған тұжырымдама –  мемлекеттік бағдарламаның мақсаттық көрсеткіштерінің  бірі. Қазақстан өңірлерінде тұжырымдаманы  жүзеге асыру тәсілін  бірік­тіруге, сондай-ақ, ең үздік салалық шешімдерді пайдалану және  тираждау тәжірибесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қазір әлеуметтік салаларды айтпағанның өзінде, ауыл шаруа­шылығы, көлік логистика, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық салаларында онлайн сервистердің болуын уақыт талап етіп отыр.

Біздің аймақ «Ақылды басқару» бойынша медициналық көмек алу, білім алу, инклюзивті қоғамда өмір сүру, коммуналдық қызмет көрсету, қала бойынша қозғалыс жасау, төтенше жағдайларда әрекет ету, бизнесті дамыту, ғимараттарды салу, таза қалада өмір сүру, ауыл шаруашылығын жүргізу, қаланы басқару сияқты   11 бағытпен жұмыс істейді.  Бұл ретте Канаданың Торонто қаласының  қауіпсіздік сақтау, Мәскеу қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, Испанияның  Барселона қаласының  көлік инфрақұрылымы, АҚШ-тың  Нью-Йорк қаласының қалдықтарды жою, Сингапурдың әлеуметтік қызметтерді  көрсету, АҚШ-тың Стэнфорд қаласының дистанциондық білім беру, Ұлыбританияның  Лидс қаласының медициналық көмек көрсету тәжірибелері негізге алынған.

Хабарламашы аймақтың бағыттар бойынша жай-күйіне жасалған талдауды ұсына отырып, көлік, төтенше жағдай, экология салаларының әлі де «өлі нүктеден» қозғалмағанын,   басқа салаларда ілгерілеу байқалатынын айтты.

Мәжілісте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Б.Бердәулетов қазір қолданыстағы НОБД, Күнделік, Колледж, және BilimLand бағыттарының қағазбастылықтан арылтатынын, оқушының білім деңгейін ата-ананың да бақылауына жол ашылғанын атап өтті. Бүгінде 11 мыңнан астам қызметкер, 95 мыңнан астам оқушы және 61 мыңнан астам ата-ана ақпараттық жүйеге тіркелген. Түйінді мәселелер де жоқ емес. Компьютерлік базаның ескіруі, интернет нүктелері таралымының аздығы  жұмысқа кедергі келтіріп отыр. Аймақ басшысы бұл мәселелерді тез арада шешу туралы тапсырма берді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Әлназарова ақпараттық технологияларды енгізу арқылы пациенттің қайта келуін қысқарту, денсаулығын үнемі бақылауда ұстау, қашықтықтан кеңес беру, қағазбастылықтан арылу сияқты артықшылықтарға қол жеткізу мүмкіндігін атап айтты. Қазір электронды денсаулық паспорты мен дәрігердің жеке кабинеті бағыттары бойынша жұмыс аяқталды. Енді алда бұл қызметтерді жұртшылық қолдануы үшін оларға түсіндірме жұмыстарын жүргізу міндеті тұр.  Қазір медицина мекемелерінде компьютерлік техникамен қамтамасыз етуге жете мән берілуде.

Мәжілісте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қ.Құдабекова жаңа технологияның коммуналдық қызметтерге шығынды азайтуға, электр қуатын үнемдеуге тигізетін оң әсері туралы айтты. Осы саланы сандық технологияға көшіру, әсіресе электр қуатын, су ұрлау оқиғаларына, коммуналдық қарыздардың жылдан жылға қордалануына тұсау болады.

Тұрақты экономикалық өсуге, экономиканың және ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, халықтың өмір сапасын жақсартуға қол жеткізу үшін цифрлық жүйені жеделдете дамыту талабы барлық саланың міндетіне айналмақ.  Өйткені, цифрлық революция біздің көз алдымызда жүріп жатыр. Цифрландыру –  азаматтардың өз мемлекетімен диалогы қарапайым әрі ашық болатын жаңа қоғамды құру. Бұл ретте жасалып жатқан әрбір жұмысты, енгізіліп жатқан әрбір жаңалықты жатсынбай қабылдаудың маңызы зор.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 қаңтар 2018 г. 1 012 0