Ғылым мен инновациясы озық мемлекет дамиды

Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында ғылым мен инновацияға ерекше көңіл бөледі. Өйткені ғылым жаңалығын өндіріске енгіз­ген жағдайда ғана кез келген мемлекет қарыштап алға қадам басады.

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын бұрын да белгіленген реформалардың, атап айтқанда, «Ұлт Жоспары: 100 нақты қадам», «Цифрлы Қазақстан» бағдарламаларының заңды жалғасы деп есептеймін. Оның мазмұны бүгінде бүкіл әлемнің технологияны дамытуға көшкенін, яғни дүние жүзінде технологиялық төңкеріс болып жатқанын көрсетеді. Осы орайда Президент технологиялық және экономикалық тұрғыда артта қалмау үшін жүзеге асырылуы тиіс нақты міндеттерді ұсынды. Жаңа технологиялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикалық құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа бергенін көріп-біліп жүрміз. Сондықтан, цифрлық технологияны қолдану аясын арттырып, жаңа жобаларды өркендету – маңызды әрі кешенді міндет.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Қызылорда қаласында салынып жатқан шыны зауыты толық іске қосылған кезде соңғы технологиялармен жабдықталған әлемдегі үшінші зауыт болмақ. Әзірге мұндай зауыт тек Жапония мен Қытайда бар. Кәсіпорын құрылысын Қытай еліндегі шыны өндірісінің көшін бастап тұрған «China Triumph International» компаниясы жүргізіп жатыр. Отандық мамандар осылайша, бір жағынан, шыны индустриясы озық елдегі әріптестерінен біраз дүниені үйрене алады. Ал алдағы уақытта жергілікті мамандарды тәжірибе алмасу мақсатында шет елдерде оқытуды жоспарлап отырмыз.

Шыны зауыты жұмысын бастағаннан кейін мұнда «Apple», «LG», «Nokia» сынды ірі компаниялардың өнімдері – планшет, смартфон және өзге де гаджеттерге арналған ультражіңішке шынылар өндіріледі. Одан бөлек, микроскоп, дүрбілерге де арнап өнімдер шығару қабілетіне ие. Зауыт жұмысын жолға қойып, аяққа тұрғаннан соң ғарышқа ұшырылып жатқан зымырандарға қолданылатын әйнектер жасау да ойда бар. Оның технологиясы мүлдем басқа. Дегенмен, бұл да қолдан келуі тиіс.

Жалпы, қазіргі қолданыстағы жаңа технология атаулы – адам қиялының іс жүзіндегі көріністері. Цифрлық жүйеге көшу арқылы еңбек өнімділігін арттыруға, адам өмірінің қауіпсіздігін күшейтуге, ең бастысы, уақыт үнемдеуге болады. Ақпараттық технология дамыған және адамзаттың күнделікті тұтыну қажеттіліктері артқан заманда жаңа жүйеге өту – уақыт талабы.

Ержан САҒЫМБАЕВ, 

«Orda Glass» ЖШС басқарма төрағасы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 қаңтар 2018 г. 469 0