«ОРДА» ЖОЛ КАРТАСЫ БАСПАНАҒА ҚОЛЖЕТІМДІЛІКТІ АРТТЫРАДЫ

Баспана мәселесі қай кезеңде де, қай қоғамда да маңызды. Бұл ретте Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жер» бағдарламасының игілігі зор. Біздің облыстың өзінде өткен жылы 612 мың шаршы метрден артық баспана берілсе, бұл 2013 жылмен салыстырғанда 2 есеге артық. 
Соның нәтижесінде, Қызылорда қаласында апатты жағдайдағы үйлердің мәселесі толығымен шешілді. Алайда, облыс бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу үшін кезекте тұрғандардың саны әлі де азаймай отыр. 26 мыңнан асады. Міне, осы баспана кезегінде тұрғандардың сұранысын жеделдетіп шешуде облыс басшылығының тапсырмасына сәйкес, «Қызылорда облысының халқын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бойынша 2018-2020 жылдарға арналған «Орда» Жол картасы бағдарламасы әзірленді. Ол туралы жаңа жыл қарсаңында өткен облыстық мәслихаттың кезекті 17-сессиясында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мәлімдеген болатын.
Осы орайда, облыстық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Нұрмағанбетовпен жолығып, жаңа бағдарлама туралы толыққанды түсінік беруін сұраған болатынбыз.
– Арнұр Әлібекұлы, «Орда» жол картасының мақсатын түсіндіріп өтсеңіз?
– «Орда» тұрғын үй құрылысы Жол картасының негізгі мақсаты – тұрғындарды барынша қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету болып табы-лады. Жол картасы бойынша қатысушыларға тұрғын үйлер кейіннен сатып алу құқығымен жалға беріледі. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» алғашқы жарнасын бірден жинап беруге мүмкіндігі келе қоймайтын тұрғындар, жаңа үйге қоныстанып алғаннан кейінгі кезеңде банк шартын орындай беруге мүмкіндік алады. Оны жүзеге асыруға жыл сайын қайтарымды негізде өткізілмеген несиелік тұрғын үйлерді сатып алуға немесе тұрғын үй салуға 9 жыл мерзімге облыстық бюджеттен 2 млрд теңгеден кем емес қаржы қарастырылатын болады және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» механизмін қолдану арқылы іске асыру жоспарлануда.
– Оған кімдер қатыса алады?
– Жол картасы бойынша тұрғын үйлерді өткізуге қатысушыларды екі топқа бөліп отырмыз. І-топ қатысушыларына – жергілікті атқарушы органдарда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар, атап айтқанда, көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедек бала асырап отырған отбасылар, жетім балалар және асыраушысынан айырылған балалар, 1-2 топ мүгедектері, оралмандар, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік мекеме қызметкерлері кіреді. Ал ІІ топ қатысушылары – ерлі-зайыптылардың екеуінің де жасы 35-ке толмаған, 2 жылдан кем емес некеде тұрған отбасылардан, балалары бар отбасылар, сондай-ақ, жасы 35-ке толмаған, оның ішінде ажырасқан, жесір, тұл қалған ата-ананың біреуі ғана тәрбиелеп отырған толық емес отбасылардан тұрады. Жол картасына қатысушылар «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ жариялаған пулдарына өтінім беру арқылы қатысады.
– Бастапқы үй алу үшін үміткерлерге қандай шарттар қойылады?
– Біріншіден, үміткердің Қазақстан Республикасы азаматтығының немесе оралман мәртебесі болуы шарт. Екіншіден, тұрғын үй алушының сол үй орналасқан елді мекенде тұрақты тіркеуде болуы тиіс. Келесі кезекте «Орда» Жол картасына қатысушының және бірге тұратын отбасы мүшелерінің, сонымен қатар отбасы құрамына қосылған және өтініште көрсетілген басқа да отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасы аумағында сатып алу құқығымен жалдамалы үйінің немесе меншігіндегі үйінің болмауы қажет. Ең соңғысы міндеттемелерді орындау мүмкіндіктерін тиісті табыстарымен растауы.
– Жол картасы бойынша тұрғын үйлерді өткізу механизміне тоқталып өтсеңіз...
– Жол картасына қатысушылар «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ жариялаған пулдарға қатысу үшін өтінім береді. Ұсынылған өтінімдер бойынша «ҚТҚЖБ» АҚ қатысушыларға іріктеу рәсімін жүргізеді. Содан кейін іріктеуден өткен қатысушылардың тізімін қалыптастырып, қала немесе аудан әкімдіктеріне ұсынады. Қала немесе аудан әкімдіктері іріктеуден өткен қатысушылармен 8 жыл мерзімге тұрғын үйді жалға алуға шарт жасасады. Бұл кезеңде қатысушы тұрғын үй жинақ жүйесінде тұрғын үй құнынан 50 пайыз алғашқы жарнаны жинақтайды. Алғашқы жарнаны жинаған жалға алушылар тұрғын үйді сатып алу мақсатында 11 жыл мерзімге банктік несиелер алу үшін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ға өтініш беріп, қала немесе аудан әкімдіктерімен тұрғын үйді сатып алу шартын жасасады. Өткізілген тұрғын үйлерден түскен қаржыны аталған банк қала немесе аудан әкімдіктеріне аударады. Әкімдіктер өз кезегінде тиісті қаржыны бюджеттік кредитті өтеуі үшін облыстық бюджетке қайтарады.
Міне, осылайша баспанаға мұқтаж жандар жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы көмегімен үйге қол жеткізеді, сонан кейін ол қаржы жоғарыда келтірілген механизмдердің арқасында мемлекет қоржынына қайта оралады.

Сұхбаттасқан Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
«Сыр бойы».
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 қаңтар 2018 г. 960 0