САРЫАРҚА КЕЛБЕТІНДЕГІ КӨРКЕМДІК

Арқаға ағып түскен темірқазық секілді жұлдызды шаһар Астананың бой көтергеніне биыл 20 жыл толып отыр. Уақыт деген ұлы өлшемнің қасында қас-қағым сәт саналатын осынау аз ғана жылдың ішінде бейбітшілік бесігіне айналған елордамыздың аты алты құрлыққа танылды.
Тәуелсіздік жылнамасына көз салсақ, жадымызға сонау 1997 жылдың 20 қазанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ақмола қаласының қазақ елі астанасы болғанын еске түсіреміз.
1998 жылдың 10 маусымында жаңа астананың халықаралық тұсаукесері өтті.
Алайда Астана мерекесі 10 маусымда емес, 6 шілдеде аталып өтіледі. Мұның себебі елорданы ауыстыру туралы маңызды шешімнің осыдан тура 20 жыл бұрын, дәл 6 шілде күні қабылданғанын біле жүргеніміз абзал.
1994 жылдың 6 шілдесі күні Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесінің жалпы отырысына қатысқан Нұрсұлтан Назарбаев депутаттарға қазақ елінің астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы идеясын ұсынып, депутаттардың алдында оның тарихи маңызын дәлелдеп шықты. Бұл жайында Елбасы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында: «1994 жылдың 6 маусымында Парламент Мәжiлiсiнде мен астананы көшiру туралы идеяны жария еттiм. Сол кезде жұрттың бәрi менi қолдаған жоқ. Көп адамдар мұны ақылға сыймайтын әрекет деп есептедi. Өйткенi, елдiң жағдайы ауыр болатын. Жалақы, зейнетақылар уақытында төленбей жатты. Ал ендi бiреулер астананы көшiру идеясын қолдағанның өзiнде бұл шешiм 2030 жылсыз жүзеге аспайды деген ойда болды. Дегенмен, осыдан үш жыл өткенде депутаттардың өзi пойызбен жаңа астанаға көшiп келдi. Ендi шешiмнiң дұрыс болғандығына ешкiм де күмән келтiрiп, дауласпайды», – деп жазады.
Шындығында, Елбасы жаңа астананы таңдауда – әлеуметтік-экономи-калық көрсеткіштер, климат, ландшафт, сейсмологиялық жағдай, қоршаған орта, инженерлік және көліктік инфрақұрылым мен оның болашағы, комму-никациялар, құрылыс кешені, еңбек ресурстарының болуы сияқты аса маңызды басымдықтарды өлшемге алды. Сол өлшемдердің негізінде тәуелсіз -Қазақстанның әкімшілік және саяси орталығын Ақмола қаласына орналастыру нұсқасы мейлінше оңтайлы болып шыққан еді.
Бүгінде бұл шешiмнiң дұрыс болғандығына Елбасының өзі айтқандай, ешкiм де күмән келтiрiп, дауласпайды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанды геосаяси жоспар тұрғы-сынан нығайту қажеттілігі алдыңғы орынның бірінде тұрды.
Астана Еуропа мен Азияның шектескен тұсында, яғни Еуразия құрлығының қақ ортасында, мұхиттардан бiрдей қашықтықта орналасқан. Еуропалық және азиялық дәстүрлердi өнбойына тоғыстырған бұл қала батыс пен шығысқа да, оңтүстiк пен солтүстiкке де ашық бола алады. Бұл шешiмде қауiпсiздiк мәселесi де елеулi рөл атқарды. Тәуелсiз елдiң астанасы сыртқы шекаралардан мейлiнше қашық және елдiң орталығында болғаны тиімді. Ел -астанасын өзгерту Қазақстан экономикасын сауықтыру үшiн де қажет болды. -Сонымен бірге, астананы құрамы жағынан көпұлтты өңiрге көшiре отырып, тұрақты саяси-этностық мемлекет құру, Қазақстанды мекендеген этностар арасындағы достықты сақтау мен байыту, дiндер мен конфессиялардың қақты-ғыссыз тату өмiр сүруiн қамтамасыз ету мақсаты – осының бәрі Елбасының аталған еңбегінде айқын көрініс тапқан.

* * *

1998 жылы Сыр елінің өнерпаздарымен бірге маған да Астананың тұсау кесу рәсіміне арналған салтанатқа қатысу бақыты бұйырды.
…Көше мен алаңдар көк туға көмкеріліп, асқақ триумфтар алдымыздан шығып қарсы алғандай ерекше күй кештік. Екі өкпем қолымда, екі көзім жолымда емес. Аспаннан төгілген шашуларға шалқалап жүріп, қасымдағылардан адасып қалдым да, осы қаланың адамы-ау деп бір кісіден өзіміз тоқтаған жердің мекенжайын сұрадым. Сөйтсем, ол шетелден келген қонақ болып шықты. «Астана, Астана…» деп әлденелерді айтып жатты, жүзінде жатырқау жоқ. Менен жөн сұрайтын адамнан мен жөн сұраппын-ау деп ыңғайсызданып қалдым. Байқағаным, Астана сөзі қай тілде болса да анық, айқын естілетіндігі. Сонда жүрегімді бір ғажап қуаныш сезімі биледі.
Біз тәуелсіз елміз, менің өз астанам бар! Оның атын барлық ұлт анық айта алады, Астана!
Осы оймен тербетіліп ауылға жеттім де сол әсерімді өлеңге айналдырдым. Оған «Нұр Астана» деп ат қойдым.
Жанымды тербетуге,
Жаралған жер бетінде.
Ғажайып бір мекен бар,
Сарыарқа келбетінде...
Бұл сөзге композитор Алтын Бикенова ән жазып, кейін оны жас талант Сәния Ғаниқызы орындап, талай ән байқауларынан жүлделі орын алды.
Астана – мәңгілік қазақ елінің алтын тәжді ақ ордасы. Ол – қазақтың дүние алдындағы зор беделі мен бейбітшіл бейнесінің биік нышаны.
Әрбір қазақстандықтың кеудесін жоғары ұстататын бұл мадақ ешқашан аласармайды!

Д.АЯШҰЛЫ.
«Сыр бойы».
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 қаңтар 2018 г. 617 0