ДАРИЯ БОЙЫНДА ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТЫ

Сейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен су тасқыны жағдайының алдын алу шараларына байланысты брифингте облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Серік Сермағанбетов, қала әкімінің орынбасары Асылбек Шәменов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Омар Бержанов, «Қазсушар» кәсіпорнының Қызылорда филиалы басшысының орынбасары Жорабек Ерназаров және “Қазсушар” өндірістік учаскесінің басшысы Жорабек Нұрымбетов қатысып хабарлама жасады.
– Жалпы, облыс аумағына жоғарыдан секундына 640 текше метр су түсуде. «Қызылорда» су торабына дейін каналдар арқылы барлығы 110 текше метр су алынса, төменге секундына 530 текше метр су өтуде. Бүгінде Арал, Қазалы, Жалағаш, Сырдария аудандарында мұз толықтай ұстасса, Шиелі, Жаңақорған аудандарында өзен беті таза, – деді басқарма басшысы С.Сермағанбетов.
Қала әкімінің орынбасары Асылбек Шәменов бұл тұрғыда қалаға қарасты қауіпті аймақтарда кезекшілік жұмыстары жасалып, бақылау жүргізіліп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, мал шаруашылығымен айналысатын кейбір шаруа қожалықтар орналасқан аумақтарға су жайылуына байланысты малмен бірге қауіпсіз аймаққа көшірілгенін, оған қоса «Арай» шағын ауданында жерас-ты ыза суының көтерілуіне орай, жеке тұрғын үйлерге де көмек көрсетіліп жатқандығын айтты.
Осы орайда «Қазсушар» өндірістік учаскесінің басшысы Жорабек Нұрымбетов: – Ауа райының құбылуы мұздың кептелу үдерісін туғызуда. Бұл дариядан қауіп төніп тұр деген сөз емес. Дегенмен, осыған орай «Арай» шағын ауданы мен «Ягодка» саяжайы аралығында жерасты суының көтерілуі орын алуда. Бұл – табиғи үдеріс, – деді.
Айта кету керек, мұз кептелісі салдарынан өткен жылдың аяғында әуежай аумағында қатар орналасқан «Аэропорт», «ПМК-29», «ПМК-112» саяжайларының тұсында өзеннің ескі арнасы толып, ішкі каналға көп мөлшер-дегі судың түсуінен ол саяжайлар мен 5 тұрғын жайдың ауласына жайылды. Бүгінде олар қалыпқа келтіріліп, каналдың жалпы ұзындығы 100 метрдей жағалауы топырақпен бөгелді.
Қазіргі уақытта су тасқынына қарсы жұмыстарға пайдаланылатын материалдық-техникалық қорлар толық жасақталған. Мұз жару жұмыстарын жүргізу үшін арнайы мамандандырылған мекемемен келісім де алдын ала жасалып, қала мен аудандарда дайындық жұмыстарын пысықтау мақсатында арнайы жаттығу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, мамандар сөзінен түйгеніміз, өзен арнасындағы су жағдайы қалыпты. Барлық нысандар бақылауда.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
«Сыр бойы».
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 қаңтар 2018 г. 555 0